Жаңалықтар

Әділдіктің жаңа парадигмасы

Қазақстанның сот жүйесіндегі түбегейлі реформа – Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің қабылданғанына бес жыл толды.Қарағанды «Мемлекет әрқашан хақ» деген ескі қағиданың күшін жойып, сот төрелігіндегі «белсенді сот» парадигмасының қалай қалыптасқанын сарапқа салды. Бұл – шенеуніктерді заң алдында жауапкершілікке тартатын және әрбір азаматтың мүддесін мемлекеттік аппараттың амбициясынан биік қоятын құқықтық дәуірдің басы.

Коллажды жасаған Арайлым Коктаева

Тарихи белес, құқықтық реформа

Қазақстанның сот жүйесіндегі түбегейлі өзгерістер Мемлекет басшысының 2020 жылғы 29 маусымдағы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне қол қоюымен басталды. Бұл заңнамалық акт еліміздегі әкімшілік юстицияның дамуына серпін беріп, мемлекет пен азамат арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтерді. 2021 жылдың 1 шілдесінен мамандандырылған әкімшілік соттар, апелляциялық және кассациялық сот алқалары жұмысын бастап, халыққа заңды қорғаудың жаңа институционалдық негізін ұсынды.

2025 жылдың 1 шілдесінен елімізде сот төрелігі жаңа сатымен – жеке кассациялық соттардың іске қосылуымен толықтырылды. Бұл реформалардың басты мақсаты – «Заң және тәртіп» концепциясы аясында азаматтардың, заңды тұлғалардың және кәсіпкерлердің құқықтарын жария-құқықтық дауларда тиімді қорғау болып табылады.

– ӘРПК енгізген ең маңызды өзгеріс – соттың функциясын түбегейлі өзгерту. Егер бұрынғы азаматтық сот ісін жүргізуде сот тараптардың ұсынған дәлелдерін ғана бағалайтын енжар арбитр рөлін атқарса, әкімшілік юстицияда сот белсенді рөлге ие.
Дәлелдеу ауыртпалығы мемлекеттік органға жүктелді. ӘРПК-ның 129-бабына сәйкес, азамат өз құқығын қорғау үшін кінәсіздігін дәлелдеуге міндетті емес. Керісінше, әкімшілік орган немесе лауазымды тұлға өзі қабылдаған шешімнің заңдылығын құжат жүзінде дәйектеуге тиіс, – деді Қарағанды облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы төрағасының міндетін атқарушы Сәуле Джалбырова.

Қарағанды облыстық адвокаттар алқасының өкілі Ирина Маленко бұл реформаның адвокатура мен қарапайым халық үшін қаншалықты маңызды екенін атап өтті. Бұрынғы кезде азамат пен мемлекеттік орган арасындағы дау «Давид пен Голиафтың» айқасын еске түсіретін. ӘРПК бұл кедергіні жойып, сотқа белсенді рөл берді. Қазіргі таңда сот жүйесі енжар бақылаушы позициясынан бас тартып, істің ақиқатын ашуға бағытталған белсенді тұлғаға айналды.

Егер бұрын азаматтар мен бизнес өкілдері сотта мемлекеттің үстінен небәрі 15% жағдайда ғана жеңіске жетсе, қазір бұл көрсеткіш 65%-дан асты. Бұл – мемлекеттің жеңілісі емес, мемлекеттік аппараттың жауапкершілігінің артуы.

Статистика және сот жүктемесі

Қарағанды облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының мәліметінше, Қарағанды облысы бойынша жүргізілген талдау әкімшілік істердің жыл сайын 5-7%-ға тұрақты өсіп келе жатқанын көрсетеді.
Даулардың салалық бөлінісі әр алуан. Мәселен, 2021 жылы – 55 іс болса, 2025 жылы – 515 іске дейін өскен.
Мемлекеттік сатып алу бойынша 2021 жылы 85 іс болса, 2025 жылы 224 іске дейін күрт өскен. Бұл сала әлеуметтік маңызы бар (мектеп, аурухана тамақтануы) дауларға толы.

Салық дауларында төмендеу байқалады. 2023 жылғы шарықтау шыңынан (303 іс) кейін 2025 жылы – 219 іске дейін төмендеген. Бұл салық органдарының сот тәжірибесін ескеріп, «біркелкілік қағидатын» қолдана бастағанын көрсетеді.

