Бас тақырып

Майдангер суретші мұрасы

Ұлы Отан соғысының ардагері, белгілі қылқалам шебері Владимир Ворохобиннің туғанына 100 жыл толуына орай облыстық бейнелеу өнері мұражайында кездесу өтті. Суретшінің қызы Людмила Епанешникова мұражайға әкесінің 14 туындысын тарту етті.

Владимир Ворохобин – Саран қаласының Құрметті азаматы, суретші, график, фотограф. Бірнеше буын шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаз. Оның шығармашылық мұрасынан кеншілер өлкесінің индустриалды қалыптасуы мен сұрапыл соғыстың ащы шындығын, шынайы бейнесін көруге болады. Тағы бір айта кетерлігі, табиғи сұлулық та оған жат емес, лирикалық пейзаждары да ел арасында өте танымал.

Владимир Ворохобиннің: «Көзімнің тірісінде, мен бұл қасиетті жерді бейнелеуді, сұлулықтың кез келген көрінісіне таңдануды ешқашан тоқтатпаймын», – деген аталы сөзі оның саналы ғұмырын сурет өнеріне арнағанын аңғартады.

– Әкем Украинада туып, балалар үйінде өскен. Жетінші сыныпты бітірген соң, Киев көркемсурет мектебіне оқуға түседі. Алайда, осы кезеңде соғыс басталып, ол соңғы курста оқып жүрген жерінен майданға аттаныпты. Әскери училищені бітіріп, лейтенант атағын алады. Ол Украина майданында соғысып, ерлігімен маңайына үлгі болған. 1944 жылы әкем екі аяғынан жарақат алып, майдан даласында бір тәуліктен астам жатыпты. Жергілікті тұрғындар тауып, алып кеткен. Кейін оккупацияланған қаладағы үйлердің бірінің жертөлесінде хирург оның аяғын кесіп тастайды. Осындай өмірдің қатал сыны да әкемнің сағын сындыра алмаған. Үгіт-насихат бригадасында жұмыс істеп, плакаттар, парақшалар салады. Сол жерде анаммен танысыпты. Анам әкеме ота жасаған хирургтың қызы еді және әкеме күтім жасап, бетін бері қаратқан. 1947 жылы олар Саран қаласына қол ұстасып, бірге келген, – дейді суретшінің қызы Людмила Епанешникова.

Саран қаласында Владимир Ворохобин біршама уақыт орта мектепте сурет пәні мұғалімі болып жұмыс істеді. Кейін Қарағанды көркемөнер қорына жұмысқа орналасып, онда суретші-дизайнер болып жемісті еңбек етті.

Енді, мұражай қорында Владимир Ворохобиннің 22 картинасы бар. Оның ішінде, бес кескіндеме болса, Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналған және «Соғыс жолдарында» деген жалпы атаумен бірқатар жұмыстары келушілерді бейжай қалдырмасы анық. Бұдан бөлек, суретшінің автопортреті де бар екенін айта кеткен жөн.

Жәлел ШАЛҚАР,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button