Жаңалықтар

ЖИ мен тарих үндесіп…

Қарағанды қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі жуырда күрделі жөндеу жұмыстарынан өтіп, келушілерге жаңаша келбетте есігін айқара ашты. Бүгінде музей өткен мен бүгінді, тарих пен технологияны тоғыстыратын танымдық орталыққа айналған.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Екі қабаттан тұратын музейде жалпы саны 16 тақырыптық зал орналасқан. Оның алтауы бірінші қабатта, қалған оны жоғарғы қабатта. Экскурсия барысында келушілер адамзат тіршілігінің бастау кезеңінен бастап, бүгінгі күнге дейінгі тарихи оқиғалармен таныса алады. Музейге кірген сәттен-ақ, келушілерді цифрландырылған алып Бәйтерек қарсы алады. Бұл ерекше инсталляция әр адамға әртүрлі ой салуы мүмкін. Біреулер үшін ол – халқымыздың тереңге тартқан тамыры, енді біреулер үшін ұлт тарихының жарқын шежіресі немесе болашаққа ұмтылған асқақ мұраттың символы іспетті. Қалай болғанда да, ол – музей экспозициясының мән-маңызын ашып беретін ерекше композиция.

Сол залда Сарыарқа өңіріндегі киелі орындар мен әулиелер кесенелері белгіленген үлкен интерактивті карта бар. Картадағы барлық мәлімет қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде берілген. Бұл шетелдік туристер үшін үлкен қолайлылық жасап қана қоймай, музейдің халықаралық талаптарға сай қызмет көрсетуге ұмтылысын көрсетеді.

Музейдің тағы бір ерекшелігі – тарихи деректерді заманауи технологиялардың көмегімен көркем түрде ұсынуы. Келесі залда орналасқан алып интерактивті кітап та ерекше әсер қалдырады. Кітаптың екі беті де экран ретінде жасалған. Егер келуші кітапқа қарама-қарсы тұрып, қол қимылын жасаса, таңдалған тақырып бойынша жасанды интеллект арқылы бейнеленген қария мен немере арасындағы әсерлі әңгіме көрсетіледі. Бұл тәсіл тарихты қарапайым әрі қызықты тілмен жеткізуге мүмкіндік береді.

Ал, арнайы экранға өз есіміңізді енгізсеңіз, тарихи тұлғалардан бата аласыз. Қазіргі таңда жүйеде негізінен Қазыбек би мен Бұқар жыраудың бейнелері сомдалған. Егер енгізілген есім мәліметтер базасында болмаса, келушіге «құрметті қонақ» деп үн қатады. Бұл да музейдегі жасанды интеллект элементтерінің бір көрінісі.

Екінші қабаттағы залдар тек технологиялық жаңашылдығымен ғана емес, ерекше көркемдік шешімдерімен де таңғалдырады. Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған бөлімде түрме қабырғаларының көрінісі шебер бейнеленген. Алғаш қарағанда қарапайым декорация секілді алайда, арнайы жарық түскен сәтте темір торлар арасынан тұтқын мен оған қару кезенген солдаттың көлеңкесі пайда болады. Бұл тарихи кезеңнің ауыр ахуалын сезіндіреді.

Сол залдағы түрме есігінің кішкентай бақылау тесігіне көз салған адам экраннан сол дәуірдегі тұтқындардың камерадағы өмірінен үзінділерді тамашалай алады. Мұндай шешім келушіні тарихи оқиғалардың куәгеріндей әсерге бөлейді.

Ұлы Отан соғысына арналған зал да ерекше. Мұнда шағын қосымша бөлме жасалған. Оның ішіне енген адам өзін майдан даласындағы окопта отырған сарбаздай сезінеді. Проектор арқылы көрсетілетін бейнероликтер, дыбыстық эффектілер мен арнайы безендіру жұмыстары соғыс жылдарындағы ауыр атмосфераны шынайы жеткізеді. Жасанды интеллект көмегімен дайындалған бейнематериалдар көрерменге майдан шебіндегі өмірді тереңірек түсінуге жағдай жасайды.

Музейдің әрбір залында тарихи деректерді толықтырып тұратын интерактивті экрандар орнатылған. Барлық ақпарат үш тілде ұсынылады.

Жалпы алғанда, Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі жаңғырту жұмыстары өз нәтижесін бергені анық. Музей заманауи цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану арқылы тарихты жаңа қырынан танытып отыр. Мұндай жаңашылдықтар келушілердің қызығушылығын арттырып қана қоймай, өскелең ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруға да зор үлес қосады.

Тарихқа қызығатын әрбір жанға Қарағанды қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейіне барып, өткен мен болашақты жалғаған осы ерекше кеңістікпен танысуға кеңес береміз.

Ақберен НҰРТАЙ,
ҚарҰЗУ-дың ІІ курс студенті

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button