Бес жыл бойы жеңіл өнеркәсіп тұрақты өсім көрсетіп келеді
Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында өңдеу өнеркәсібін дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Үкімет жеңіл өнеркәсіпті әлеуметтік маңызы жоғары сала ретінде айқындап, оның тұрақты дамуына ерекше көңіл бөлуде. Соның нәтижесінде сала соңғы бес жыл бойы үздіксіз өсім көрсетіп келеді.

Кәсіпорындарды қолдау мақсатында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өндірістерді жаңғырту, отандық өнімге сұранысты ынталандыру шараларын жалғастыруда. Бұл бағыттағы қолдау негізінен шағын және орта бизнес өкілдеріне көрсетілуде.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша жеңіл өнеркәсіптегі өндіріс көлемі 22,6 пайызға артып, 259,5 млрд теңгеге жетті. Саланың құрылымында тоқыма өндірісінің үлесі 61,3 пайызды құраса, киім өндірісі – 32,2 пайызды, былғарыдан жасалған бұйымдар өндірісі шамамен 6,5 пайызды иеленеді.
2025 жылы елімізде рекордтық көлемде 466 мың тонна мақта жиналды. Осы шикізаттан 116,1 мың тонна мақта талшығы өндіріліп, 500 тонна жіп иірілді. Сонымен қатар 5 миллион шаршы метрден астам мата және 29 миллионға жуық дайын тоқыма бұйымы шығарылды.
Биылғы жылдың басынан бері жеңіл өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2,3 есеге ұлғайып, саланың қарқынды дамуы жалғасып отырғанын көрсетті.
Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz



