Бас тақырып

Дала Сермендесінің сыры Ақселеудің серілік сыры һәм сегіз қыры

«Мен өз болмысымды жоғалтсам, менен кейінгі ұрпағымның үлдемен-бүлдеге оранғанының қажеті қанша?!»

Ақселеу СЕЙДІМБЕК.

«Қыранның бабын Жалайыр Шорадай таба алмаған мына қоғамның Ақселеудей даланың сермендесін ойқашты қып қажытқанына қажисың еріксіз…»

Тұла бойына қаланың тоты тұрмаған, даланың ғана сафы сақталған сұңғыла азаматты ел «Дәуір данасы» деп біледі. Ақын-жазушының көбі «Біз Ақселеудің дәуірінде өмір сүрдік» деп мақтанмен, масаттана айтуы – осының айғағы.

Суреттер А.СЕЙДІМБЕКТІҢ жеке мұрағатынан

Танымал этнограф Жағда Бабалықұлы айтқандай, «Көздің арты жазаң, жайдақ, тайқы келген құс жүрексіз, жалтақ, жасқаншақ болады. Керген түлкіге түспейді» деп жазады. Ал, құсбегілер мұны бір ауыз сөзбен «Кергенге түспес кержайдақ» деп атаса керек. Адам мінезі мен болмысы оның іс-әрекетінің айғағы. Көп ішінен атойлай дараланып тұратын Ақселеудің бекзаттығы «Кергенге түспес кержайдақтарға» шүйлігетін шыншылдығымен асқақтады емес пе?!

Сері десе, қыз-қырқынды торуылдаған жігіттік еске түседі. Бірақ, Ақаңның серілігі мәдениет пен рухтың ауылында сайрандаған серілік болды.

Бірде досы Кәдірбек Сегізбаев тағы қасына 5-6 жігіт жиып, бос уақыт тауып «Жен-ПИ» жаққа қалыңдық іздей барады. Содан кешке Ақселеу келген соң оған «сенде осы жүргенде бір қалқаны қолқалап, сұлулығына тамсанып жүрсің-ау?» дейді. Езу тарта жымиып, масаттана сөйлеген Ақаң «Мен ғаламның сұлуына бергісіз, сұңғыла азаматпен танысып келе жатырмын» деген екен. Онысы – ғалым Әлкей Марғұлан.

Бір басына Тәңірдің тартқан көл-көсір қасиетін сан-салалы ырғаққа салып, қағидалы сөз, ұтымды оймен жеткізген Ақселеуді сал демей, сері демей, кім демекпіз?!

Мысалы, Арқаны әнге бөлеген Мәдидің төрт-ақ әні бар. Жарылғапберді бір ғана «Шамамен» танылған. Ал, Ақаң небәрі екі әні «Сарыарқа» мен «Дәурен-ай» арқылы ел жадынан ойып орын алып, ән өнерінің тарихына тамшыдай сіңді.

Ақселеу десе, ойға оралар тек ән мен күй, тіл ғана емес, оның тағы бір қыры – зергерлігі, ұсталығы. Сері аталуының тағы бір тарихы мәрттігінде және бар. Тағы да бірде Алматыдағы Көктөбенің басында «Күй керуен» деген күй концерті өтетін болып, бір топ зиялы жиналады. Содан Жүрсін Ерман, Амангелді Ермегияев, Өмірзақ Сәрсенов бір қатарда отырып, ал, Ақаң олардан сәл арғы орында отырады. Содан Жүкең шақшасын атқалы алып, қолына салып отырғанда маңайындағы кісілер сұрайды. Шынысын әркімге үлестіріп отырғанын Ақаң көріп, «Сенің мына шақшаң саған ұят қой, тұра тұр, мен саған да, ана екі ағаңа да шақша жасап берейін» деп, шамалы мерзімге жеткізбей күмістен шақша соғып береді. Қазіргі Жүрсін Ерманның жанынан айырмай, жан қалтасында ұстап жүрген күміс шақша сол еді.

