«Алтын жас» – жаңа мүмкіндік
Қарағанды облысында зейнеткерлік жастағы азаматтарды жұмыспен қамтуға арналған «Алтын жас» жобасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама еңбек етуге ниетті зейнеткерлерге жұмысқа орналасуға мүмкіндік беріп, олардың кәсіби тәжірибесін тиімді пайдалануға бағытталған. 2025 жылы жобаға қатысуға ниет білдіргендердің саны жоспарланған көрсеткіштен асып, нәтижесінде 542 адам жұмыспен қамтылды. Биыл 600 адамды қамту көзделген.

Жұмыспен қамту – халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартудағы маңызды бағыттың бірі. Осы мақсатта өңірде әртүрлі санаттағы азаматтарды қолдауға арналған бағдарламалар іске асырылып келеді. Соның бірі – осы «Алтын жас» жобасы. Бағдарлама зейнеткерлік жасқа жеткен азаматтарға арналған және олардың еңбек нарығындағы белсенділігін арттыруды көздейді. Жоба 2025 жылдан бастап, жүзеге асырыла бастады. Бағдарламаға қатысушылар еңбек шартын жасау арқылы түрлі мекемелер мен ұйымдарға жұмысқа орналаса алады. Жұмыс берушілер тәжірибелі мамандарды қызметке қабылдап, олардың кәсіби білімін пайдалану мүмкіндігін иеленді. «Алтын жас» жобасының басты ерекшелігі – жалақыны субсидиялау жүйесі. Қатысушыларға төленетін еңбекақы жұмыс беруші мен жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылады. Жалақының кемінде 50 пайызы жұмыс беруші тарапынан төленсе, қалған бөлігі жергілікті билік тарапынан субсидияланады. Дегенмен, субсидия көлемі Қазақстандағы бір айлық ең төменгі жалақы мөлшерінен аспайды. 2025 жылы ең төменгі жалақы көлемі 85 мың теңгені құрады.
Бағдарламаға қатысу мерзімі екі жылға дейін белгіленген. Осы уақыт ішінде қатысушылар өз мамандықтары бойынша еңбек етіп, тұрақты табыс табуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, жұмыс берушілер де көпжылдық тәжірибесі бар мамандардың қызметін пайдаланды. 2025 жылы облыста жоба аясында 400 адамды жұмыспен қамту жоспарланған болатын. Алайда, тұрғындардың қызығушылығы жоғары болып, қатысуға өтініш білдіргендердің саны артты. Осыған байланысты бағдарламаға қатысушылар саны ұлғайтылып, нәтижесінде 542 адам жұмыспен қамтылды.
Облыстық еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы баспасөз қызметінің дерегінше жобаға әртүрлі мамандық иелері қатысуда. Олардың қатарында бухгалтерлер, мұғалімдер, тәрбиешілер, жүргізушілер, күзетшілер және басқа да сала мамандары бар. Көптеген қатысушылар бұрын өз салаларында ұзақ жыл еңбек етіп, мол тәжірибе жинақтаған азаматтар болып табылады. Зейнеткерлік жасқа жеткен адамдардың арасында еңбек қызметін жалғастыруға ниетті азаматтар аз емес. Олардың бір бөлігі қосымша табыс табуды көздесе, енді бірі өз тәжірибесін бөлісіп, қоғам өміріне белсенді араласуды қалайды. Осы тұрғыдан алғанда «Алтын жас» жобасы олардың еңбек әлеуетін тиімді пайдалануға мүмкіндік береді, – дейді баспасөз қызметі.
Бағдарлама тек қатысушылар үшін ғана емес, жұмыс берушілер үшін де тиімді. Кәсіпорындар мен ұйымдар өз саласын жақсы білетін, жауапкершілігі жоғары мамандарды жұмысқа қабылдай алады. Ал, тәжірибелі қызметкерлер жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, еңбек дағдыларын үйретуге ықпал етеді. Өңірде халықты жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Облыс бойынша 2026 жылға «Алтын жас» жобасы үшін 600 квота бөлу жоспарланған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда көбірек азаматты қамтуға мүмкіндік береді. Мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан бұл бастама зейнеткерлік жастағы азаматтарды әлеуметтік қолдаудың маңызды құралдарының біріне айналып отыр. Бағдарлама еңбек етуге ниетті тұрғындардың жұмысқа орналасуына жағдай жасап, олардың қоғам өміріне белсенді араласуына мүмкіндік береді.
Қарағанды облысында жүзеге асырылып жатқан «Алтын жас» жобасы зейнеткерлерді жұмыспен қамтуға бағытталған маңызды әлеуметтік бастамалардың бірегейі. Бағдарлама аясында жүздеген азамат тұрақты жұмысқа орналасып, өздерінің кәсіби тәжірибесін еңбек нарығында қолдану мүмкіндігіне ие болды. Алдағы жылдары жобаға бөлінетін квоталардың артуы оның қамту ауқымын кеңейтуге жол ашады.
Меланья ЧЕКУШКИНА,
ҚарҰЗУ-дің ІІ курс студенті



