Ресми

Теңге ұлттық валюта ретінде Конституцияда бекітілді

1 шілдеден бастап күшіне енген Қазақстанның жаңа Конституциясында теңгенің республиканың дербес ұлттық валютасы ретіндегі мәртебесі алғаш рет конституциялық деңгейде бекітілді.

Бүгіннен бастап Қазақстанда республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституция күшіне енді. Жаңа Ата заңға сәйкес, теңге Қазақстан Республикасының дербес ұлттық валютасы болып танылып, оны айналымға шығару құқығы тек Қазақстан Республикасына тиесілі екені конституциялық деңгейде бекітілді.

Жаңа норма ұлттық валютаның құқықтық мәртебесін айқындап, теңгенің төлем және жинақтау құралы ретіндегі рөлін күшейтеді. Сонымен қатар, ұлттық валютаны эмиссиялау құқығының тек мемлекетке тиесілі екеніне кепілдік береді және елдің экономикалық тәуелсіздігін нығайтудағы теңгенің маңызын айқындайды.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің мәліметінше, бұл өзгерістің стратегиялық әрі институционалдық мәні зор. Ұлттық валютаның конституциялық мәртебеге ие болуы ұзақмерзімді ақша-кредит саясатын жүргізудің құқықтық негізін күшейтіп, қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Сондай-ақ бұл шешім азаматтардың, бизнестің және халықаралық серіктестердің ұлттық ақша жүйесіне деген сенімін арттырып, елдің орнықты экономикалық дамуы мен макроэкономикалық тұрақтылығына берік негіз қалайды.

Ұлттық Банк жаңа конституциялық нормаларға сәйкес инфляцияны тежеуге, баға тұрақтылығын сақтауға және Қазақстанның қаржы жүйесінің орнықтылығын нығайтуға бағытталған жүйелі саясатын жалғастыратынын мәлімдеді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button