Жаңалықтар

«BaiQymyz» гастрофестивалінің ашылу салтанаты өтті

Қасиетті Қарқаралы өңірінде ұлттық мұра мен дәстүрді дәріптеуге бағытталған ауқымды мәдени оқиға – «BaiQymyz» аймақаралық гастрофестивалі салтанатты ашылу салтанаты өтті. Алғаш рет ұйымдастырылған фестиваль қазақ халқының ғасырлар бойы сақталған қымыз дайындау мәдениетін насихаттап, ұлттық тағамды халықаралық деңгейде танытуға бағытталған.

Суреттерді түсірген автор

Фестивальдің ашылу салтанатына Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, «Baiqymyz» гастрофестивалінің авторы Жұмажан Зайытұлы, Қазақстан Республикасы Сенатының депутаты Руслан Рүстемов, ҚР Мәжілісінің депутаты Бексұлтан Құдайбергенов және өңір тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Аймақ басшысы өз сөзінде қымыздың ұлттық құндылық қана емес, заманауи экономиканың, гастротуризмнің және ұлттық брендтің маңызды бөлігіне айналып келе жатқанын атап өтті.

– Адамзат технология дамыған сайын табиғилықты іздейді. Сондықтан әлем органикалық өнімге, экологиялық таза танымға ерекше мән беріп отыр. Қазақ үшін мұның бәрі жаңалық емес. Өйткені халқымыз табиғатпен үндес өмір сүрудің мәнін ежелден түсінген. Ал сол табиғаттың мәні қымызда сақталған. Қазіргі таңда қымыз тек дәстүрдің ғана емес, заманауи экономиканың, гастротуризмнің және ұлттық брендтің біріне айналып келеді. Жалпы әр халық тарихымен немесе мәдениетімен ғана емес, ұлттық тағамымен де танылған. Ұлан-байтақ даламызды картадан ғана емес, қымыздың әр алуан дәмінен де танып білуге болады, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Салтанатты шара барысында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хаттары оқылды.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, фестивальге еліміздің әр өңірінен 30 мың литр қымыз әкелінген. Ал ашылу күніне 20 мыңнан астам адам жиналып, ұлттық сусынның сан алуан түрінен дәм татуға мүмкіндік алды.

«Baiqymyz» гастрофестивалі ұлттық тағам мәдениетін дәріптеумен қатар, ауыл шаруашылығын дамытуға, этнотуризмді ілгерілетуге және өңірдің туристік әлеуетін арттыруға серпін беретін маңызды алаңға айналмақ.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН

Ortalyq.kz

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button