Қарағандылық дәрігер «Ақ жүрек» сыйлығының иегері атанды
Қарағанды кардиоорталығының ангиохирургі Евгений Вручинский «Ақ жүрек» сыйлығының иегері атанды. Бұл марапат жүрек-қан тамыры қызметін дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін берілетін беделді кәсіби награда болып саналады. Марапаттау рәсімі Алматы қаласында өткен Қазақстан кардиологтарының XVIII конгресі аясында ұйымдастырылды. Бұл туралы №2 көпсалалы аурухананың баспасөз қызметі хабарлады.

Евгений Вручинский кардиоорталықтың тамыр және эндоваскулярлық хирургия бөлімінде еңбек етеді. Ол заманауи аз инвазивті қан тамырларына жасалатын операцияларға маманданған және жүрек-қан тамыры ауруларына шалдыққан науқастарға жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетеді.
Кардиоорталық мамандарының айтуынша, бұл марапат дәрігердің кәсіби шеберлігі мен жанқиярлық еңбегінің ғана емес, сонымен қатар бүкіл ұжым жұмысының жоғары деңгейде ұйымдастырылғанының айқын дәлелі. Мұндай жетістіктер Қарағанды медицинасының әлеуетін көрсетіп, өңірде жоғары технологиялық медициналық көмектің одан әрі дамуына серпін береді.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



