Руханият

Аты аңызға айналған асыл аға

Шет ауданының, Қарағанды облысының Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, абыз аға Қасымбек МЕДИҰЛЫНЫҢ фәниден бақиға атанғанына да бір жылдың жүзі болыпты.

Қасымбек аға 1938 жылы наурыз айының 24 жұлдызында Қарағанды облысы, Шет ауданының Ақсу-Аюлы ауылында дүние есігін ашқан. Әкесі Меди ақсақал заманында партиякеңес қызметтерін атқарған. Елімізде орын алған ашаршылық жылдарында Меди әкеміздің ел-жұртына көмегі тиіп, көптеген адамдарды өлім аузынан аман алып қалғанын үлкендердің аузынан естігенбіз. Анасы Әйеншек текті әулеттің тумасы. Өмірге 10 перзент әкелген батыр ана.

Қасымбек ағаның балалық шағы сұрапыл соғыстың қайнап тұрған кезіне дөп келіп, сол кездегі қазақ жасөспірімдерінің пешенесіне бұйырған ауыртпашылықтар мен қиындықтар оның азамат ретінде ерте есеюіне ықпал етеді.

Ағаның негізгі еңбек жолы Ақтоғай, Егіндібұлақ, Ақадыр, Жезді аудандарында, Қарағанды, Жезқазған облыстарында өткенін жұртшылық жақсы біледі. Бұл аудандардың экономикасының дамуына, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық әл-ауқатының көтерілуіне сүбелі үлес қосты. Туа біткен өршілдігі, іскерлігі, қажыр-қайратының арқасында өмірдің талай қиын белестерін бағындырды.

Қасекең қоғам жұмысына жан-тәнімен, ынта-ықыласымен берілген жан еді. Ол алға қойған ісін аяқтағанша өзіне де, маңайындағыларға да босаңдық бермейтін. Мен жанында бірінші көмекшісі болып, 5 жылға тарта қызметтес болғанда, аузынан «жұмысты бітірдік, енді демалайық» – деген сөзді естімедім. Бұл жұмыс біткен кезде, келесі атқаратын істі қолма-қол бізге, кеншар басшылары мен мекеме басшыларына дайындап тұратын.

Ағаның өмір жолындағы басты ұстанымы – еңбек. Еңбек жолында ауылдағы қарапайым қызметтен бастап, республика деңгейіндегі баспалдақтарға дейін көтерілуі – өзінің жұмысқа деген жауапкершілігі мен ұйымдастыру қабілетінің арқасы. Шет, Ақтоғай, Жаңаарқа, Егіндібұлақ, Ақадыр, Жезді аудандарына басшылық жасаған тұста, облыста жоғары лауазымды қызметтер атқарған жылдары республиканың Жоғары Кеңесіне екі дүркін депутат болып, елге танымал тұлғаға айналды.

Қасекең қандай да бір жоғары қызметте болса да қиындықтар мен жауапкершіліктен қорықпайтын. Қолға алған ісін аяғына дейін жеткізетін. Жұмыста ұйымдастырушылық қабілеті өте жоғары болатын. Еңбекке төзімді және шыдамды еді. Қарамағындағы азаматтарға тәлім-тәжірибесін беруден аянбайтын.

Қасекеңнің сырт жерлердегі тындырған ісін, атқарған жұмысын, қол жеткізген табысын Қарағанды, Жезқазған облыстарының бұқаралық ақпарат құралдары мен зиялы қауым өкілдері кезінде талай жазып, әділ бағасын берген болатын. Талай дүлділдердің тұяғы тиген шежірелі Шет жеріне, кие қонған тарихи мекеніне Қасекең 30 жылдан аса уақыттан кейін оралды.

1992 жылы 22 ақпанда Қасымбек Медиұлы Шет ауданының әкімі болып қызметке кіріскен-ді. Осы бір қиын-қыстау кезеңді Қасымбек Медиұлы өзінің естелігінде: «Әкім болуды өз басым Президенттің өкілі ретінде оның Жарлықтарын тікелей жүзеге асыра отырып, қазіргідей қиын жағдайдағы кедергілерді бірлесіп шешу, бірлікті, ынтымақты қамтамасыз ету деп білемін» – деген еді.

Тәуелсіздіктің осы бір алғашқы қиын кезеңінде (1992-1997 жж.) өндіріс орындары мен кәсіпорындары тоқтап, айлап, жылдап зейнеткерлерге берілетін төлемдер мен мүгедектерге жәрдемақы төленбей, әлеуметтік сала тығырыққа тірелген болатын. Қасекең өзіне тән батылдығымен осы бағыттағы күрмеуі қиын жұмыстарды назарда ұстап, бірінші кезекте халықтың әл-ауқатын, тұрмыс-тіршілігін көтеруге, соғыс, еңбек ардагерлеріне, зейнеткерлерге нақты көңіл бөліп, оларға қажетті іс-шараны дәйекті жүргізіп, тікелей өзінің бақылауына алды. Ауданның барлық ауылдық округтарында «Қайырымдылық» дүкендері ашылып, жеңілдетілген бағамен ауыл еңбеккерлерінің отбасына беріп тұрды. Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен I, II санаттағы мүгедектерге көмір, отын, шөп тегін жеткізілді.

