Руханият

Ұлт үшін ұлы қызмет

1961 жылы Алматыдағы Абай атындағы ҚазПИ-дің физика жалпы техникалық факультетіне түскен. Екінші курстан әскери міндетін өтеуге шақырып, Қиыр Шығыс әскери округіндегі ӘШҚ (ПВО) дивизионында үш жыл әскери міндетін атқарған. ҚазПИ-дің сырттай оқитын факультетіне ауысып, Ақтоғай ауданының Қоңырат совхозындағы №6, №5 мектептерде математика пәнінің мұғалімі болып, 1967 жылында Қарағанды қаласына келеді. Қаладағы Киров аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі В.Климашевскийдің жолдауымен жаңадан ашылған №3 спорттық бағыттағы мектеп-интернатқа барған. Жас болса да біраз марапаттарға ие болған, қолы өнерлі, тұла бойынан еңбекқорлығы танылып тұрған жасты 8-10 орыс сыныптарының математика пәнінің мұғалімдігіне бірден қабылдаған.

Тілеуғалы Әміртайұлының патриоттық сезімінің жоғарылығы, оның 1985-1992 жылдары облыстық және қалалық білім бөлімдеріндегі қызметтері hәм бастауыш партия ұйымының хатшылығы кезінде, әсіресе 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына байланысты, одан кейін қазақ тілді балабақшалар мен мектептер ашу барысындағы ұсыныс-талпыныстарынан танылған болатын. Мінбелерден сөйлеп, мақалалар жазып, кейбіреулерге жеккөрінішті болса да, біраз мақсатты істерге бастау болды. Оның ең түйіндісі – Қарағанды қаласынан қазақ тілінде оқытатын №76 орта мектепті ашып, директорлық қызметі кезінде оны Әлихан Бөкейхан есімімен атап, 1725 балаға дейін оқитын облыстық этнопедагогикалық тірек мектебі аталып, үлкен шаңыраққа айналдыруы еді.

Бастаған жұмысын жарқырата білер, істеген ісін іскерлікпен танытар ыждаhатты да еңбекқор жастың іс-тәжірибесі облыс көлемінде ерте танылып, 1970 жылы Қарағанды облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтына математика кабинетіне меңгерушілікке шақыртылған. Жаңалыққа жаны құштар әдіскерге айналған алғашқы жылдардың өзінде-ақ Қазақ КСР Оқу министрлігі мектептер басқармасының басшысы С.Егізбаев, Ы.Алтынсарин атындағы ғылыми-зерттеу институтының докторы Б.Баймұханов, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі О.Жәутіковпен және КСРО білім саласындағы көптеген атақты математик-ғалымдар, оқулық авторларымен, әсіресе жаңашыл педагог В.Шаталовпен, П.Эрдниевпен тікелей қарым-қатынас жасаған. Солардың тәжірибелерін облыс математиктерінің, тіпті басқа пән мұғалімдерінің арасында тарату барысында курстар, кездесулер, ғылыми-практикалық конференциялар ұйымдастырған. Осындай тынымсыз еңбектің нәтижесі болар 1979 жылы КСРО Оқу министрлігінің 9-11 сынып оқушыларының математикалық білімінен алынған бақылау жұмыстары бойынша Қарағанды облысы сапа жағынан ең жоғары көрсеткішке ие болды. Бұл баға Мәскеу қаласында КСРО оқу министрлігінің алқасында жарияланған болатын. «Бұл – математика кабинетінің жанынан 39 озат математик, әдіскер, ғалымдардан құралған Кеңестің біріккен, ынтымақты еңбектерінің нәтижесі болатын», – деп әмбебап әдіскер, сол кеңес мүшелерінің елеулі істерін ризашылықпен еске алып, айтудан жалықпайды.

Тағы бір елеулі ісі – 1985 жылы КСРО Министрлер Кеңесінің шешімімен Мәскеу қаласында ұйымдастырылған «Мектеп оқушыларын компьютерлік сауаттылыққа дайындау» барысындағы екі апталық курста оқып, «Вы первые ласточки, которые развивает компьютерные грамотности в стране…» деп құттықтап, жолдау айтқан КСРО орталық комитетінің хатшысы М.Горбачевтің қолынан куәлік алған Қарағанды облысынан алғаш барған әдіскер. Келісімен облыстық партия комитетінің хатшысы Қ.Аманбаевтың ақылымен «Индустриальная Караганда» газетіне «В класс «приходят» компьютеры» және «Орталық Қазақстан», «Қазақстан мұғалімі» газеттеріне жазған мақалалары 400-дей мұғалімді курсқа жинап, дайындап, сол оқу жылының өзінде-ақ көптеген мектептердің 9-сыныптарында «Информатика және есептеу техникасы негіздері» пәнін оқытуды бастаған, «Агат» компьютерімен мектептерді қамтамасыз еткен алғашқы облыстың бірі болды.

«Қазақ ССР турисі», «СССР турисі» төсбелгілерінің, «Еңбек ардагері», «Абылай ханға – 300 жыл», Халықаралық «Бейбітшілік әлемі» қорының «Ұлт мақтанышы», т.б. медальдарының иегері.

Бүгінде үлгілі отбасының парасатты отағасы, зайыбы – Қалимаш Аймағанбетқызы екеуі үш бала тәрбиелеп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, сегіз немересін тәрбиелеп өсіруде.

Сүйіндік ЖАНЫСБАЙ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері.

Басқа материалдар

Back to top button