Қарағанды облысында «кәсіптік аурулар» мен жарақаттану деңгейі екі есеге азайған. Ғұмыры ұзарған кеншілер кәсібіне кейіс білдірмейді бүгін. Өйткені, көмір мен өмір өндірісті өңір үшін егіз ұғым. Қара алтын миллиондаған қазақстандықтарды жылумен қамтамасыз ететінін ескерсек, ондаған жылдар бойы атаулы салада жазатайым жайттардың болғандығын тарих парақтары жасырмайды.

Президент пәрмені
– Қазақстанда кен өндіру өнеркәсібі жақсы дамығаны баршаңызға белгілі. Осы сала ұлттық экономиканың өсімін қамтамасыз ететін сенімді табыс көзі болып келеді. Болашақта да солай болуға тиіс. Көптеген металдың әлемдік нарықтағы бағасы бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Соған қарамастан ірі өндіріс орындарына жақын тұратын жұрттың наразылығы күшейіп барады. Олар экология нашарлап, денсаулыққа зиян келтіріп жатқанын айтып, шағымдануда. Жұмысшылардың өндірісте мертігуі және қазаға ұшырауы көп болып кетті. Үкімет кәсіпорындардың технологиялық және экологиялық ахуалын, денсаулық сақтау жүйесін жақсарту үшін батыл шаралар қабылдауы қажет. Сондықтан ірі өндіріс кәсіпорындары 5 жыл сайын технологиялық және экологиялық аудит жасауы керек. Бұл талап инфрақұрылым саласындағы кәсіпорындарға да қойылуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында.
2023 жылғы қазанда 46 кеншінің өмірін қиған Костенко атындағы шахтадағы метан жарылысынан өрбіген оқиға қалай ұмытыла қойсын. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамашылдығымен алдыменен меншік иесі ауысты. Қадағалау функциялары кілт өзгертілді. Өндірістегі қауіпсіздікке бұрын-соңды болмаған көлемде инвестиция құйылды. Иә, бас басымдық қашанда адам өмірі болмақ.
Кейінгі екі жыл ішінде жағдай түбегейлі өзгерді. Qarmet компаниясы көмір өндіруді жаңғыртуға шамамен 500 миллион доллар инвестиция құя білді. Қазақстандық көмір саласының 90 жылдан астам тарихында мұндай қомақты қаражат алғаш рет мақсатты түрде қауіпсіздікке бағытталып отыр. Компания 2028 жылға дейінгі стратегиялық жоспарды («5-9-5») әзірлеп үлгерген. Ол дегеніміз – 5 млн тонна болат, 5 млн тонна темір рудасы концентраттары және 9 млн тонна көмір. Жалпы инвестиция көлемі – шамамен 3,5 млрд доллар.
«Кәсіптік сырқат» демекші, аймақта сырқат салдарынан 2024 жылғы 232 жағдайдан 2025 жылы 102 жағдайға дейін кемігендігі айғақталды. Шахтердің негізгі кәнігі сырқаты радикулопатия және остеоартроз екендігі белгілі. Дәрігерлер тарабы мұндай көрсеткіштерді де айтарлықтай төмендету мүмкін болғандығын растайды. 2024 жылы өндірістік жарақаттану 19,2 %-ға азайып, зардап шеккендер саны 401 адам болған-тын. Қаза тапқандар саны үш есеге – 23 адамға дейін қысқарды. Тау-кен өндіру саласында 187 жағдай (жалпы санның 46,6 %-ы) тіркелді. Топтық апаттар да кілт азая бастады.
Қауіпсіздік қабаты
Қазыналы Қарағандыда өндіріс қуаты аршындап өсіп келеді. Былтыр елімізде 115,9 млн тонна көмір өндірілді. Алдыңғы жылмен салыстырғанда 7%-ға артық өнім өндірілген. Qarmet компаниясы 2024 жылдың мамырында болат өндіруден бес жылдық рекорд жаңартты. Бұған биылғы өңірде Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) қолдауымен тау-кен өндірісіндегі еңбекті қорғау бойынша өңірлік оқыту бағдарламасы септесіп келеді.