Қасекеңнің көш бастай білетін көсемдігі, алдына қойған әр істі ұсақ-ірі демей, аяғына дейін жеткізетінін ауылдастары мен әріптестері өте жақсы білетін.

Қаржы тапшылығына қарамастан Қасекең өткен тарихқа да үлкен мән беріп, мәдениетіміз бен рухани құндылықтарымызды дәріптеуде де бірталай игілікті істерді атқарды.

1993 жылы есімі қазақ халқына мәлім ақын-жырау Шортанбай Қанайұлының 175 жылдық мерейтойын республика деңгейінде өткізіп, жыраудың басына кесене орнатты. Аудан орталығындағы үлкен көшеге атын беріп, арнайы алаң салғызды, ескерткішін қойды.

Білікті басшы Қасекеңнің тындырған күрделі ісінің бірі қаржының жоқтығынынан тоқтап қалған аудан орталығындағы 150 орындық емхана құрылысын аяқтап, тұрғындардың пайдалануына бергенін аудан жұртшылығы қуанышпен қарсы алған-ды. Қасекең Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткізген дінімізді дәріптеп, имандылыққа бет бұрғанымызға да ден қойып, 1994 жылы Жанқұтты би атындағы алғашқы мешітті салып, халықтың пайдалануына берген болатын.

Ағамыздың ерекше бір қасиеті аудандарға, әсіресе қарапайым еңбеккерлерге жақсылық жасауға дайын тұратын. «Алдыңа келген кісіге көмек беріңдер. Шаруасын сөзбұйдаға салмай шешіңдер, одан кішірейіп қалмайсындар, алғысын аласыңдар» – деп отыратын мекеме басшыларына.

Адамға абырой мен атақ еңбекпен, біліммен келетіні белгілі. Ал, жаратылыстан болатын асыл қазына – мейірімділік. Оны Алла беретініне күмән жоқ. Қасымбек ағаның бойынан мейірімділік пен ізгілікті көретінбіз. Өзі «абырой, атақ адамға түйе мініп, ат жетектеп келмейді. Ол туған еліңе, халқына жасаған еңбегіңмен келеді» – дейтін. Осы бағытты бекем ұстаған Қасекең адалдықты ту етіп, ақылойы мен күш-қайратын, білімі мен біліктілігін елінің дамуына, халқының тұрмысының жақсаруына арнады.

Қасекең өзіне алдыңғы толқын ағалардың қолдауы мен қамқорлығының шапағаты тигенін жиі айтатын. Байкен Әшімов, Мәлік Имашев, Сұлтан Досмағанбетов, Хамза Жұмабеков, Тұрсын Төреғожин, Сейтқали Оспанов, Өтебай Құлмаханов, Камали Дүйсембеков, Жаманқұл Шайдаров сынды тұлғалардың ақыл-кеңесін тыңдап, олардың сенімі мен үмітін абыроймен ақтағанын мақтанышпен есіне алатын.

Қасекеннің Ақтоғай, Егіндібұлақ, Ақадыр, Жездідегі атқарған жұмыстарын сол жақтағы халықтың аңыз етіп айтып отырғанын сан мәрте естідік.

Ағаның жоқтан бар жасайтын жанқиярлық қабілетін замандастары Сағадат Дүйсебек, Тілеубек Зейнешев, Қазыкен Мүсілімов, Сұлтан Сүтбаев, Хусейн Толеубаев, Блял Доскеев, Мағауия Сатыбалдин, Әділ Бәкіров және тағы басқалары жиі айтады.

Қасымбек Медиұлының еңбегі мен төккен тері мемлекет тарапынан бірнеше мәрте бағаланып, «Парасат», «Құрмет», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендері мен оннан астам медальдармен марапатталды. Оның 1996 жылы Елбасының қолынан алған Қазақстанның «Еңбек сіңірген қайраткері» атағы шын мәнінде еңбектің өтеуі екенін айқындайды.

Қасымбек аға қосағы Ғалия екеуі Назира, Жанна, Зарина, Тайыр атты перзенттерін тәрбиелеп, жеткізіп, немерелерімен жаймашуақ қуанышты күндері мен жылдарын өткізу үстінде еді. Өкінішке орай, айтып келмейтін ажал арамыздан Қасекеңді 82 жасқа қараған шағында бақилыққа алып кетті. Қалың ел қабырғамыз қайыса қайғырып, ағаны ақтық сапарға шығарып салдық.

Ғибратты ғұмыр жолында халқына еңбегі сіңген, аты аңызға айналған өнегелі отбасының иесі, ардақты әке, сүйікті ата, аяулы жар, асыл аға, мемлекет және қоғам қайраткері Қасымбек Медиұлының есімі мен жарқын бейнесі оның замандастары мен жерлестерінің жадында мәңгі сақталады.

Келешекте тұғырлы тұлға Қасымбек Медиұлын мәңгі есте сақтау үшін аудан, облыс деңгейінде қажетті іс-шаралар ұйымдастырылады деген үміттеміз.

Боранбай ЖҰМКИН,

Шет ауданының Құрметті азаматы.

Басқа материалдар

Back to top button