Бас тақырып

Ақылды агро ауылды өркендетеді

Қазіргі таңда әлем Төртінші индустриялық революция дәуіріне қадам басты. Цифрлық технологиялар, жасанды интеллект жүйелері, автоматтандыру – мұның бәрі күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Әсіресе, ауыл шаруашылығы сияқты дәстүрлі салалар өзгеріс сатысында. Индустриялық әрі аграрлық әлеуеті қатар дамыған Қарағанды облысының аграрлық секторы осылайша жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізіп отыр.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев агроөнеркәсіп кешенін ел экономикасының негізгі тірегінің бірі ретінде айтып келеді. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумында сөйлеген сөзінде ауыл шаруашылығын цифрландырудың маңыздылығына тоқталды.

«Агроөнеркәсіп кешенін цифрландырумен нақты айналысқан жөн. Өздеріңізге мәлім, жаппай цифрландыру және барлық салаға жасанды интеллект технологиясын енгізу Жолдауымда басты міндет ретінде аталды. Ауыл шаруашылығы үшін мұның мәні өте зор. Себебі жаңа технологиялар шығынды айтарлықтай азайтып, өнімділікті ұлғайтуға мүмкіндік береді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұл ұстаным аграрлық секторға инновациялық тәсілдерді енгізу – тек экономикалық емес, ұлттық қауіпсіздік мәселесі екенін көрсетеді.

Соңғы жылдары Қарағанды облысында ауыл шаруашылығын цифрландыру бағытында бірқатар нақты жобалар жүзеге асырылып жатыр. Осакаров, Нұра ауданындағы диқандар GPS-навигациясы бар егін техникаларын кеңінен қолдана бастады. Бұл жанармай шығынын 15-20 пайызға дейін азайтып, егіс сапасын арттыруға мүмкіндік берген. Мысалға, «Найдоровское» ЖШС – цифрлы агротехнологияларды тиімді енгізуші кәсіпорындардың қатарында. Бұл шаруашылықта егіс жұмыстары заманауи техникамен атқарылады, суармалы жерлер жүйелі түрде кеңейтілген, агротехникалық шешімдер деректерге сүйеніп қабылданады. Құрғақ климатқа қарамастан, мұнда тұрақты өнім алу – дәл осы цифрлы тәсілдердің нәтижесі. Әсіресе, су ресурстарын тиімді пайдалану мен егіс құрылымын дұрыс жоспарлау – шаруашылықтың басты артықшылығы.

– Бүгінгі ауыл шаруашылығы бұрынғыдай тек тәжірибеге сүйенетін сала емес. Қазір біз әр шешімді нақты дерекке негіздеп қабылдаймыз. Біздің шаруашылықта ақылды техника мен цифрлы жүйелерді енгізу – уақыт талабы болды. GPS-навигациясы бар техникалар, алқапты бақылауға арналған дрондар, топырақ пен ылғалдылықты өлшейтін датчиктер – мұның бәрі жұмысты жеңілдетіп қана қоймай, нақты нәтиже беруде. Мысалы, біз бұрын егістікті көзбен бағалап, шешім қабылдайтынбыз. Қазір Заттар интернеті арқылы нақты көрсеткіштерге сүйенеміз. Қай жерде ылғал аз, қай жерде тыңайтқыш жетіспейді – бәрін көріп отырамыз. Соның арқасында шығын азайды, өнім тұрақтанды. Әрине, қиындықтар да бар. Технология арзан емес, ауылдағы интернет те кейде кедергі келтіреді. Бірақ, соған қарамастан, цифрландырудан басқа жол жоқ. Кім технологияны меңгереді, сол ұтады. Біздің мақсат – тек өнім алу емес, оны тиімді, үнемді және тұрақты түрде өндіру. Оған жетудің ең дұрыс жолы – ақылды технология мен ақылды техниканы кеңінен қолдану, – дейді «Найдоровское» шаруашылығының директоры Павел Лущак.

Бүгінде диқандар Заттар интернеті, датчиктер мен цифрлы платформалар арқылы әр алқаптың жағдайын нақты бақылайды.