Мұнан өзге Ақаңның енді бір қыры оның әр өнерге берген бағасы, тауып айтқыш тапқырлығы, ирімді сөздері болатын. Бірде Ақаң Шығыс Қазақстанға, яғни, Үржар ауданындағы Мақаншы деген жерге бір жиынға барады. Маңайында өзімен үзеңгілес достары, зиялы қауым өкілдері айнала жиылған. Содан жиында сөз сөйлеу кезегі Ақаңа келгенде, Ақаң маңғаздана сөйлеп, маңайына сөзі шырқалған ән болып төгіле жөнеледі. 3-4 ауыз сөздің парқына барған дүйім жұрт жаңағы жерде Ақаңның қолын алып, риза болысып, алғысын айтып жатады. Бір масаңдау жас жігіт осы бір жұрт тамсанған ақсақалдың көзіне қалай түсерін білмей, дал болып тұрады. Шоқша сақалы бурыл тартқан, бөрі көз, абыз бейнелі адамның алдына өнері болмаса қалай бармақ? Содан басындағы ноғай бөркін бір еңкейтіп қойып, қолындағы бүркіт бейнелі аса таяққа сүйене оқтау жұтқандай отырған Ақаңның алдында әлгі жігіт билеп бармасы бар ма?

Әуен ойнап, жігіт дымы қалмай билеп, арасында:

– Ақа, қалай билейді екенмін, – десе, Ақаң:

– Жақсы билейді екенсің, қарағым, жақсы билейді екенсің, – депті. Содан әлгі жігітті масаңдығы одан сайын арқаландырып, бұралаңдай қозғалған қимылымен тағы:

– Ақа, биім қалай? Дұрыстап айтыңызшы, – десе:

– Туффф, әй, өзің бір буынсыз биші екенсің, – деп елді қыран-топан күлкіге қарық қылыпты. Екінің бірінің аузына түспейтін айтқыштығы қалай дарыды десек, дала баласына, бұл туралы әйгілі сықақшы Көпен Әмірбек былай дейді:

–Біз Ақаңның дәуірінде кітапқа бай адам, ең үлкен құнды кітапхана иесі Қадыр Мырза Әлі деп білетін едік. Сөйтсек, менің үйімнің іргесіндегі көршім Ақселеу Сейдімбек кітапқа одан да бай екен. Ол 1992 жылы қараша айында баласы үйленетін болып, қаражат тапшылығынан қорындағы 10 мың кітаптың 6 мыңын бір еврейге 1 миллион теңгеге сатып, артынан жер бауырлап жатып қалыпты. Неге десеңіз, сол 6 мың кітаптың арасында Абай Құнанбаев оқып, астын сызған, кейін Мұхтар Әуезовтың қолына өткен, содан Ақселеудің қолына тиген тарихшы Джон Дрейпердің қос томдық кітабы және бағзыдан мұраға қалған Алтын Құран кеткен көрінеді. Осы екі кітап келмеске кетті-ау деп жер бауырлап, сырқаттана жатып қалған. Ақаңның айтқыштығы осы кітапты бағалауынан бойына сіңген, білімнің киесін ұғынғаннан алған сыйы деп білемін, – дейді Көпен Әмірбек.

Ақселеу – бүгінгі заманауи қазақтан ескі салттың жұрнағын іздеген жұрт жоқшысы. Олай деуімізге себеп – байырғы ұлттың болмысы мен мінезін жаһандану дәуіріндегі ұрпаққа сіңіремін деген кемеңгер ойы. Жалғыз-ақ мысал «Асық ату ойынына арналған отыз том кітап жазар едім» деп армандаған. Арманына жеткенде қазақ руханияты қымбат дүниемен толығар еді-ау…

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ. 

Басқа материалдар

Back to top button