АймақАқтоғай

Ел ырысы еселенген шақ

Егін алқабы десе қай-қайсымыздың болмасын көз алдымызға масағын көтере алмай майысқан дәнді дақылдар келеді. Иә, осы керемет көріністі көзбен көру үшін күні кеше Жидебай ауылдық округіне ат басын бұрдық. Алқап арасымен жеке кәсіпкер, қытайдан келген қандасымыз Жақып Баймолланың егістігіне келіп жеттік.

Бізді орақ басында Жақып ағаның өзі қарсы алды. Фотоаппаратты иығымызға асып алып, диқандардың тынымсыз тірлігін қызықтай қарап, сұхбат жүргізіп, егін алқабының жағдайын әңгімеге арқау еттік. Айтқандай сәруар сәуірдің соңына таман Жәкеңнің қолға алған игі ісін көру мақсатында бұған дейін бір ат сабылтқан болатынбыз. Арқа жеріне алғаш табаны тиіп, жер жағдайына жете қанық болмаса да еңбек торысы қолына кетпен алып, тыңнан түрен салды. Сөйтіп, ұзақ жылдан бері тусырап жатқан алқапқа дән сіңірді. 3500 бас үйрек, 300 бас қаз балапанын әкеліп, ерте көктемнен құс шаруашылығын да қолға алды. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» демекші, бүгінге дейін 2700 бас үйрек етін 2000-2400 теңгеден саудалап та үлгерген. Кәсіпкердің айтуынша құс еті Қарағанды, Шет ауданы және аудан орталығында өтетін ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесіне шығарылған.

Қай кәсіптің тізгінін ұстаса да, істің ыңғайын тауып, адал еңбектің нанын татып жүрген Жәкең де еңбек десе ерінбейтін, жасынан-ақ алғы қатардан табылуға ұмтылатын жанның бірі. Бізді қуана қарсы алған диқан, қойған сұрағымызды ықыласпен тыңдап, жұмыстың жай-жапсарын баяндай түсті.

– Баптап өсірген бидайды соңғы дәніне дейін жинап алу – күзгі жұмыстың ең маңызды бөлігі. Мұндай кезде біз үшін ең қымбат нәрсе, ол – уақыт. Таң қылаң бергеннен бастап, көз байланғанша егінжайдамыз. Әйтеуір, жауын-шашынға ұрынбай, мына жайқалып тұрған ен байлықты игеріп алу. Көктемде бидай, арпа сепкен болатынбыз. Өнімі жаман емес. Сонымен қатар, бұдан бөлек картоп та егілген. Оны әлі жинаған жоқпыз, оған кезек енді келеді, – дейді.

Ж.Баймолла әңгіме арасында таяу күндері мал бордақылау алаңын ашатындығын, алдағы жылы суармалы егін шаруашылығын мықтап қолға алатындығын да тілге тиек етті.

– Егіс алқабының үш жерінен ұңғыма (скважина) құдық қаздырамын. Сонда қуаңшылық жылдарының өзінде еккен егін желге ұшпай мол өнім алуға мүмкіндік болады, – дейді.

«Жаяудың шаңы, жалғыздың үні шықпасы» анық. Осынау атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың ілгері басуы, әрине Жәкеңнің аға-інілерінің тигізген жәрдемі, қолғабысының арқасы еткенін айтып кеткен жөн. Ауызбірлігі жарасқан бір әулет сөйтіп жер емшегін еміп, адал еңбектен нан тауып отыр. 

Думан ҚАБЫЛ.

АҚТОҒАЙ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button