Баған

Кінәлауға неге құмармыз?

Пендеміз. Көңіліміз толмай қалатын тұстары бар бұл өмірдің. Иә, үнемі ырзашылықта жүрудің өзі мүмкін емес те шығар. Кім білсін? Айтайын дегенім, кінәмшілміз. Мәселен, енесі келінін ұнатпай қалады, баласы әкесіне разы болмай, өкпелеп жатады немесе базбіреудің түсіне қарап, ішіне кіргендей «түрі айтып тұр ғой» деген пікір білдіреді. Таңсық емес. Көздің көріп, құлақтың естігені ғой. Өзімді «сүттен ақ, судан тазамын» деп ат тонымды ала қашудан аулақпын. Бұл бейқылықты бойымнан да табамын.

Көлігімнің бір жері сыр беріп тұрса, жігерім құм болғандай күйге түсетінім бар. «Осыдан жөндеп, сатып жібермесем» деп аз-кем ызаға булығып, сабама түспей қоямын. Ал, ол көліктің жолда қалдырмағанын, жылы, жаңа екенін сол сәт есімнен шығарып аламын. Бір сайманға бола, астымдағы атымды кінәлап шыға келгенімді көңілім жайланған соң, түсініп жатамын…

Кейде, көңілім қалған адамның маған жасағанын ұмыта алмай жүретін кездер де жоқ емес екендігін несіне жасырайын. Жоооқ, кекшіл емеспін. «Неге өйтті екен?» деумен іштей жеу ғой. Өкпеге қимағандығымнан шығар, әйтпесе қолыммен сілтеп, жолыммен жүре беруді мен де білемін ғой. Жә, сыр шертіп кетіппін. Тақырыпқа ойысайық.

Мен ғана кінәмшілмін деп ойласам, олай емес екен. Айналама анық қарасам, жұрттың көбісінің көңілі толмай, өзінің досына, ағасына, жұмысына не басқасына кінә артып жататынын байқаймын. Сыр тарқатып, сеніп айтатыны бар, ашуланып келіп, төніп жеткізетіні бар. Үнсіз тыңдап отырып, «тәк, ол кісінің қандай жақсы қасиеті бар еді» деген ойға шомамын. Мүмкін емес, әсте әдейі, бәлкім, байқамай пенденің қателесіп жаңылмауы.

Мүмкін емес. Адамның ашуын да, өкпесін де тарқатар адами қасиеттің кез келген пенденің бойынан табылмауы. Тек, нәпсінің мысын басып, жаңағы кісінің жақсылығын көрсек, бәлки, бәрі өзгерер. Өмірде үлкен өзгеріс болар.

Оқушы кезімде мұғалімнің мені балалардан бөлектегеніне өкпем қара қазандай болған. Үйдегі Дөдеме (атам) айтпасқа амал болмады. «Мектептегіні үйге жеткізбе» дегенді мықтап тапсырған Дөдеме кібіртіктеп, әрең айтқан едім. Сонда Дөдем, қолымды қысып тұрып. «Мынаны есіңнен шығарма» деді. «Балам, ол мұғалімің мұның алдында саған жақсылық жасап еді ғой, соны ұмытпа. Өкпеңді тарқат, кешірім сұра. Адамның бір білместігіне сонша өкпелей беретін болсақ, сыйластықтың, адамгершіліктің, жалпы өмірдің құны қалмайды ғой. Сондықтан, біреуге ренжіп қалсаң, бірден оның жақсы қасиетін есіңе түсір. Әрине, ашу үстінде тұрсаң, оңай емес. Бірақ, осыны бойыңа сіңірсең, шарапаты көп тиеді».

Ата сөзі санамда сақтаулы қалғанымен, игілігіме жаратқанымның аз екенін несіне жасырайын. Бірақ, кінәмшілдігімді тыйып келеді.

Мынаны естіп қалдым. Иса пайғамбар сахабаларымен келе жатып, балшықтан жаңа шыққан, көзі кіртиген итті кезіктіреді. Қасындағылар «сасығын-ай», «жүні сабалақ неме» деп иттен жиіркеніп жатады. Сонда Иса пайғамбарымыз «қараңдаршы, тісі аппақ, әдемі екен» депті…

Естіген сәтте ешкімге керегі жоқ иттің өзінен жақсылық, әдемілік көріп тұрған пайғамбарымызға қатты сүйсініп кеттім. «Расымен, жақсы адам керексіз иттің өзінен де жақсылық көреді екен ғой» деген ойда қалдым. Оның қасында жұмыр басты пендеден, тіпті…

Опа бермесін білсек те, кінәлауға неге құмармыз?

Қасымхан ҒАЛЫМ,

«Ortalyq Qazaqstan» газетінің тілшісі.

Басқа материалдар

Back to top button