Қауіпсіздік қалқаны дерлік жұмыс шарттарының едәуір жеңілдеуіне не себеп болды. Тоқталып көрелік. Шахтаның шаруасын шашау шығармас ету әсте оңай реформа болмаса керек-ті. Qarmet және өзге де «Шұбаркөл Көмір», «Алтыналмас» сынды қабырғалы кәсіпорындар өндірістік саланы белсенді түрде цифрландыруға жең түрініп кірісті. Мәселен, Орталық диспетчерлік пункт – жер асты және жер үсті жұмыстарының, газ датчиктері мен өрт сөндіру жүйелерінің деректерін нақты уақыт режимінде жинайтын бірыңғай талдау кешені істі ілкімді қыла алды. Кеншілерді позициялау жүйесі өткен жыл соңына дейін барлық шахтада орнатылды. Шамдар мен қазбалардағы датчиктер кез келген тереңдіктегі әрбір кеншіні көруге және онымен байланысуға мүмкіндік береді.

Азотты мембраналық қондырғылар – Қазақстанның көмір саласындағы алғашқы жаңалық. «Қазақстан» шахтасында олар оттегіні азотпен (концентрациясы 97-99 %) алмастыру арқылы эндогендік өрттердің алдын алады. Бұл қондырғының өнімділігі кәдімгі құтқару жасақтарынан үш есе жоғары. Инновациялық жабдықтарға келсек, газ анализаторлары бар жарылысқа төзімді смартфондар, конвейерлерді бақылаудың «ақылды» жүйелері, жұмысшылардың денсаулығын нақты уақытта бақылайтын электронды жүйелер іске сәтімен қосылған.
– Өнеркәсіпті дамыту қорымен ынтымақтастық шеңберінде 2026 жылдың наурызында Qarmet металлургия комбинатында заманауи диагностикалық жабдық – RDI Technologies компаниясының Intellinova Parallel EN және Iris M жүйелері пайдалануға берілді. Бұған дейін жоғары дәлдіктегі диагностика жүргізу үшін үшінші тарап ұйымдары тартылатын. Алайда, енді компания өндірістік процестерді тоқтатпай, жабдықтың жай-күйін кешенді бағалауға өзіндік құзыретке ие болды. Осы шешімдерді енгізу агрегаттарды нақты уақыт режимінде егжей-тегжейлі диагностикалауға, ауытқуларды анықтаудың жеделдігі мен дәлдігін арттыруға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Qarmet жабдықтарының техникалық диагностикасы және сенімділігі бөлімінің басшысы Сергей Кван.
Бұл шаралар нәтиже беруде. Екі жыл бұрын Костенко шахтасында түтін шығу оқиғасы жаңа жүйелер мен персоналдың үйлесімді жұмысының арқасында ешқандай шығынсыз жедел жойылды. Сол сәтте жер астында 194 адам болған. Адам өмірі – басты құндылық десек, өлім-жітім мен кәсіптік аурулардың азаюы білікті кадрларды сақтауға мүмкіндік береді. Кеншілер өздеріне деген қамқорлықты сезініп, жұмысқа ынтасы артады. Экономикалық тиімділік тұрғысында да түрлі өндірістік кідірістер, өтемақылар да едәуір азайғанын атап өтпегіміз ләзім.
Тың тәсіл тиімді
Қарағанды көмір бассейнінде өндірістік тыныс жаңаша серпін алды. Qarmet компаниясының шахталарында бұрын-соңды болмаған технологиялық жаңғыру жүріп жатыр. Көмірді құрғақ байытуға арналған заманауи кешендер бір мезетте төрт нысанда бой көтеруде. Бүгінде «Шахтинск», «Қазақстан», «Абай» және Т.Күзембаев атындағы шахталарда құрылыс жұмыстары қарқын алған. Кеніш алаңдарында ауыр техника тынымсыз қозғалыста, монтажшылар мен инженерлер жаңа дәуірдің өндірістік инфрақұрылымын қалыптастыру үстінде. Әр нысанда орнатылып жатқан кешендер көмірді жер астынан шыққан сәттен бастап-ақ сапалық іріктеуден өткізуге жағдай жаратуда.
Жобаның түпкі мақсаты – көмірді байыту процесін жер үстіндегі ұзақ әрі шығынды кезеңдерге жеткізбей, өндірістің өз ішінде оңтайландыру. Құрғақ байыту технологиясы суды пайдалануды барынша азайтып, экологиялық жүктемені төмендетеді. Сарапшылардың айтуынша, жаңа кешендер іске қосылғаннан кейін көмірдің сапалық көрсеткіштері айтарлықтай жақсарып, тұтынушыға жөнелтілетін өнімнің бәсекеге қабілеттілігі арта түседі. Сонымен қатар, өндіріс шығындары қысқарып, еңбек қауіпсіздігі деңгейі де жаңа стандарттарға көтеріледі.
