Жаңалықтар

Мектеп формасы: сапа мен баға үйлесімі

Қарағанды облысында мектеп формасына қатысты пилоттық жоба бастау алды. Облыстық білім басқармасы мен облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы Жеңіл өнеркәсіп қауымдас­тығы оқушыларды сапалы әрі қауіпсіз мектеп формасымен қамтамасыз етуді, өңірдегі отандық өндірушілерді қолдауды көздейді.

Сурет ұйымдастырушылардан

Бүгінде мектеп формасы тек оқу орнының талабын орындау ғана емес. Ол оқушылардың тәртіпке бейімделуіне, мектеп мәдениетін қалыптастыруға және әлеуметтік теңдікті сақтауға ықпал етеді. Сондықтан, форма өндірісінде сапа, қауіпсіздік және қолжетімді баға басты назарға алынған.

Пилоттық жоба аясында мектеп формаларын өндіруге өңірдегі бірнеше кәсіпорын жұмылдырылған. Атап айтқанда, «Bizdin Forma» ЖШС, «Ютария Ltd» өндірістік-инновациялық компания­сы және TrikSat тігін кәсіпорны оқушыларға арналған формаларды дайындау жұмыстарына қатысуда. Бұл кәсіпорындар өңірдің жеңіл өнеркәсіп саласын дамытуға өз үлестерін қосып келеді. Мектеп формасын тігу кезінде балалардың денсаулығына қауіпсіз және күнделікті қолдануға қолайлы материалдар пайдаланылады. Негізінен вискоза, мақта және аз мөлшерде полиэстер қоспаларынан жасалған маталар таңдалады. Мұндай материалдар ұзақ уақыт пайдалануға төзімді, ауа өткізгіш және күтім жасауға ыңғайлы. Өнім сапасы бірнеше кезең бойынша тексеріледі. Алдымен, матаның құрамы зерттеледі, кейін түсінің тұрақтылығы мен жуу және үтіктеу кезіндегі қасиеттері бақыланады. Сонымен қатар, тігіс­тердің сапасы тексеріліп, өнімнің қолданыстағы техникалық регламенттер мен стандарттарға сәйкестігі анықталады.

«Bizdin Forma» ЖШС өкілі Гүларай Муртазинаның айтуынша, балаларға арналған барлық киім өнімдері міндетті түрде қауіпсіздік талаптарына сәйкес болуы қажет.

– Балаларға арналған барлық киім өнімдері қауіпсіздік талаптарына сәйкес міндетті сертификаттаудан немесе сәйкестікті декларациялаудан өтуі тиіс. Бұл өнімнің балалар денсаулығына қауіпсіз екенін және Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттеріне сәйкес келетінін растайды, – дейді ол. Маманның сөзінше, пилоттық жобаның негізгі мақсаты мектеп формасын шығарумен ғана шектелмейді.
– Қарағанды облысында іске асырылып жатқан пилоттық жоба, ең алдымен, отандық өндірушілерді қолдауға, жергілікті қамтуды арттыруға және өңірдегі жұмыс орындарын сақтауға бағытталған. Бүгінде мектеп формасын жергілікті кәсіпорындарда өндіру арқылы жүздеген тігінші, технолог, конструктор және басқа да мамандар тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Бұл – өңір экономикасының дамуына үлес қосып, отандық жеңіл өнеркәсіптің әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді, – дейді Гүларай Муртазина.

Қазіргі уақытта пилоттық жобаға қатысуға дайын екенін бірнеше мектеп растады. Олардың қатарында Саран қаласындағы Абай атындағы мектептің бастауыш сыныптары, Қарқаралы қаласындағы Ә.Ермеков атындағы және О.Жәутіков атындағы мектептер, Қарағанды қаласындағы Ж.Тәшенов атындағы мектеп, Шахтинск қаласындағы Ә.Бөкейхан атындағы мектеп-лицей бар. Сонымен қатар, Теміртау қаласындағы Ә.Бөкейхан атындағы гимназия, №2 және №4 мектептер де жобаға қатысушылар қатарында. Нұра ауданындағы №2 және №3 мектептер, Қарағанды қаласындағы №59 мектеп те пилоттық жобаны қолдады. Абай ауданында №5 Абай атындағы мектеп, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектеп, Абай атындағы ресурстық орталық және Қаныш Сәтбаев атындағы мектеп жобаны жүзеге асыруға дайын екенін білдірді. Жобаға қатысушы білім беру ұйымдарының көбеюі бастаманың өзектілігін көрсетеді. Бұл мектептерде бірыңғай мектеп формасының тиімділігі мен қолайлылығы тәжірибеде бағаланды.

Мектеп формасының бағасы ата-ана үшін де маңызды. Мамандардың мәліметінше, бір оқушыға арналған форманың құны оның жинақталуына байланысты. «Поло» жейделердің бағасы шамамен 5900 теңгеден басталса, үлкен өлшемдердегі бұйымдар 7500 теңгеге дейін. Ал, бастауыш сынып оқушылары үшін негізгі жиынтықтың орташа құны 23 500-25 000 теңге аралығында, жоғары сыныптарда бұл көрсеткіш 25 000-30 000 теңгеге дейін барады. Форманың дизайны да қазіргі заман талабына сай әзірленуде. Әр мектептің ерекшелігі, корпоративтік түсі және ата-аналардың ұсыныстары ескеріледі. Сонымен қатар, оқушылардың күнделікті қозғалысына ыңғайлы болуы бас­ты назарда. Қыз балалар мен ұл балаларға арналған бірнеше үлгі қарастырылған.

Ата-аналар тарапынан келіп жат­қан ұсыныстардың басым бө­лігі өнім сапасына қатысты. Олар сапалы әрі ұзақ киілетін маталарды пайдалануды, өлшемдердің жет­кілікті болуын және балаларға ыңғайлы үлгілердің жасалуын қолдайды.

– Ата-аналар сапа мен қолжетімді бағаның үйлесіміне ерекше назар аударып отыр. Сонымен қатар, олар мектеп формасының заманауи әрі эстетикалық жағынан тартымды болғанын қалайды, – дейді Гүларай Муртазина.

Мұндай пилоттық жобалар білім беру жүйесі мен өңір экономикасы үшін бірдей маңызды. Бір жағынан, оқушылар қауіпсіз әрі сапалы мектеп формасымен қамтамасыз етілсе, екінші жа­ғынан жергілікті кәсіпорындарға тұрақты тапсырыс түсіп, жаңа жұмыс орындары ашылады. Экономика саласының мамандары жеңіл өнеркәсіпті қолдау ішкі өндірісті дамытуға және импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік беретінін айтады. Сондықтан, Қарағанды облысында қолға алынған бұл бастама әлеуметтік маңызымен қатар экономикалық тұрғыдан да тиімді жоба ретінде бағалануда. Бірыңғай мектеп формасына қатысты пилоттық жоба – балалардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, отандық өндірісті дамытуға, жұмыс орындарын сақтауға және өңір экономикасын қолдауға бағытталған маңызды қадам.

Меланья ЧЕКУШКИНА,
ҚарҰЗУ-дың ІІ курс студенті

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button