Өнеркәсіп өрісі кеңейеді
Бұқар жырау ауданы облысымызда дамыған ауыл шаруашылығы ғана емес, өнеркәсібі де өркендеп келе жатқан өңірлердің бірінен саналады.
– Біздің аймақ экономикасының тұрақты өсімін қамтамасыз ететін негізгі саланың бірі – өнеркәсіп, – дейді осы орайда Бұқар жырау ауданының әкімі Ерлан Құсайын, – Бүгінде аудан аумағында 45 өнеркәсіп кәсіпорны жұмыс істейді. Соның ішінде «Сәт Көмір», «Кузнецк разрезі», «Қушоқы» сияқты 3 көмір разрезі болса, «Қазақмыс» корпорациясына қарасты «Нұрқазған» және «Қажықонған» кеніштері бар. Ал, өңдеу өнеркәсібі саласында 3 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Аудан әкімінің айтуынша, биылғы өткен төрт айдың қорытындысы бойынша мұнда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 40,7 миллиард теңгені (2025 жылы – 29,4 миллиард теңге) құраған. Айғақты индекс көлемі – 101,6 пайыз.
Жекелей алғанда, тау-кен өнеркәсібінің өнім көлемі 12,6 миллиард теңге болып, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 31 пайыз (2025 жылы – 9,6 миллиард теңге) өсіпті.
Ал, өңдеу өнеркәсібінде өндірілген өнім көлемі 27,3 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті мезгіліне қарағанда (2025 жылы – 20,8 миллиард теңге) 31,3 пайыз артқан.
Қазірде Бұқар жырау ауданындағы өнеркәсіп өндірісінің негізгі қозғаушы күші «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы болып отыр. Мұнда өңдеу өнеркәсібінің түрлі салалары бойынша ауқымды инвестициялық жобалар жүзеге асып келеді. Яғни, былтыр аталған экономикалық аймақта жалпы құны 83 миллиард теңгені құрайтын 3 инвестициялық жоба орындалып, пайдалануға берілген көрінеді.
Соның бірі кешенді балқымалар өндіру жөніндегі «Қарағанды пауэр силикон» ЖШС заводы (1145 жұмыс орнын құратын бұл жобаның құны 62,8 миллиард теңге де, (1-кезекте 1 іске қосу кешені, 4 пеші – 497 жұмыс орны. Іске қосылған уақыты – 2025 жылдың бірінші жартысы). 1 пеш іске қосылып, 50 жұмыс орны құрылса, қалған 3 пешті іске қосу 2026 жылдың бірінші тоқсанына жоспарланған.
Келесі химиялық өнеркәсіп өнімдерін, жарғыш және пиротехникалық заттарды шығаратын «Пауэр бласт» ЖШС (31 жұмыс орнын құратын бұл жобаның құны – 1,6 миллиард теңге. Іске қосу мерзімі – 2025 жылдың екінші жартысы).
Соңғы алюминий радиаторлар шығаратын «Silumin Qazagstan» ЖШС (180 жұмыс орны ашылатын осы жобаның құны – 18,6 миллиард теңге. Іске қосу мерзімі – 2025 жылдың желтоқсаны). Мұнда құрылыс жұмыстары аяқталып, өндірісін бастау 2026 жылдың екінші жартыжылдығына жоспарланған.
– Биыл тағы да 3 жаңа инвестициялық жобаны іске асыруды жоспарлап отырмыз, – дейді аудан әкімі Ерлан Құсайын.
Мұның бірі жоба құны 2,4 миллиард теңге болып табылатын «Arcus ИНВЕСТ» ЖШС теміржол бұйымдарын шығаратын зауытта 36 жұмыс орны құрылмақ.
Ендігі жоба құны 7,6 миллиард теңгеге тең «Жана «LAB» ЖШС өнеркәсіп лабораториясы 153 адамды жұмысқа қабылдайды.
Келесі жобалық құны 62,796 миллиард теңге болатын «Qaragandy Power Silicon» ЖШС 2 кезеңінің кремний балқымаларын (ферросилиций) шығаратын зауытта да 497 жаңа жұмыс орны ашылады.
Енді 2026 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша Бұқар жырау ауданы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 62,2 миллиард теңгені құрап, айғақты көлем индексі 101 пайыз (2025 жылы – 59,5 миллиард теңге) болады деп күтілуде. Жалпы биылға белгіленген өнеркәсіп өнімдерін өндіру жоспары 199,9 миллиард теңге болса, бұқаржыраулықтардың оны да орындайтынына сенім мол.
Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Бұқар жырау ауданы



