Руханият

Қос жинақ: қадір мен қасиет

Ауыр емес, алайда жеңіл де емес. Қолымдағы баспадан жаңа шыққан су жаңа екі кітапты айтам. Бірі қалыңдау, екіншісі одан сәл жұқалау, бірақ олқы емес. Безендірілуі керемет дедім қолға ұстаған бойда. Сондай жылы тиді. Қыздың жиған жүгіндей дейді ғой. Сол сияқты өте ұқыпты. Олпы-солпы артық кескін жоқ. Тіпті, түсінің өзі… Көзге жылы ұшырайды. Кейде әлденеге қуанғанда, Мағаш (Мағауия Сембай) ағаның өзі бірнәрсені оқып отырып, көзінің астынан жымия қарап, баурап алатын қасиеті болатын. Мына қос кітабы да сондай жайға көмеді. Түсі – ақшыл, жолақтар мен ойдымдалған көрнекі тұсы құбақан керге келіңкірейді. Тамыздан былайғы Арқаның шыққа бусанған төбелі адырлары осылай құбылар еді.

Алғашқы кітаптың атауы – «Қоңыр наз». Мұнда қазақ баспасөзінің қара нары, белгілі қаламгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мағауия Сембай ағамыздың қаламынан туған татымды дүниелер топтастырылған. Құрастырушылар – зайыбы Мейраш Мұқашева мен қаламгердің рухани інісі есепті шәкірті, белгілі журналист, қарымды публицист Ерсін Мұсабек. Еңбек Қарағандыдағы «Арко» баспасында қатталған. Қазаққа ұл бола білген Мағауия Сембайдың дүние салғанына жыл толуына байланысты шығарылып отыр. Мағауия ағамыздың кітап бетін көрмеген еңбектерінің бір парасы осы жинақта. Газетке шыққан кейбір шығармаларына қарамай, бұрын естіп-білмеген бірер шығармасын парақтадық. Автордың «Қоңыр наз» атты шағын әрі жұмыр әңгімесі айтарлықтай көркем дүние. Мағаш аға алғаш журналистикаға келгенде, рухани орта жаңа жазушы келді деп жылы қабылдаған десетін. Мына шығармасын оқыған жұрт соған иланатыны кәміл. Біз сылқ ете қалдық, әсірелегенде. Қазақ ауылының табиғаты, ескі тұрмыс, қазір құрдымға кете бастаған үлкендердің мәрттігі, кесек мінез, ертеңге жалғас жас ұрпақтың бейнесі, ұлы өнердің сыры, тағысын тағылар он саусағынан өнер тамған Төребек шебердің айналасында өрбиді. Қартайғанда екі көзден қалған Төребектің ішкі күйзелісі кімді де болса бейжай қалдырмайды. Асқан шебер ғана емес, күйшіңіз де өзі Төребектің. Жанардан айырылған соң домбыраны көкірек көзімен жасай берген. Көзі кеткен соң көкірегіндегі зар-запыран жасаған домбырасынан күй болып төгілмегенде ше? «Қоңыр наз»! Қасірет бар шығармада. Алайда, әңгіме соңында шебер өзі шапқан домбыраны жас баланың тартқанын естіген Төребек еміреніп, болашақ өнерпаздың маңдайынан иіскейді. Қарт шебердің бойындағы бар өкініші мен қайғысы сонда тарап кетеді. «Ол енді өкінген жоқ» деп аяқталады. Ұлы өнердің қадір-қасиетін осылай да шебер жеткізе салған қаламгер. Ішінде не жоқ дейсіз?! Тағдыр байлауындағы қайғы да, нала да, қападар көңіл – бәрін болашаққа бет алған өнердің алтын жіптігі күл-талқан етеді. Және мұның бәрі байқаусыз жүріп жатады да, әңгіме аяқтала салады. Шебер жымдастырылған.

Аталған жинақтағы «Көркемдік көкжиегі» деген бөліміне осы әңгімесімен қатар новелла, очерктері бар. Әртүрлі тақырыптағы танымдық мақалалары мен сұхбаттары, ой-тамызықтары да осы кітапта.

