Бас тақырыпРесми

«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына құжат қабылдау басталды

«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына құжаттар қабылдау басталды. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Сурет ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінен

«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы ғылым, шығармашылық және қоғамдық қызмет салаларында жемісті еңбегімен көзге түскен, сондай-ақ спортта жоғары нәтижелер көрсеткен дарынды жастарды мемлекеттік қолдау мақсатында тағайындалады.

Байқау «Әдебиет», «Ғылым», «Дизайн және бейнелеу өнері», «Журналистика», «Классикалық музыка», «Қоғамдық қызмет», «Спорт», «Театр және кино», «Эстрада», «Халық шығармашылығы» атты 10 номинация бойынша өтеді.

Мемлекеттік сыйлыққа халықаралық және республикалық деңгейдегі байқаулар мен фестивальдердің лауреаттары, спорттық жарыстардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары, сондай-ақ аталған салалар мен тұтастай қоғамды дамытуға ықпал еткен Қазақстан Республикасының 35 жасқа дейінгі азаматтары үміткер бола алады.

«Дарын» жастар сыйлығын алуға кандидатураларды орталық, жергiлiктi және өзге де мемлекеттік органдар, қоғамдық бiрлестiктер және Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген басқа да заңды тұлғалар іріктейді. Үміткерлер мынадай құжаттарды қағаз және электронды түрде жіберуі қажет:

1) кандидаттың жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;

2) осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын алуға арналған тіркеу өтінімі;

3) өтінішхат пен сыйлық алуға ізденушінің жетістіктері туралы анықтама;

4) марапаттау дипломдарының, грамоталардың, алғыс хаттардың көшірмелері (болған жағдайда);

5) кандидаттың немесе кандидат туралы мақалалардың, жарияланымдардың көшірмелері (болған жағдайда);

6) банктік шоттың болуы туралы анықтаманың көшірмесі;

7) кандидаттың жетістіктерін растайтын материалдар (болған жағдайда).

Жеңімпаздарға «Дарын мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты» атағы беріледі. Мемлекеттік сыйлық иегерлері дипломмен, төсбелгімен, сондай-ақ қаржылай сыйлықпен марапатталады.

«Дарын» жастар сыйлығы 1992 жылы тағайындалған. Әр жылдары аталған сыйлықты түрлі саладағы 380-дан астам азамат иеленген болатын.

Конкурсқа қатысуға құжат 2026 жылғы 17 маусымнан 17 қыркүйек аралығында (қоса алғанда) қабылданады. Құжаттың қағаз нұсқасын мына мекенжай бойынша тапсыру қажет: Астана қаласы, Мәңгілік ел даңғылы 8, «Министрліктер үйі» ғимаратының 14-кіреберісі. Электронды нұсқа  daryn2026kz@gmail.com поштасы арқылы қабылданады.

Анықтама телефондары: 8 (7172) 74-05-25, 8 (7172) 74-18-43, (жұмыс күндері, сағ. 9:00-ден 18:30-ға дейін).

Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button