Жаңалықтар

Салымшы жинағы – сенімді қолда

Өмір бойы тірнектеп жинағаныңның қызығын, бейнеттің зейнетін көру көптің арманы екені анық. Әсіресе, орта буын өкілдері, зейнет жасына жақындағандар үшін бұл маңызды мәселе. Қызметтен қол босап, құрметті еңбек демалысына шыққан уақытта алатын зейнетақысының мөлшері жоғары болуын барлығы да қалайды. Ол үшін үздіксіз еңбек етіп, жарналарды тұрақты аудару керек. Ал, зейнетақы жинақтарының сенімді есебін жүргізіп, әрбір салымшыға қолжетімді зейнетақы қызметтерін ұсынатын «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамының жұмысы жауапты да ашық. Қызмет барысын өз көзімізбен көру мақсатында Қордың Қарағанды облыстық филиалына біз барған күні адам қарасы әдеттегідей көп болған еді.Салымшылардың негізгі келетін уақыты сағат күндізгі 11.00 мен 15.00 аралығы. Ал, таңертең және кешкісін адам қатары сиректеу болады, – дейді бізге облыстық филиал директорының орынбасары Назгүл Қыдырмина.

– Филиал қызметкерлері күніне 150-200 адамға көмек көрсетеді. Салымшылар өз шоттарындағы жинақтарының жалпы сомасын, оның қаншасын алуға болатынын білгісі келіп, біздің қызметке жүгінеді. Сондай-ақ, келушілердің дені өз шоттарының көшірмесін білу мәселесімен де хабарласады. Мұнымен қатар, тұрақты тұрғылықты жерге көшуге байланысты төлемдер мен мұрагерлік мәселелері бойынша да жиі келеді. Қайтыс болған салымшылардың мұрагерлері келіп, зейнетақы жинақтарын алуда.

– БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда оның жинағы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мұраға қалдырылады. Ол үшін нотариусқа барып, мұрагерлерді анықтап, мұраға құқығын белгілейтін құжатты алып келсе, жетіп жатыр. Жинақ толық беріледі. Қайтыс болған адамның бар жиған-тергені мемлекетке ауысады деген жаңсақ пікір, – деп түсіндірді Назгүл Қыдырмина.

Облыстық филиалға қарасты Теміртау, Шахтинск, Балқаш, Абай, Саран қалалары мен Қарқаралы, Нұра, Осакаров, Ақсу-Аюлы және Жаңаарқа аудандарында бөлімшелер жұмыс істейді. Былтыр шілде айында Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қалалары да Қарағанды облысы бойынша филиалға қосылыпты. Оған дейін ол өңірлік филиал болған екен. Енді, Ұлытау облысының ашылуына байланысты өзгерістер бола ма, жоқ па, әлі белгісіз көрінеді.

– Жезқазған өңірі әзірге біздің құрамда жұмыс істеп тұр. Олардың бөліну-бөлінбеуі әлі де белгісіз. Менің мұнда басшы болып келгеніме көп болған жоқ. Бір жылдың айналасында филиал жұмысымен егжей-тегжейлі танысып, жүйелі жұмыстың жолға қойылғанына көз жеткіздім. Салымшылардың мүддесіне бағдарланған сапалы қызмет көрсету үрдісін жалғастыра береміз, – дейді облыстық филиал директоры Мамыралы Жұмабекұлы Мәмбетов.

Филиал мамандары жаз мезгілінде келушілердің аз екенін атап өтті. Назгүл Әлімқызы мұны жаздағы демалыстармен байланыстырады. Қарбалас жұмыс әдетте қыркүйектен басталады екен. Демалыс уақыты бітіп, барлығы жұмыстарына оралғанда келушілер қатары көбейеді. Олардың арасында зейнет демалысына шыққан адамдар да аз емес. Облыстық филиалдағы 72 қызметкер күн сайын жоғарыда айтқан жұмыстардан бөлек аудан-ауылдарға барып қызмет көрсетеді. Мәселен, филиал мамандары екінші тоқсанның өзінде сапарға 650 рет шығып, қызмет көрсеткен екен.