Ал, екінші кітап – Мағаш аға туралы естеліктер жинағы. «Жақсының жақсылығын айт» деген. Жоғарыда қос жинақтың бірі қалыңырақ дегенде, осы кітапты атағанбыз. «Қаламға сүйенген тағдыр» аты табылып қойылған, құрастырушылардың көреген пайымы деп білдік. Ғұлама жазушы Мұхтар Мағауиннің «Менің Мағаш бауырым» деген естелігімен басталыпты. Ақын Темірхан Медетбек кезінде Мағауия Сембайдың «Алаштың алдаспаны» кітабына пікір жазғанда айтқаны бар: «Мұхтар Мағауин – сөз жоқ, қазіргі таңда қазақ халқының маңдайына басар ат төбеліндей ғана азаматтардың бірі. Ол кісі біздің білуімізше, өзінің рухани ішкі дүниесіне, дәлірек айтсақ, шығармашылық әлеміне, оқшау ой-толғамдарына басқа жұртты көп араластыра бермейді. Араластырғаны былай тұрсын, тіпті, ашылмайды да. Содан да ол өзінің шығармашылық зертхана құпиясын сұхбат арқылы жария етуге, тіпті де құлықсыз. Міне, өзін өзгелерден жеке ұстап, кісікиік болып жүретін ағамызға Мағауия жол таба біліпті. Яғни, бұл Мағауияның журналистік әбжілдігінен болса керек» деп. Иә, расында, Мұхтар Мағауин мен Мағауия Сембай арасындағы ізет пен құрмет, рухани байланыс өз алдына жеке тақырып. Мұхаң рухани бауыры туралы кеңінен толғап жазыпты. Кісілігін, адамгершілігін, кеңдігін, журналистік әбжілдігін, қаламгерлік пайымына түгел тоқталған. Бір жазбасында Мағаш аға «Шыңғыс хан әлемді қылышпен жауласа, Мағауин қаламмен жаулайды» деген-ді. Алашымен қатар, адамзат тарихы мен өркениетін жете білетін Мұхаң кісі танымағанда, кім таниды?! Қайткен күнде тарих бетіне таңбаланып қалатын сүбелі жазба. Осыған шендес естелік жазбалардың осалы жоқ. Қазақстан Ұлттық Жоғары мектеп Ғылым академиясының академигі, қарымды қаламгер, ғылым докторы, профессор Зарқын Тайшыбай, қазақтың Тұңғыш ғарышкері, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров, Алаштың ардакүрең ақыны Ғалым Жайлыбай, қазақтың айтулы шайырларының бірегейі Абзал Бөкен, ҰҒА академигі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Серғазы Әдекенов сынды біртуарлардың бағалы естеліктері. Аты аталған тұлғалардың қай-қайсымен болсын Мағауия Сембай тіршілігінде сыйласып, шығармашылық, рухани байланыста аға-бауыр болып, қадіріне жеткендігін айта кеткен ләзім. Мағаш ағаның соңында «ой, бауырымдап» қалған асыл апасы, Арқа руханиятының қызғышы Рымбала Омарбекова, белгілі қаламгер Жанболат Аупбаев, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Есмұханбет Смайылов, қазақ журналистикасының белді өкілі Сәулебек Жәмкенұлы, тарихшы Ерғазы Қадашұлы, қаламдас досы Сағат Батырхан бастаған аяулы азаматтардың естеліктер шоғыры бір төбе. Аман Жанғожин мен Сүйіндік Жанысбай бастаған, кезінде бірге қызмет атқарған әріптес ағалары мен замандас, достарының да қимас көңілдерінен туған тұщымды дүниелер бір шоғыр. Ал, Мәкеңнің мектебінен шыққан түлектердің сезімге толы сағыныштарын толқымай оқу мүмкін емес. Бәрін шолу мүмкін емес, бірақ сөз соңында осы екі кітаптың алғысөзін жазған Мәкеңнің қос шәкірті – «Saryarqa aqparat» медиахолдингінің директоры Қамбар Ахмет пен «Ortalyq Qazaqstan» газетінің Бас редакторы Ерсін Мұсабектің есімі қақас қалмауы тиіс. Әсіресе, қос жинақтың шығуына өлшеусіз тер төккен Ерсін Мұсабек шәкіртінің еңбегі зор. Аруақ жар болсын!

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Back to top button