Қырағы көз, батыл жүрек
Абай ауданында қазірде көші-қон мәселесі ретке келген. Бұл мәселемен Топар полиция бөлімінің көші-қон қызметі тобы айналысып, Топар секторының қызмет аймағына ауданның 30 мыңнан аса халық тұратын барлық ауылдық және кенттік округтері кіреді.

– Аталған сектордың көші-қон қызметі тобының жұмысын 2015 жылдан бастап, аға инспектор, полиция майоры Данияр Такиров жүргізіп келеді, – дейді Топар полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Дархан Мадин, – Әзірге оның осы уақытқа дейінгі қызметіне қояр кінәміз жоқ. Ол алдына келген адамдардың мәселелерін оң шешіп, көші-қон заңдылығын қатты қадағалап, басқа да қоғамдық шараларға белсене қатысатын тәжірибелі қызметкеріміз.
Даниярдың Топар полициясында қызметін бастағанына да биыл 14 жыл болады екен. Қарағандыдағы «Болашақ» университетінің саясаттану, одан кейін заң факультеттерін бітірген жас маман әуелде осы Топар, сосын Южный кенттері учаскелік инспекторының көмекшісі болып істеп, міне, 11 жылдан бері осы көші-қон қызметі тобын басқаруда. Тек осыдан екі ай бұрын ғана оған көмекшілікке лейтенант Нариман Қайрат тағайындалыпты.
Өздеріңізге мәлім, Қазақстан егемендігін алған 1991 жылдан біздің елімізге алыс-жақын шетелдерден қоныс аударушылар, соның ішінде, қандастарымыз көптеп келе бастаған. Оларды орналастырып, жағдайларын жасау, тәртіп бұзбай, заң талаптарын сақтауы, Қазақстан азаматтығын алуы сияқты мәселелердің бәрі бірден шешімін таппай, оларды сан әуре-сарсаңға салған. Сол сәтте оларға Топар кенті полиция бөлімінің көші-қон тобы да көмекке келіп, біраз шаруаның беті қайырылған. Соның арқасында Абай ауданы көлемінде көші-қон мәселесі бір арнаға түсіп, ретке келген деуге болады.
– Біздің көші-қон қызметі тобының жұмысы «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Заңын, Президентіміздің «Шетелдік азаматтардың құқықтық жағдайы туралы» Жарлығын, Үкіметіміздің «Шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдарды құжаттау мен тіркеу Ережелерін бекіту туралы» Қаулысын жүзеге асыруға және мемлекеттік қызмет көрсетуге бағытталған, – дейді Топар полиция бөлімі көші-қон қызметі Топар секторының аға инспекторы, полиция майоры Данияр Такиров.
Оның айтуынша, бүгінде Топар секторы аумағында 179 шетел азаматы мен азаматтығы жоқ 16 адам тұрақты тұрып жатқан көрінеді.
Биылғы өткен 5 айда осы көші-қон қызметі тобының қызметкерлері мемлекеттік қызметтің мына бірнеше түрін көрсеткен.
Осында келген барлық шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар белгіленген үлгідегі журналға тіркеліп, олардың мәліметтері компьютер базасына енгізіледі. Қазақстан Республикасы аумағында тұрудың ережелерін бұзуға жол берген шетелдік азаматтарды анықтау шаралары жүргізілуде.
Әкімшілік өндіріс тәртібімен 5 шетелдік азамат, соның ішінде, Тәжікстан Республикасының 1 азаматы еліміз аумағынан шығарылған.
2026 жылдың өткен 5 айында 129 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, соған байланысты салынған 2411189 теңге айыппұл толықтай өндіріліп алынған.
Енді көші-қон қызметі Топар секторының қызметкерлері көші-қон заңдылығын бұзуға жол бермеу мақсатында әлеуметтік-саяси ахуалы тұрақсыз елдерден келетін заңсыз қоныс аударушылардың жолын кесіп, әкімшілік аумақтарда орналасқан донерлер, кемпингтерді тексеріп, «Қызылорда-Павлодар» бағытындағы автобустарға рейдтер жасап, облыстық Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті қызметкерлерімен бірлескен түрде жазасын өтеу орындарынан босаған шетел азаматтарын ел аумағын шығаруды да қолға алуда.
Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Абай ауданы


