Ақ халаттыларға алғыс пен құрмет
Құрметті медицина қызметкерлері мен денсаулық сақтау саласының ардагерлері!

Сіздерді кәсіби мереке – Медицина қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Бұл мереке – өз өмірін денсаулық сақтау саласына арнаған дәрігерлерімізге терең құрмет пен шынайы ризашылығымызды білдіретін мәні терең күн.
Барлық уақытта дәрігер мамандығы ерекше құрметке ие болды. Сіздер адам өмірі мен денсаулығын сақтау жолында аянбай еңбек етіп, күн сайын жауапты шешімдерді қабылдайсыздар. Сіздердің кәсіби шеберліктеріңізде көп жылдық оқу, үлкен тәжірибе, және ең бастысы, адамдарға деген жанашырлық пен қамқорлық сынды қасиеттер жатыр.
Осы орайда денсаулық сақтау саласының ардагерлеріне ерекше алғысымызды білдіргіміз келеді. Сіздердің көпжылдық жұмыстарыңыз, мамандыққа деген адалдықтарыңыз бен баға жетпес тәжірибелеріңіз заманауи медицинаны дамытудың сенімді негізі болды. Сіздер қоғамға қызмет етудің ең жақсы дәстүрлерін қалыптастырып, мамандардың бірнеше буынын тәрбиеледіңіздер.
Бұл ретте қарағандылық дәрігерлердің кәсіби деңгейі жоғары бағаланып, мереке қарсаңында Мемлекет басшысы бала өмірін сақтап қалған дәрігерлеріміздің еңбегін ерекше атап өтті. Ал, облыстың медициналық қоғамдастығының бірқатар өкілдері жоғары мемлекеттік наградаларға ие болды. Бұл күн сайын тұрғындарымыздың денсаулығын сақтау жолында аянбай тер төгіп келе жатқан барлық медицина қызметкерлерінің еңбегіне берілген лайықты баға.
Осынау мереке күні сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға бақыт, амандық, қызметтеріңізге табыс тілейміз. Медицина қызметкерлері күні құтты болсын!
Ермағанбет БӨЛЕКПАЕВ,
Қарағанды облысының әкімі
Нұркен КОБЖАНОВ,
Қарағанды облыстық мәслихатының төрағасы



