Баған

Урбанизацияны тежеу керек

Жуырда облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінен талантты журналист Қызғалдақ АЙТЖАННЫҢ «Ауылдан адам көшкенмен» урбанизация кемеліне келген жоқ» атты мақаласын оқыдым. Талдамалық дүние екен. Ауылдың жайын жетік білетін адам ретінде, енді осы урбанизация мәселесі жөнінде ойымды айтайын.

Бұл – дүние жүзінде болып жатқан дәстүрлі үрдіс. Бірақ, Қызғалдақ айтпақшы, біздегі урбандалу жүйесіз болып отыр. Мұны ғылыми тілде «лашықтық урбанизация» дейді. Яғни, стихиялық сипатта болып тұр.

Ауылдан қалаға көшіп келген соң, алдымен үй, екінші жұмыс керек. Басқасының жөні болар еді, егер осылар шешілген болса. Бізде өкінішке қарай, бұл жағы ойластырылмаған. Сосын олар амалсыздан базар жағалайды немесе жеке көлігімен адам тасиды. Олар әрі-беріден соң, жеке басымен қатар, елдің экономикасына да зиянын тигізіп жатыр. Өйткені, олар тұрақты жұмысы болмаған соң, не салық төлемейді, не өзінің зейнетақы қорына жарна аудармайды.

Мәселен, оңтүстік облыстардан солтүстік аймақтарға азаматтарды отбасымен көшіріп, қоныстандыру бағдарламасы қолға алынған еді. Оларға көп жеңілдік те қарастырылды. Осы мәселе тұтас ел көлемінде жүзеге асырылса урбандалу мәселесі жемісін берер еді.

Ауылдан адам жетіскеннен көшпейді, «қалада мүмкіндік көп қой, бір жөні болар» деген үмітпен, яғни, «есекдәмемен» көшіп жатыр. Ал, оның нәтижесін ел көріп отыр.

Мемлекет тарапынан реттелген урбанизация мәселесі болса, осылай оң жемісін берер еді. Ал, енді урбандалудың жөні осы екен деп ауылдағы елдің бәрін қалаға көшіру де дұрыс емес.

Урбанизацияға тежеу салу керек. Ол дегеніміз әкімшілік тұрғыдан емес, экономикалық тұрғыдан болуы тиіс. Яғни, ауыл халқының қалаға сабылмауы үшін, оларға ауылда жағдай жасалу керек.

Біздің жас кезімізде үкіметтің «қала мен ауыл адамының арасындағы алшақтықты жоямыз» деген ұраны болды. Ауылдың бүкіл әлеуметтік жағдайын жасап берді. Коммуналдық төлемдер 1-2 тиын төледік, еңбекақысына 25% қосып берді. Жыл аяғында 13-ші еңбекақы деген болды. Курорттық-санаториялық жеңілдіктер түгел халықты қамтыды. Ауылдың шопан, механизаторлары егін жиым-терімін аяқтаған соң, Сочи, Қырым, Балтық бойы елдері, Куба, Вьетнам елдерінің қайсысына барып демаламын деп таңдап отыратын.

Осындай жағдай жасаған соң, ауылдан кім көшсін? Бәріміз де институт бітірген соң, қалаға көшкіміз келді. Бірақ, ауылдағы бар мүмкіндікті тастап кете алмадық. Соның арқасында тапжылмай ауылда еңбек еттім. Қалғаны елге аян. Қалаға кейіннен ғана қызмет бабымен көштік.

Урбанизацияны реттеумен қатар, оны осылай шектеу керек. Ауылдағы қазақы қаймақты, кең пейіл мен дархан құшақ елді осылай сақтап қалуға болады. «Ауылды дамытпай, елді дамыта алмаймыз» деп жоғары билік те айтып жатыр. БҰҰ әлемдегі 20 елде аштықтың белгілері бар депті. Сондықтан, ауылдың халқы мен ауыл шаруашылығына бейжай қарауға болмайды ғой.

Қытай сынды үлкен мемлекеттерде ауылдың халқына «Жасыл белдеу» деген арнайы бағдарлама бар екен. Онда ауылдан көшіп келгендерге, алып шаһардың маңындағы елдімекендерден үй салып береді және шағын шаруашылық пен егін салуға жеңілдетілген несие береді екен. Бізде де осы мәселені қолға алса, құба-құп болар еді…

Яғни, шама келсе, урбандалуды экономикалық тұрғыдан тежеу керек. Ол болмаса, «Жасыл белдеу» сияқты бағдарламаны тұтас ел көлемінде қолға алу қажет…

Ниқанбай ОМАРХАНОВ,

мемлекеттік қызмет ардагері.

Басқа материалдар

Back to top button