Жаңа кешендер – сырт көзге ықшам көрінгенімен, мазмұны жағынан толыққанды өндірістік желіні қамтитын шағын форматтағы байыту қондырғылары. Іс жүзінде бұл – көмірді өңдеудің барлық кезеңін бір алаңға шоғырландырған мини-фабрикалар ма дерсіз. Шикізатты қабылдау мен ұсатудан бастап, оны сапалық іріктеу, байыту және дайын өнімді қоймаға жөнелтуге дейінгі бүкіл процесс біртұтас, үздіксіз цикл ретінде жұмыс істейді. Әр кешеннің қуаты сағатына шамамен 300 тоннаға жетеді. Мұнда басты рөлді жоғары деңгейдегі автоматтандыру атқарады: цифрлық басқару жүйелері әр кезеңді нақты бақылауда ұстап, адами фактордың әсерін азайтады. Соның нәтижесінде өндіріс тұрақтылығы артып, жабдықтардың сенімділігі күшейеді.
Жобаның технологиялық өзегі – суды мүлде қажет етпейтін ауа арқылы бөлу әдісі. Дәстүрлі байыту тәсілдерінен айырмашылығы, бұл жүйе көмірді тығыздық пен аэродинамикалық қасиеттері бойынша ажыратады. Яғни, ауыр жыныстар мен пайдалы көмір фракциялары ауа ағыны арқылы бөлінеді. Мұндай шешім өндірістегі су тұтынуды нөлге жуық деңгейге түсіріп қана қоймай, қалдық сулар мәселесін де жояды. Нәтижесінде, жаңа кешендер көмір байыту тәсілін түбегейлі өзгертетін технологиялық серпіліске айналуда. Олар пайдалану шығындарын қысқартып, өндірістің экологиялық ізін азайтып, Қарағанды көмір алабындағы индустриялық мәдениеттің жаңа стандартын қалыптастыруға жол ашады.
– Бұл технологияның негізгі қағидасы – судан толық бас тарту. Көмір мен жынысты бөлу ауа ағынындағы тығыздық айырмашылығы арқылы жүзеге асады. Бұл экологиялық қауіпсіздікті арттырады, шығындарды азайтады және климаттық жағдайға қарамастан жабдықтың тұрақты жұмысын қамтамасыз етеді, – деді «Шахтинск» шахтасының күрделі құрылыс жөніндегі бас инженері орынбасары Василий Барабанов.
Экологиялық аспектілерге ерекше назар аударылған: суды пайдаланудың болмауы сұйық қалдықтардың пайда болуын болдырмайды, ал, бөлінген жыныс қосымша өңдеусіз-ақ қауіпсіз түрде үйіндіге жіберіледі.
– Біз көмірдің күлділігін төмендетіп, соның есебінен «Восточная» орталық байыту фабрикасының тиімділігін арттырамыз. Өңдеуге бұдан да сапалы шикізат түсетін болады, – деп қосты Василий Барабанов.

Кешендерге арналған жабдықтар жеткізілген және қазіргі уақытта кедендік рәсімдеуден өтуде. Алдағы уақытта қызметкерлер жабдықтаушы компания өкілдерінің қатысуымен арнайы оқытудан өтеді. Жобаны жүзеге асыру Qarmet компаниясының көмір өндіру активтерін жүйелі жаңғыртудың бір бөлігі болып табылады. Компания заманауи технологияларды кезең-кезеңімен енгізу арқылы өндіріс өнімділігін, қауіпсіздігін және экологиялық стандарттарды арттырып, кәсіпорынның да, тұтас саланың да тұрақты дамуын қамтамасыз етуде.
Тізгінтартар
…Көмір үйді жылытты, металл балқытты, елді алға сүйреді. Бүгінде бір нәрсе өзгеріп жатыр. Шахтер өз кәсібіне қайтадан мақтанышпен қарай алады. Ал, оның отбасы отағасын үйінде қорықпай күтеді. Бәлкім, ең басты реформа да осы шығар. Асылы, есе қайтқан екі жыл – жеңіс туралы айту үшін тым қысқа мерзім болар. Бірақ бағыттың дұрыстығын айту үшін жеткілікті уақыт. Жарақаттанудың азаюы туралы цифрлар, қауіпсіздікке салынған инвестициялар, байытудың жаңа технологиялары – мұның бәрі әсте мәре емес, бастапқы нүкте. Ең бастысы, еңбек адамына деген көзқарас түбегейлі өзгерді. Өйткені, адам өмірі кез келген миллиардтардан да қымбат.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



