Бас тақырып

Ізгілікке үндеген ұлық мейрам

Ертең – мұсылман қауымының ұлық мерекесі Құрбан айт. Бұл күн – құрбандық шалу рәсімімен ғана шектелмей, адамның ниетін түзейтін, жүректі жұмсартатын, ағайын арасын жақындататын, мұқтажға медет, көпке қуаныш сыйлайтын қасиетті мезет. Қарағанды өңірінде айт намазы таңғы 06:30-да оқылып, мереке мешіт аулаларындағы рухани-танымдық іс-шаралармен, қайырымдылық істермен жалғасады.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Құрбан айттың да құндылығы да сол. Таңғы сәттен мешітке бет алып, айт намазына асыққан әр жанның жүзінен шуақ сезіледі. Құрбандықтың түп мәні – мал шалу ғана емес, ниет тазалығы. Адамның өз нәпсісін тежеп, жүрегіндегі сараңдықты жеңуі. Қолындағы барын өзгемен бөлісе білуі. Жақынына жанашыр, мұқтажға медет, жалғызға сүйеу бола алуы. Сондықтан да, айт күндері жасалған әрбір ізгі амалдың салмағы бөлек. Бір үйдің дастарқанына жеткен бір жапырақ еттің өзі кейде бір отбасының көңіліне жылу, бір баланың жүрегіне қуаныш сыйлайды.

ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша бас имамы Естай Әбдіғали Құрбан айттың қадірі ең алдымен, адамның ықыласында екенін айтады. Оның сөзінше, бұл мереке мұсылман баласын Жаратушыға жақындатып қана қоймай, қоғамдағы өзара жанашырлықты күшейтеді.

– Құрбан айт – адамның қо­лын­дағы малын ғана емес, жү­ре­гіндегі кірбеңін, немқұрайды­лығын, өзімшілдігін құрбан ететін күн. Құрбан айттың қадірі құрбандықтың көлемімен өлшенбейді. Оның өлшемі – ниет, ықылас, мейірім. Біреуге ет жеткізу, біреу­дің көңілін сұрау, бір баланы қуанту, бір шаңыраққа жылу сыйлау – осының бәрі айттың шынайы рухын танытады. Бұл күн бізді тек тұтынуға емес, бөлісуге, даралануға емес, жақындасуға шақырады. Бұл мерекенің шынайы мәні – сойылған малдың санында емес, мұқтаждың көңіліне жеткен мейірімде. Егер айт күні бір отбасының дастарқаны толып, бір баланың жүзі жадырап, бір жалғыз жан өзін қоғамнан тыс сезінбесе – міне, сол Құрбан айттың берекесі, – дейді Қарағанды облысының бас имамы Естай Әбдіғали.

Құрбан шалу – шамасы жеткен адамға жүктелетін сауапты амал. Ал, оның етін мұқтаж жандарға жеткізу, көрші-қолаңмен, ағайын-туыспен бөлісу – айттың шынайы рухын танытатын ізгі дәстүр.

Биыл Құрбан айттың алғашқы күні 27 мамырға сәйкес. Қарағанды облысы бойынша айт намазы таңғы сағат 06:30-да оқылады. Намаздан кейін облыстық «Әнет баба» мешітінің ауласында және өңір мешіттерінде мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылмақ. Ұлттық ойындар, балаларға арналған бағдарламалар, рухани-танымдық кездесулер – мұның бәрі айттың отбасылық әрі қоғамдық сипатта өтуіне бағытталған.

Десе де, бұл күннің басты өзегі – қайырымдылық. Құрбандыққа шалынған малдың еті арнайы тәртіппен мұқтаж отбасыларға жеткізіледі. Осы мақсатта өңірде арнайы жұмыс штабы құрылып, құрбандық етін тарату жүйелі түрде ұйымдастырылады. Яғни, айт қуанышы мешіт ауласында ғана қалмай, көмекке зәру жанның шаңырағына дейін жетуі тиіс.

Құрбан айттың тағылымы да осында. Бұл мереке бай мен кедейдің, үлкен мен кішінің, қала мен ауылдың арасын жақындатады. Біреудің ниеті – құрбандық шалуға, біреудің ниеті – қолғабыс етуге, енді біреудің ниеті – дұға жасап, жақсы сөз айтуға бағытталады. Қоғамды ұстап тұрған көрінбейтін рухани жіптер дәл осындай күндері бекемделе түседі.

– Құрбандық – сыртқы амал ғана емес, ішкі тәрбиенің көрінісі. Қазақ қашан да айт күнін ағайынның амандығын сұрасатын, үлкеннің батасын алатын, баланың көңілін қуантатын қасиетті мезгіл деп білген. Құрбан айт сол дәстүрді имандылықпен ұштастырады. Бұл күні дастарқандағы дәм де, айтылған бата да, жасалған жақсылық та адамды жақындастырады. Ең бастысы – айт қуанышы әр шаңыраққа, әсіресе көмекке мұқтаж отбасыларға жетуі керек, – дейді Естай Айтуғанұлы.

Сондықтан, Құрбан айттың қадірін құрбандықтың көлемімен емес, жүректегі ықыласпен өлшеген жөн. Біреуге жылы сөз айту, жалғызілікті жанның халін білу, мұқтаж отбасына қол ұшын созу, баланың көңілін қуанту – мұның бәрі айттың рухына сай амалдар.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button