Қазақстанда әскерге шақыру процесі толық цифрландырылмақ
Қазақстанда әскерге шақыру және әскери есепке алу жүйесі толықтай цифрлық форматқа көшіріледі. Тиісті өзгерістер Үкіметтің 2026 жылғы 22 маусымдағы қаулысымен бекітілді.

Жаңа тәртіптің басты мақсаты – әскерге шақыру үдерісін автоматтандыру, құжат айналымын жеңілдету және мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін өзара интеграциялау.
Осыған байланысты Қорғаныс министрлігінде азаматтардың әскери есебін жүргізуге арналған бірыңғай цифрлық жүйе іске қосылады. Жүйе деректерді сақтау, өңдеу және мемлекеттік ақпараттық ресурстармен өзара байланыс орнату қызметін атқарады.
Әскерге шақыруды ұйымдастыратын органдар қажетті мәліметтерді мемлекеттік дерекқорлардан электронды түрде алады. Егер ақпараттық жүйелер арасында техникалық байланыс болмаса, қажетті ақпарат тиісті мемлекеттік органдардан үш жұмыс күні ішінде сұратылады.
Сонымен қатар әскери қызметке шақырылатын азаматтарды іріктеу тәртібі де жаңартылды. Іріктеу жұмыстарына Қарулы күштермен қатар арнайы және өзге де әскери құрылымдар қатыса алады. Бұл ретте Мемлекеттік күзет қызметі мен Шекара қызметіне үміткерлерді іріктеу басымдықпен жүргізілсе, Ұлттық ұланға қабылдау кейінгі кезеңде жүзеге асырылады.
2026 жылғы 12 шілдеден бастап шақыру комиссияларының шешімдері электронды хаттама түрінде рәсімделеді. Барлық құжаттар цифрлық жүйеге енгізіліп, электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылады. Техникалық ақаулар туындаған жағдайда құжаттар уақытша қағаз форматында рәсімделіп, кейін жүйеге жүктеледі.
Жаңа жүйе аясында азаматтардың медициналық тексеру қорытындылары, жеке деректері, соттылығы туралы мәліметтері және басқа да қажетті құжаттары электронды базаға енгізіледі. Шақырылушылар жеке деректерін өңдеуге келісім беріп, бұл ақпарат олардың цифрлық картасында тіркеледі.
Әскерге шақыру және әскери жиындарға жіберу туралы бұйрықтар да электронды форматта шығарылатын болады. Қажет болған жағдайда уақытша қағаз нұсқасы қолданылып, кейін цифрлық жүйеге енгізіледі.
Сондай-ақ әскери жиындарды ұйымдастыруға қатысты барлық есепке алу, құжаттандыру және шешім қабылдау процестері де толықтай цифрлық форматқа көшіріледі.
Аталған өзгерістер 2026 жылғы 4 шілдеден бастап күшіне енеді.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