– Біздің қызметкерлер түрлі ұйымдарға барып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Салымшылар жұмыстарынан босай алмай қалған жағдайда мамандарымыз аталған мекенжайға барып, сол жерде қажетті қызмет көрсетеді. Мүмкіндігі шектеулі жандарға аталған көмек міндетті түрде жасалады. Филиалда төрт бөлім жұмыс істеп тұр. Операциялық бөлім, барып қызмет көрсету бөлімі, әкімшілік және бақылау бөлімдері бар. Мұның соңғысы барлық операциялар, құжаттар бойынша бақылау жасап отырады. Бірінші жартыжылдықта біздің филиал облыс бойынша 35 мыңнан астам салымшыға 72 183 қызмет түрін көрсетті, – дейді Назгүл Қыдырмина.

Назгүл Әлімқызы әріптестерін жоғары бағалап, кәсібилігіне шәк келтірмейді. Айтуынша, мұндағы қызметкерлердің басым бөлігі БЖЗҚ құрылған 2013 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан мамандар. Олардың бұған дейін басқа зейнетақы қорларында жасаған жұмыс тәжірибелері бар. Сондықтан қай-қайсысы да зейнетақы жүйесіндегі жұмыстың жай-жапсарын жақсы біледі. Барып қызмет көрсету бөлімінің жетекші маманы Ақмарал Түсіпбекова кез келген уақытта барып қызмет көрсетуге арналған ноутбук пен принтер, басқа да керек заттар салынған шағын қобдишаны көрсетті. Ол еңбек ететін бөлімнің барлық мамандары балабақша, мектеп, шахта, зауыт, өндіріс орындарына, ауылдар мен аудандарға да сапарға шығады екен.

– Біз өңірдегі барлық өндіріс орындарына барамыз. Көпшілікке мәлім, 2014 жылдан бері елімізде тағы бір зейнетақы жарнасының түрі енгізілген. Ол – міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары. Жұмыс беруші жұмыскердің еңбекақысынан емес, өзінің жеке табысының 5%-ын зейнетақы қорына аударып отырады. Бұл жарналарды жұмыс берушілер еңбек жағдайлары зиянды деп саналатын жұмыстармен айналысатын жұмыскерлерінің пайдасына өз қаражаты есебінен төлейді. Біз сол өндіріс орындарындағы жұмыскерлермен арада келісімшарттар жасасып, оларды осында келтірмей-ақ, өзіміз барамыз, – деп түсіндірді Ақмарал Түсіпбекова.

Олар өндіріс орындарына ғана емес, ауылдарға да жиі барады. Жақында бөлім мамандары Ақтоғай, Қарқаралы аудандарының шалғай елді мекендеріне барып қайтыпты.

– Алыс жол үшін жабдықталған арнайы «Мобильді кеңсе» автокөлігі бар, онда барлық керек техникалық құралдар, интернет желісі қосылған. Ауыл тұрғындарына зейнетақы шотындағы сомасын, бірінші, екінші топтағы мүмкіндігі шектеулі адам болса, онда зейнетақы жинағының белгілі бір мөлшерін алу құқығы туралы айтып береміз, – деген Ақмарал Түсіпбекованың сөзін облыстық филиалдың бөлім басшысы Мадина Сапарова жалғады. Бөлім басшысының айтуынша, мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген бірінші және екінші топтағы адамдар мүгедектігі бойынша төлем тағайындауға өтініш бере алады.

