Жаңалықтар

Күтпеген қуаныш

«Харекет» қайырымдылық қоры үлкен сауапты істер атқарып жүр. Жақында ғана «Тазалық Эксперт» ЖШС-де табан тоздыра 24 жыл еңбек сіңірген 58 жастағы Сара ӘМІЛЖАНОВАҒА екі бөлмелі пәтер сыйлады. Қарағандыдан. Бір қызығы, көшеде қар тазалап жүрген жерінен жаңа қонысына тосын сый жасамақ болып алып барады…

Сурет «Харекет» қайырымдылық қорынан

Апамыз ештеңеден бейхабар күйде. Күн-түні көшені қыста қардан, жазда қоқыстан тазалап жүрген еңбек адамына «сізге үй сыйлағалы тұрмыз» десе, аң-таң болып, әзер сенеді. Сосын, қуаныштың көз жасына ерік береді.

Сара Әмілжанова – Қарқаралы ауданы, Восток ауылында (қазіргі Тоқтар Әубәкіров селолық округі) дүниеге келген. 1998 жылы ұлын ертіп, Қарағандыға қоныс аударады. Келген жылы «Тазалық Эксперт» ЖШС-не жұмысқа орналасады. Жалғызбасты ана қиын жұмыстан қаймықпай, екі қолға бір күрек ұстайды. Мұнысына арланбайды. Таза еңбектің адамы әлі де тапжылмай маңдай тер төгіп келеді.

Жұмысына жауапкершілікпен қарайтын Сара апамыз адал еңбегімен ұжымына сыйлы екен. Басшылық тарапынан мүлдем шағым алмаған.

Біз көшіп келген кезде ұлым алтыншы сыныпта оқитын. Екеуіміз Майқұдықта, Шахтинск қаласында үй жалдап тұрдық. Соңғы 10 жылдан бері Шахтинск қаласында тұрып келеміз. Ұлым үйленді, үш баласы бар. Бәріміз бірге тұрамыз. Менің жалғыз арманым баспанаға қол жеткізсем деп едім. Бірақ, маған баспана сыйлайды деп үш ұйықтасам, түсіме кірмепті. «Харекет» қорына, қазақстандықтарға және жұмыстағы басшылық құрамға шын жүрегіммен алғысымды айтамын, – дейді жаңа қоныс иесі.

Сара Әмілжанованың жаңа баспанасы Майқұдықтың 14-ші шағын ауданында. «Тазалық Эксперт» ЖШС басшылық құрамы да жаңа үйге теледидар және басқа да тұрмыстық техника тарту етті. Дәл қазір Сара апамыздың үйінде қоныстой өтуде. Қара жұмыс пен ақ пейілінің өтеуі шығар жаңа пәтері. Біз де жаңа шаңыраққа шаттық тілейміз!

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button