Шет

Шет ауданында халық әндерін орындаушылардың республикалық байқауы өтті

Шет ауданының мәдениет үйінде «Сұлу жырдың сұңқары – Сәкен» атты халық әндерін орындаушылар арасында алғашқы республикалық байқау өтті. Сахнада Нұр-Сұлтан, Балқаш, Көкшетау, Шахтинск, Бұқар жырау, Ақтоғай, Қарқаралы, Медеу, Қарасай, Шет аудандарынан, Жезді, Шашубай кенттерінен және С. Сейфуллин  ауылынан 17 қатысушы өнер көрсетті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған байқау Жастар жылына және Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдық мерейтойына арналды.  

Байқау басталмас бұрын  «Рухани жаңғыру – ұлттық өнердің асыл мұрасы» және «Рухтың мекені – қазақтың Сәкені» атты кітап көрмелері ұйымдастырылды. Көрермендер «Сәкеннің арманы» атты театрландырылған қойылымын тамашалады. Көптеген байқаулардың лауреаты Әнуар Адамбаевтың орындауында Бота Ноғаеваның «Сәкен» әнінің тұсаукесері өтті.
Байқауға қатысушылар Сәкен Сейфуллиннің әндерін және халық әндерін орындады. Сахнада «Тау ішінде», «Көкшетау» және «Сыр сандық» әндері шырқалды.
Қазылар алқасының шешімі бойынша Е. Мұстафин атындағы номинацияда ҚХР-нан келген орындаушы А. Қазытай жеңіске жетті. М. Жапақов атындағы номинация бойынша, Нұр-Сұлтан қаласының әншісі Ж. Иманбай үздік танылды. Ал, Д. Сәдуақасов атындағы номинацияда қарағандылық Е. Сәдуақасованың жұлдызы жанды.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені Нұр-Сұлтаннан келген әнші Ж. Маясаров иеленді. Ал, бірінші орынды Көкшетау қаласының орындаушысы Ш. Сәрсенбай, екінші орынды Шет ауданының әншісі М. Осатаева, үшінші орынды алматылық Н. Елемесов иеленді.
Барлық қатысушыларға дипломдар мен ақшалай сертификаттар табысталды.

Басқа материалдар

Back to top button