АймақЖезқазған

Көпір құрылысы: ҚАМСЫЗДЫҚ пен ҚАУІПСІЗДІК

Көпшіліктің мазасын кетірген көпір құрылысына қатысты дерек сұрағанмен, ол «құпия нысанға» айналған ба, әйтеуір, Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Қ.Бапанов пен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, автожолдар және жолаушылар тасымалы бөлімі басшысының міндетін атқарушы А.Жандарбеков бір-біріне сілтеп, ақыры алақандай ақпарат ала алмадық. Қайтеміз, көзге көрініп тұрғанын қаузаймыз.

Бұл – қаланы теміржол вокзалы және сапаржай жайғасқан жақпен жалғастыратын жалғыз көпір. Жергілікті жұртшылық «Бүкір көпір» атап кеткен. Астынан күні-түні «Қазақмыстың» кен керуені толассыз өтіп жатады. Әбден күйі кетіп, қаусаған көпірдің құлағалы тұрғанын айтып, жезқазғандықтардың «жылағанына» жиырма жылға жуықтаған. Құдай «көз жасын» көрген екен, өтпежолды қайта жаңғыртуды «Асыл-ЖАС» ЖШС биыл жазда қолға алды. Жобада бес тіреу, екі сүйеуқабырға құю қарастырылған.

Қазір қаланың шығыс айналма жолының маңы «қанбазар»: көпір жабылғалы сапаржайға ешқандай автобус жүрмейді, шаһар ішін шарлайтыны, сырттан қатынайтыны «Орион» сауда орталығының төңірегінде, жолдың қос қапталында иіріліп тұрады. Такси мен жеңіл автокөлік тағы бар. Әсіресе, жүргіншіге обал. Сапырылысқан көліктің қағып кету қаупі өз алдына, қамсыздықтың салдарынан ешқандай қамқорлық қарастырылмаған. Тізе бүгу былай тұрсын, күн ыстықта тығылатын көлеңке таппай, талайы теңселіп кеткен. Енді, міне, «қабағын түйіп», күзің өтіп барады. Алда – Арқаның арқыраған аязы…

Шойынжолға шығатын жолаушының да жағдайы жетісіп тұрған жоқ. Поезд келіп-кететін бозала таң мен кешке вокзалға жету мен қайту – мұң! Автобус қатынамайды, қаланы шыр айналып жүретін такси «әкесінің құнын» сұрайды. Сосын бала-шағасын жетелеп, асай-мұсайын арқалап, жарты шақырымдай жерге жаяу шұбырады. Күн ұзақ жазда ештеңе емес екен, күн қысқарған күзде – таза қиын! Қараңғыда сүрініп-қабынып жүргенің. Оның үстіне кен керуені ерсілі-қарсылы жүріп жатқан теміржол табанынан өту – қиямет! Таяуда біреуді бұзақылар «ұрып кетіпті» дегенді де естідік…

Жоба бойынша көпір құрылысын қарашаның соңына дейін аяқтау қарастырылған. Бірақ, оған дейін кім бар, кім жоқ?! Сірә, жергілікті билік пен полиция бөлімі бір шара жасамаса болмас…

Әлібек ӘБДІРАШ.

Суреттерді түсірген автор.

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button