– Біз бұрын табиғатқа бейімделіп жұмыс істесек, қазір табиғаттағы өзгерістерді алдын ала біліп, соған сай әрекет етеміз. Бұл – цифрландырудың ең үлкен артықшылығы, – дейді білікті агросарапшы Аспандияр Сейсен.

Жасанды интеллект агросекторда тәуекелдерді басқарудың негізгі құралына айналып келеді. Ол ауа райының құбылуын болжауға, өнімділікті алдын ала есептеуге және фермерге тиімді шешім ұсынуға көмектеседі.

– Нақты дерекке сүйенген шаруашылық ешқашан ұтылмайды. Себебі онда әр шешім есеппен қабылданады, – дейді Аспандияр Сейсен.

Алайда, сарапшы цифрландырудың кемшіліктерін де ашық айтады.

– Бізде басты мәселе – технологияның қолжетімділігі. Ірі шаруашылықтар цифрландыруға тез бейімделіп жатыр, ал, шағын фермерлер үшін әлі де күрделі. Сонымен қатар, ауылдық жерлердегі инфрақұрылым мәселесі де өзекті. Интернет сапасыз болса, ешқандай «ақылды ферма» жұмыс істемейді. Бұл – шешімін күткен жүйелі мәселе. Цифрлы агросалаға жаңа буын мамандар қажет. Бүгінгі фермер – тек диқан емес, ол әрі технолог, әрі талдаушы болуы керек. Цифрлы технологиялар – бұл мүмкіндік. Бірақ, оны тиімді пайдалану үшін мемлекет, бизнес және фермер бір бағытта жұмыс істеуі керек. Сонда ғана біз бәсекеге қабілетті, тұрақты агросектор қалыптастырамыз, – дейді ол.

Сарапшылардың пікірінше, бұл мәселелерді шешу үшін мемлекеттік қолдауды күшейту қажет. Атап айтқанда, субсидиялау, жеңілдетілген несие беру және фермерлерді оқыту бағдарламаларын кеңейту маңызды.

Бүгінгі ауыл шаруашылығында дәстүрлі мамандықтар да жаңа сипатқа ие бола бастады. Мысалы, бұрын «механизатор, тракторшы, жүргізуші, малшы» деп аталатын мамандардың орнына қазір оператор, пилот, бағдарламашы деген жаңа лауазымдар пайда болды. Алып комбайнның кабинасына отырған адамды қарасаңыз, қазір ол тек техника жүргізушісі емес, монитор арқылы егістіктің барлық процесін басқаратын бағдарламашы іспетті. Монитордың тілін білмесең, тракторшы немесе механизатор болу мүмкін емес. Осындай өзгерістер өсімдік шаруашылығында да айқын көрініс тапты. Бүгінде агрономдардың көбісі қағаз, қалам немесе сызғышпен емес, бір ғана планшетпен жұмыс істейді. Олар алқаптағы барлық жағдайды кеңседен бақылап, деректерге сүйеніп шешім қабылдайды. Бұл тәсіл дәлірек және тиімдірек екені дәлелденіп отыр.

Мал шаруашылығында да технология осылай ену үстінде. Сондықтан көптеген мамандар ескі әдістерін жаңартып, цифрлы технологияларды меңгерсе, жұмыстың өнімділігі едәуір артатыны сөзсіз. Осыдан келе, фермер тек, қарапайым шаруа емес, цифрлы технологияны меңгерген менеджер болуы керек.

Ақылды технологиялар мен цифрлы шешімдер агросаланы жаңа деңгейге көтеріп, өнімділікті арттыруға мүмкіндік беретінін әзірге алпауыт шаруалар ғана сезінуде. Дегенмен, толық цифрландыруға жету үшін тек техника сатып алу жеткіліксіз. Фермерлерді оқыту, инфрақұрылымды жақсарту, мемлекеттік қолдау шараларын қамтамасыз ету және деректерді тиімді өңдеу – бәрі қатар жүрмесе, нәтиже толық болмайды. Қысқасы, технология, білім және инфрақұрылым біріккенде ғана агросала алға қадам басады.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button