Жария етілген деректерге сүйенсек, қабылданған шешімдердің шамамен 48%-ы азаматтардың пайдасына шешіледі. Сонымен қатар, барлық істің 5-6%-ы тараптардың татуласуымен аяқталады. Бұл мемлекеттік органдардың өз қателіктерін мойындап, сотқа дейін шешуге ниет білдіргенін дәлелдейді. Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында 12 судья қызмет атқарады. Олардың әрқайсысы жүйенің алғашқы күнінен бастап, сапалы сот төрелігін қамтамасыз етуде.

Негізгі түйткіл – конкурстық комиссиялардың өнім жеткізушілердің «еңбек ресурстарын» тексерудегі ақпараттық шектеулері. Конкурстық комиссия әлеуетті өнім жеткізушілерді тексеру үшін «БЖЗҚ» базасына кіре алмайды. Ал, Еңбек инспекциясы департаменті де сұратылған ақпаратты бермейді.

– Бұл олқылық санитарлық нормалардың сақталмауына және нәтижесінде азаматтардың, әсіресе, балалар мен науқастардың денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан, мемлекеттік органдар арасындағы ведомствоаралық ақпарат алмасу жүйесін жетілдіру – кезек күттірмейтін міндет, – деді Қарағанды облысының Әділет департаменті басшысының міндетін атқарушы Данияр Байдильдин.

Сәуле Джалбырова мәлімдегендей, әкімшілік юстицияның тиімділігі сот шешімдерінің сөзсіз орындалуымен өлшенеді. Сот актілерін, жеке ұйғарымдар мен сұрауларды елемеген лауазымды тұлғаларға қатысты ӘРПК-ның 127-бабы бойынша ақшалай өндіріп алу (айыппұл салу) институты белсенді қолданылатын болды. Бұл шара сотқа деген құрметті арттырып, мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін қатайтуға бағытталған. Судьялар қауымдастығы бұл шараның тек шенеуніктерге ғана емес, іске қатысушы басқа да тұлғаларға қатысты қолданылады.

Заң алдында бәрі тең

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, әкімшілік рәсімдерді жетілдіру жұмыстары жалғасуда.
Әкімшілік рәсімдердің біркелкілігі (15-1-бап), 2024 жылғы 21 қарашадағы заңмен енгізілген бұл норма шенеуніктерді Конституциялық Сот пен Жоғарғы Соттың қаулыларын, бұрын қабылданған актілерді қатаң басшылыққа алуға міндеттейді. Бұл – сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қоятын және шешімдердің болжамдылығын қамтамасыз ететін негізгі тетік.
Ал, «Сотқа дейінгі міндетті тәртіп (9-бап)» болса, 2025 жылғы 17 желтоқсандағы өзгерістер дауды сотқа дейінгі реттеуді міндеттеді. Бұл азаматтарға дауды сотсыз, қысқа мерзімде шешуге мүмкіндік береді.
80-бапқа енгізілген толықтыруға сәйкес, әрбір шешімде оны қай органға және қандай мерзімде шағымдануға болатыны туралы ақпарат міндетті түрде жазылуы тиіс, – деді Сәуле Джалбырова.

«Бірыңғай қызмет көрсету орталығы» заң кеңесшілер палатасының төрағасы Ермек Абильдиннің айтуынша, құқықтық даулардың басым бөлігі жергілікті атқарушы органдардың жұмысындағы кемшіліктерден туындайды. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Қарағанды облысы әкімі аппаратының мәліметтеріне сүйенсек, биыл мемлекеттік қызмет көрсету саласында 595 заң бұзушылық тіркелген. Оның басым көпшілігі жергілікті әкімдіктерде орын алған.

Мысалы, экологиялық даулардың негізгі ошағы – тұрмыстық қалдықтар полигондары. Өңірдегі 168 ауылдық округтің санаулысында ғана заңдастырылған полигондар бар. Осындай жүйелі қателіктер көбінесе мемлекеттік қызметшілердің құқықтық білімінің жетіспеушілігінен туындайды. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін өңірде ӘРПК нормаларын түсіндіру бойынша 53 арнайы оқыту курсы қолға алынды.

Аяулым ЖАНАТОВА,
ҚарҰЗУ-дің ІІ курс студенті

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button