Руханият

Қарағандыда «Ұлттың рухани көсемі» атты деректі фильмнің тұсаукесері өтті

Алаш арысы, ұлт ұстазы, қазақ тіл білімінің атасы Ахмет БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ 150 жылдығы мен Қазақстан халқы тілдері күніне орай Қарағандыдағы Достық үйінде мерекелік салтанатты шара облыс әкімінің орынбасары Ербол ӘЛІҚҰЛОВТЫҢ қатысуымен дүбірлеп өтті. Айтулы іс-шараны облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма мен мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы бірлесе ұйымдастырып, жоғары деңгейде өткізді.

Достық үйінің Атриум залының екі қанатында көрме орналастырылды. Бір жағы облыстық тілдерді оқыту орталығының қазақ тілін оқыту бойынша деңгейлік тапсырмалар болса, екінші жағы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті мен Н.Гоголь атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапхананың қорындағы ұлт ұстазының өмірі мен шығармашылығын қамтитын дүниелер. Кітаптар, материалдар, ұлт ұстазы мен Алаш тақырыбына арналған роллаптар, қазақ тілін оқытуға қатысты оқулықтар, QR-кодталған плакаттар, тіл саясаты туралы жалпы ақпараттардың бейне-слайдтары.

Шара басында Ахмет Байтұрсынұлы туралы мәдениет, архивтер және құжаттама һәм тілдерді дамыту басқармаларының, «Saryarqa» телеарнасы мен «Сарыжайлау» кинотеатры бірлесіп түсірген «Ұлттың рухани көсемі» атты 15 минуттық деректі фильмнің тұсаукесері өтті. Онда Ұлт ұстазының Қарқаралыда өткен кезеңдері суреттелген.

– Фильмде Ахмет Байтұрсынұлының осы ауылдың мектебінде сабақ берген кезіндегі өмірі көрсетілген. Ол сонымен қатар осы оқу орнының негізін қалаушы және құрушысы. Қазір бұл мектеп тарихи-мәдени мұра объектісі мәртебесін алды және мемлекет қорғауында. Ал, жанында Ахмет Байтұрсынұлының есімімен аталатын жаңа мектеп салынған, – деді «Сарыжайлау» кинотеатры директорының орынбасары Ноян Жүнісов.

Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының актерлері «Ұлтқа қызмет» спектаклінен үзінді көрсетіп, елдің рухын қамшылады. Ахмет, Әлихан, Міржақып бейнелері сол дәуірді көз алдымызға әкелді.

– «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тілі» деген сияқты соңына көптеген ұлағатты сөз қалдырған, қазақ тілі үшін күрескен ұлы ұстаз Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде әлемнің бірнеше елінде және елімізде кең көлемде тойлануда. Облыста да 200-ден астам іс-шара жоспарланған. Бүгінгі шара да толығымен Алаш ардақтысына арналып отыр. Өскелең ұрпаққа Ахаңдар бастаған бабалардың жүріп өткен жолы – үлгі-өнеге. Өмірлері қысқа, тағдырлары қатал болса да, соңдарына қалдырған мұрасы – біздің бағасыз байлығымызға айналды, – деді құттықтау сөзінде облыс әкімінің орынбасары Ербол Шымкентбайұлы.

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті, филология факультетінің студенттері тіл тақырыбында жазылған І.Жансүгіров, М.Мақатаев, М.Шаханов, Н.Айтұлы, Р.Гамзатовтардың шығармаларын жатқа оқыды.

Ахмет Байтұрсынұлы музыканы да сүйген екен. Оның қазақтың ән мен күйлерін жеткізуші екенін білген жөн. Шарада Ахаң қастер тұтқан қазақтың әні шырқалып, күйі шертілді.

Биыл әйгілі жерлестеріміз Күләш Байсейітованың 110 жылдығы, сахна саңлағы, өнер патшайымы Шолпан Жандарбекованың 100 жылдығы аталып өтуде. Өнер мен тіл – егіз ұғым. Өнер қай тілде дамыса сол ұлттың мұрасы мол өріс алады. Екі ұлы тұлға да өз өнері арқылы қазақ тілінің дамуына үлес қосты. Күләш Байсейітованың «Гәкку» әнін ақтоғайлық Шұғыла Есімхан орындаса, «Аққу» фольклорлық би-ансамблінің бишісі Перизат Абдрахманова Шара Жиенқұлованың өлмейтін ұлттық биін билеп, көңіл серпілтті. Абай ауданынан келген әнші Кристина Замерчук халық әні «Желдірмені» әуелетсе, Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің «Арқа сазы» фольклорлық ансамблі елімізде өмір сүретін түрлі этностың музыкалық мұраларынан попури орындады. Бұл – көпұлтты мемлекетіміздегі бірліктің нышаны. Өйткені, олар да қазақ тілін үйреніп жатыр.

Облыстық тілдерді оқыту орталығының оқытушысы өзге этностың 5 тыңдаушысына сахнада қазақ тілінен заманауи технология арқылы 5 минуттық дәріс оқып, өз біліктілігін байқатты.

Тәуелсіздіктің бір тірегі – тіл. Ол – халқымыздың сан ғасырлар бойы жүріп өткен жолының шежіресі, сарқылмас қазынасы. Ұлттық келбетіміз бен болмысымыз, салт-санамыз бен мәдениетіміз тіліміз арқылы танылмақ.

Жиын соңында ақын Руза Алдашеваның сөзіне жазылған Арайлым Жүкенованың «Туған тілім» әнін «Арай» триосы орындады.

Заңғар жазушы М.Әуезов Ахмет Байтұрсыновқа «Алаш зиялыларының көсемі» деп баға беріпті. Осы ауқымды жиын сол сөздің ақиқат екендігіне көзімізді жеткізді.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button