Бас тақырыпРуханият

Қарағандыда достықты дәріптеген рухани кездесу өтті

Жаһандану дәуірінде адамзаттық құндылықтар түрлі сипат алып, заман ағымына сай сан тарауға түсіп жатқан тұста өзінің әуелгі болмысын жоғалтпай, ізгілікке бастайтын асыл ұғымдардың бірі – достық. Адалдық пен сыйластыққа, жанашырлық пен рухани жақындыққа негізделген бұл қасиет қашан да биік. Сондықтан да, достықты дәріптеу, оның шынайы болмысын жас буынның санасына сіңіру – бүгінгі қоғам үшін ауадай қажет. Осы орайда Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінде «Үкілі үміт» клубының ұйымдастыруымен «Достың көңілі» атты келелі кездесу өтті.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Кештің басты кейіпкерлері – белгілі публицист, облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің бас редакторы Ерсін Мұсабек пен оның сырлас досы, филология ғылымдарының докторы, профессор Жансая Жарылғапов. Қалам мен парасатты қатар ұштастырған қос тұлға сұхбат алаңында достықтың мәні мен маңызы, оның адам өміріндегі орны жайында орамды ой қозғап, мазмұнды әңгіме өрбітті.

Кездесу барысында кейіпкерлер достықтың тек көңіл жарастығы емес, сын сағатта сыналатын үлкен рухани жауапкершілік екенін әсерлі мысалдармен тарқатты. Олардың балалық шақтан бастау алған сыйластығы, уақыт тезінен өткен қарым-қатынасы, өмірлік ұстанымға айналған достыққа деген беріктігі көрермен қауымды бейжай қалдырмады. Әсіресе, өткен күннің есті естеліктері жастардың көкірек көзін ашқандай болды.

Қазіргі таңда «дос» деген асқақ ұғымның парқына жететіндер сирек. Бүгінгі өлшемде бұл қасиет екіге жарылып бара жатқандай. Адал дос және амал дос. Адал дос – басыңа бұлт үйірілгенде жаныңнан табылып, қуанышыңды еселейтін, сенімен бірге өсетін шын жанашырың. Ал, амал дос – тек өз мүддесін күйттеп жақындасатын, сәл қиындықта сенім көпірін бұзатын уақытша жолаушы. Мен өз басым бұл жалғанда Жансаядай қашан да арқамды сүйер, ішімдегіні қабағымнан ұғатын айнымас серігімнің бар екеніне шүкір етемін. Оның ғалымға тән терең парасаты мен биік кісілігі маған әрдайым үлкен тірек. Сондықтан, жастарға айтарымыз – жандарыңызда санда емес, сапада тұратын, бақ пен сында бірдей табылатын шын достарды ұстай біліңіздер, – деді Ерсін Мұсабек өз сөзінде.

Іс-шараның мазмұнын байыта түскен тағы бір тұс – студенттердің ұлы тұлғалар, соның ішінде қазақ зиялылары арасындағы тарихи достық үлгілерін ортаға салуы. Бұл кештің танымдық салмағын арттырып, ұрпақтар сабақтастығын жалғады. Сондай-ақ, «Үкілі үміт» клубының өнерлі жастары достық тақырыбындағы әндерді әуелетіп, жиылған қауымның көңіл пернесін дөп басты.

Ерсін екеуміздің бастан кешкен қызықты оқиғаларымызды жіпке тізе берсек, ұзақ сонар жырға айналады. Тіпті, біздің достығымыз тек екеуміздің арамызда шектеліп қалмай, отбасылық үлкен сыйластыққа ұласты. Асыл жарларымыздың бірге оқып, құрбы болуы осы рухани тұтастығымыздың іргесін бекіте түсті. Сонау жалынды жастық шақта екеуміз де қаз мойын домбыраны үкілеп, айтыс аламанында қатар шапқан едік. Студенттіктің алғашқы жылынан-ақ қара сөздің қаймағын қалқып, талай думанды тойда асаба болып арқырағанымыз да кешегідей көз алдымда. Өмірдің заңы ғой – бала кезде қасыңда топталып жүретін жора-жолдас көп болады, бірақ уақыт сынынан өткен сайын олардың қарасы селдіреп, іріктеледі екен. Сол уақыт тезінен сүрінбей өткен, жанымда қалған санаулы достардың ең асылы – осы Ерсін. Бір қызығы, ауылымыздың арасы шалғай болса да, бізді мектеп қабырғасындағы пәндік олимпиадалар табыстырды. Мен ол кезде химия пәнінің жұмбағына үңілсем, Ерсін физика-математиканың күрделі әлемінде жүрген еді. Нақты ғылымдардан басталған сол алғашқы соқпақ, қазір қарап отырсақ, екеумізді де қасиетті сөз өнеріне, ұлы әдебиеттің ортақ арнасына тоғыстырды, – деді Жансая Жарылғапов.

Кеш аясында достық туралы ақ параққа өз ойларын жазып келген жастардың да шығармашылық жұмыстары сараланды. Бұл олардың ой-өрісін кеңейтіп, өз пайымын жүйелеуге ықпал етті. Сонымен қатар, клубтың шығармашыл жастары кейіпкерлермен алдын ала сұхбаттасып, достықтың мән-мағынасы жөнінде танымдық бейнесұхбат әзірлеген.

Аталған бейнематериалды клубтың әлеуметтік желідегі парақшасынан көруге болады.

Бұл тақырыпты қозғау көптен бері көңілде жүрген еді. Шыны керек, қазіргі уақытта арасына қылау түспеген, ондаған жылдар бойы сыйластығын жоғалтпаған шынайы достарды табу оңай емес. Осындай тағылымы мол тұлғалардың өмірлік өнегесі – жастар үшін баға жетпес сабақ. Құндылықтардың қадірі көмескіленіп, виртуалды әлем шынайы қарым-қатынасты алмастырған тұста, осындай келелі кездесулер әр жастың санасына сәуле түсіріп, дұрыс бағдар береді деп сенемін, – деді іс-шараны ұйымдастырушы, «Жастар әлемі» журналының редакторы Гүлнара Шөменова.

Кездесу соңында жастар қос кейіпкердің жарқын бейнесі бедерленген және бір-біріне арналған ақжарма тілектері жазылған ерекше картинаны сыйға тартты.

Иә, қоғамда әркім достықты өз пайымынша өлшейді. Дегенмен, оның алтын діңгегі – адалдық пен сенім екені хақ.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button