– Мүгедектік бойынша зейнетақы төлемдері кесте бойынша белгіленеді. Салымшы жеке куәлігімен, банк деректемелерімен келсе болғаны, басқа құжат қажет емес. Мүгедектік туралы құжатты электронды түрде аламыз. Сосын осы құжаттар негізінде төлем тағайындаймыз. Егер зейнетақы жинағының сомасы ең төменгі зейнетақы мөлшерінен 12 еселенген мөлшерінен аспаса, ол қаражат бірден төленеді. Асып кеткен жағдайда, айға бөлінеді. 1 сәуірдегі жағдай бойынша зейнетақының ең төменгі мөлшері – 48 032 теңге. Осының 12 еселеген мөлшері 576 384 теңгені құрайды. Егер, зейнетақы мөлшері осы сомадан аспайтын болса, оны бірден алуға болады. Бұл мүгедек адамдарға да, зейнет жасындағы адамдарға да қатысты. Егер зейнетақы жинағындағы сома көрсетілген мөлшерден асып кетсе, ол кесте бойынша беріледі, – дейді Мадина Сапарова.

– Бұрын тұрғындар арасында жинақтарының қанша мөлшерде екенін нақты біле алмаулары салдарынан жеке зейнетақы қорларына деген сенімсіздік болатын. Ал БЖЗҚ құрылғаннан кейін халықтың көзқарасы өзгерді, – деген Ақмарал Түсіпбекова сөзін қайта жалғастырды.

– Қор тарапынан жүргізілетін ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде азаматтардың қаржылық сауаттылығы артып, олардың БЖЗҚ мен жалпы жинақтаушы зейнетақы жүйесіне деген сенімдері артып келеді. Халықтың Қорға деген сенімін күшейтуге ықпал ететін маңызды жайт, кез келген адам жеке зейнетақы шотында қанша жинағы барын, ай сайын қанша сома аударылып жатқанын, ол уақытылы аударылады ма, жоқ па, соның барлығын өздері біліп отырады. Біз салымшының жинағына түскен инвестициялық табыстың мөлшерін, ұялы қосымшаны пайдалану жолдарын көрсетеміз. Егер салымшыда электрондық сандық қолтаңбасы бар болса немесе БЖЗҚ-мен интернет арқылы қызмет алу туралы келісім шартқа отырған жағдайда ол Қордың ресми сайтынан немесе мобильді қосымшасынан қызметтерді өзі-ақ пайдалана алады. Тек келісім шарт міндетті түрде жасалуы керек. Ақмарал Түсіпбекова сөз арасында тағы бір түйткілді мәселенің шетін шығарды. Оның айтуынша, Қордағы жеке зейнетақы шоттарына ұзақ уақыт бойы жарна аудармаған адамдар қатары аз емес екен. Сондықтан, мамандар мұның себебін анықтап, қамсыз келешек үшін жарна аударудың қажеттілігіне қатысты түсіндіру жұмыстарын ұдайы жүргізіп отырады.

– Біз іздеп тауып хабарласатын салымшылардың көбі өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз ететін азаматтар. Мәселен, азаматтың иелігінде дөңгелек жөндеу орны бар делік. Табысы бар, бірақ зейнетақы қорына аударым жасамайды. Әдетте ондай адамдарға бірыңғай жиынтық төлемді төлеу мүмкіндігі бар екенін түсіндіреміз. Мұның қандай тиімділігі бар дейтін болсақ, ол болашақта еңбек өтілі ретінде есептелінеді. Төлем мөлшері ауыл тұрғындары үшін – 1500 теңге, қала тұрғынына – 3063 теңге. Осы соманың ішіне жеке табыс салығы, БЖЗҚ-ға аударатын жарналар, медициналық сақтандыру мен әлеуметтік аударымдар кіреді, – дейді Ақмарал Апрелқызы.

Атап кететін тағы бір маңызды жайт – әрбір салымшының зейнетақы жинағы оның өз меншігі. Ол Қордағы зейнетақы шотында сақталады. Әрі инвестициялық табыс есебінен үнемі көбейіп отырады. Сондықтан, «жалақымнан көп кетіп қалады» деген түсініктен түпкілікті арылып, жарналарды тұрақты аударып отыру керек. Себебі, жинақталған мол қаржы келешекте алатын қомақты зейнетақыңыздың сенімді түпқазығы .

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button