Кеншілер қаласы Шахтинск жаз мезгілінде көркейіп, құлпырып кетеді. Оған осында құрылған «Жасыл ел» қозғалысына қатысушылардың қосып жүрген үлесі зор. Елімізде 2017 жылы қолға алынып, жүзеге асырыла бастаған бұл бағдарлама бойынша оқушылар мен студенттерді, жұмыссыз жастарды маусымдық ақылы жұмыстарға тартып, олардың бос уақыттарын тиімді пайдалануы мен елге, жерге деген сүйіспеншілігін оятып, өз аймақтарында экологиялық және тазалық жағдайын жақсарту көзделген.
Жыл өткен сайын осынау жобаға қатысуға ниет білдірушілер саны арта түсуде. Мәселен, бір ғана Шахтинск қаласының өзінде олардың қатары 2017 жылғы 60 адамнан 2023 жылы 150 адамға дейін өскен. Соның тең жарымы, яғни, 75 жас – жетім балалар, көпбалалы, толық емес, аз қамтылған отбасылардың балалары болып табылады.
– Біз «Жасыл ел» отрядтарына қабылдауда ең бірінші кезекте халықтың осындай әлеуметтік осал топтарына жататын жеткіншектерге басымдық береміз, – дейді осы істі ұйымдастырып, үйлестіретін қалалық Жастар ресурстық орталығының маманы Әсем Ақанова.
Өйткені, атқарған жұмыстарына қарай жалақы төленеді. Оның мөлшері де бастапқыдағы 24 459 теңгеден қазір 105 мың теңгеге дейін көтеріліпті. Ол Еңбек кодексіне сәйкес 16 жасқа дейінгі балалардың 4 сағаттық жұмыс күніне айына 70 мың теңгеден, ал жасы одан асқандардың 6 сағаттық күнделікті еңбегіне 105 мың теңгеден төленеді. Әлбетте, бұл жаздың үш айында көше кезіп, бостан-бос селтеңдегеннен гөрі өздеріне де, отбасына да аз кіріс емес. Және де «Жасыл елдің» жауынгерлерін былтырдан бері арнайы жұмыс киімімен және құрал-саймандармен жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма қамтамасыз етуде.
Міне, жаз басталғалы шахтинскілік жасылелдіктер қаланың өз басы мен оның аумағына кіретін Шахан, Долинка, Жаңа Долинка кенттеріндегі бақтардың ағаш-бұталарын кесіп, күлтелері, гүлзарларын суарып, көшелері мен аулаларын қоқыстан тазалаумен шұғылдануда. Соның нәтижесінде аталған аумақтар жаңғырып, жайнап, келе жатқан кеншілер күні қарсаңында, тіпті, түрленіп кеткендей. Қайда қадам бассаң да, жинақылық пен тазалық бірден көзге түседі. Әсеммен бірге Жеңістің 40 жылдығы көшесіне барған кезде күннің шыжыған ыстығына қарамастан 20 шақты баланың жабыла ауланы тазалап, жинаған қоқыс қалдықтарын қапқа салып, төгіп жатқанын көріп, риза болыстық. «Баланың істегені, тайдың мінгені білінбейді» деген осы да…
Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері, Әсемнің айтуына қарағанда, «Жасыл ел» сарбаздарының жоғарыдағы жұмыстардан тыс уақыттарын қызықты да мазмұнды өткізу мақсатында оларды «Қазақстан» шахтасының Топардағы демалыс орнына, Долинка кентіндегі Қарлагтың мұражайына апарып, Шахан кентінде өткен «Astana Fest» фестиваліне, «Жастар альянсы» ҚБ ұйымдастырған «Қаржылық сауаттылық» тақырыбындағы семинарға және басқа да шараларға қатыстырған. Жалпы, жастар жүрген жер жайнап тұруы тиіс қой!
Ержан ИМАШ,
ШАХТИНСК
Ortalyq.kz