Бас тақырып

Қазақ ғылымының темірқазығы

Елімізде көктемнің шуақты күнімен қатар келетін 12 сәуір – ұлт руханияты мен ғылымының тоғысқан тағылымды сәті. Дәл осы күні қазақ ғылымының шамшырағы, ұлы ғалым Қаныш Сәтбаев дүниеге келген. Биыл оның туғанына 127 жыл толып отыр. Уақыт өткен сайын оның есімі биіктей түсіп, еңбегі тереңдей береді. Ғылым күні мен Сәтбаевтың туған күнінің қатар келуі – өткен мен болашақты жалғайтын символдық көпір іспетті. Бұл күн – тек тарихқа тағзым емес, сонымен бірге, ғылымға деген сенім мен келешекке деген үміттің көрінісі.

Коллажды жасаған Арайлым Коктаева

Қаныш Сәтбаевтың өмір жолы – ғылымға адал қызмет етудің айқын үлгісі. Сәтбаев үшін ғылым елді дамытудың негізгі тетігі болды. Оның ғылыми қызметінің ең ірі жетістіктерінің бірі – Жезқазған кен орнын жан-жақты зерттеуі. Сол кезеңде толық бағаланбаған бұл өңірдің байлығы Сәтбаевтың зерттеулерінің арқасында дәлелденіп, әлемдік деңгейдегі ірі мыс кен орны ретінде танылды. Бұл жаңалық Қазақстанның индустриялық дамуына зор ықпал етті. Ғалым кен орындарын зерттеуде тек геологиялық әдістермен шектелмей, олардың экономикалық маңызын да есепке алу қажет екенін көрсетті. Осы арқылы ол ғылым мен өндірістің байланысын нығайтты.

Осы мағыналы күннің аясында Ғылым күні – ұлттың ойлау жүйесін, таным көкжиегін кеңейтетін рухани белес ретінде айрықша мәнге ие. Ғылым – уақытпен жарысқан адамзаттың ең ұлы жетістігі болса, сол жолда тер төккен тұлғалардың тағдыры – ел тарихының ажырамас бөлігі. Солардың алдыңғы қатарында тұрған Қаныш Сәтбаев – ғылымды ұлттың тірегіне айналдырған бірегей қайраткер.

Зертханалардағы тынымсыз еңбек, сансыз ізденіс, табандылық пен төзім осы күні дәріптеледі. Бұл көзге көрінбейтін, бірақ қоғамның барлық саласына әсер ететін ғылымның құдіретін мойындатпай қоймайды. Ғылым бар жерде даму бар, ғылым бар жерде болашақ бар. Бүгінгі ұрпақ үшін бұл күннің мәні одан сайын арта түсуде. Өйткені, жаһандану дәуірінде білім мен ғылым бәсекеге қабілеттіліктің басты өлшеміне айналды. Ғылымға бет бұрған ел ғана өз болашағын нық қалыптастыра алады. Осы тұрғыдан алғанда, Ғылым күні елдік мүддені, интеллектуалдық дамуды, ұлттық сананың жаңғыруын айқындайтын маңызды кезең.

Ғылым түптеп келгенде, адамзаттың ақыл-ойының, ізденісінің, үмітінің көрінісі екені анық. Уақыт алға жылжыған сайын ғылымсыз алға ілгерілеу жоқтығын сезіне түскендейміз. Бүгінде қарапайым күнделікті өмірдің өзі ғылым жетістіктерімен тығыз байланысты. Осы жетістіктердің бастауы кезінде үлкен сеніммен, табандылықпен жасалған ғылыми қадамдарда жатыр. Сол қадамдардың көшбасында тұрған Қаныш Сәтбаев сынды тұлғалар ғылымның тек бүгінін емес, ертеңін де айқындап кетті. Ғалым болу – жауапкершілік, ол – ұлт алдындағы аманат. Қазіргі таңда ғылым жаңа сипатқа ие болып отыр. Цифрландыру, технологиялық серпіліс, жасанды интеллект – мұның барлығы ғылымның жаңа белестерін айқындайды. Осындай кезеңде ғылымға деген көзқарас та өзгеруі тиіс. Ол бүкіл қоғамның ортақ құндылығына айналуы қажет.

Соңғы жылдары Қарағанды өңірі де ғылым мен инновацияның жаңа орталығына айналып келеді. Мәселен, металлургия саласында техногендік қалдықтарды қайта өңдеу арқылы жаңа материалдар алу бағытында маңызды зерттеулер жүргізілуде. Бұл бастамалар өндірістегі қалдық көлемін азайтып қана қоймай, жаңа өнім түрлерін шығаруға мүмкіндік береді.

Медицина және биотехнология саласында да бірқатар жаңалықтар бар. Қарағандыдағы ғылыми орталықтарда онкологиялық ауруларды ерте анықтау, жұқпалы аурулардың алдын алу, жаңа диагностикалық әдістерді енгізу бойынша зерттеулер жүргізілуде. Бұл жобалар халық денсаулығын жақсартуға бағытталған нақты ғылыми жетістіктердің бірі болып отыр.

IT және цифрлық технологиялар бағытында да өңір жастары белсенді. Студенттер мен жас зерттеушілер стартап-жобалар жасап, жасанды интеллект, деректерді талдау, автоматтандыру салаларында тың шешімдер ұсынуда. Бұл – ғылымның тек теория емес, нақты нәтижеге бағытталғанын көрсететін айқын дәлел.

Тағы бір маңызды бағыт – жас ғалымдарды қолдау мен ғылымға тарту мәселесі. Соңғы жылдары түрлі гранттар, ғылыми байқаулар мен стартап бағдарламалар арқылы жастарға үлкен мүмкіндіктер берілуде. Бұл – ғылымның үздіксіз дамуын қамтамасыз ететін негізгі фактордың бірі. Себебі, ғылым – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын эстафета. Сол эстафетаны лайықты жалғастыру бүгінгі жас буынның қолында.

Ал, Қарағанды облысындағы ғылыми ізденістер – Қаныш Сәтбаев негізін қалаған ғылым жолының лайықты жалғасы.

Жамал СОВЕТҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Сурет Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ баспасөз қызметінен

Басқа материалдар

Back to top button