Жаңалықтар

Зауыттың жаңа өнімі – инсинератор

Қарағанды қаласындағы жылыту қазандықтарын шығаратын зауыттың жұмыс істей бастағанына 12 жылдай болған. Алғашқыда тек металл сатумен айналысқанымен, жаңа цехтар ашып жылыту пештерін жасап, нарыққа шығарды.

Бүгінгі күні «Қарағанды қазандық зауыты» 30 адамға жұмыс тауып беріп қана қоймай, екі цехты жаңадан іске қосты. Алдағы уақытта жаңа құрылысты бастап, ұлғаюды көздеген. Соның арқасында тағы да 20 шақты маманды жұмысқа алмақ. Сонымен қатар, зауытта тас үгітіп қиыршық тас шығарғаннан шыққан даладағы шаң-тозаңды жағатын заманауи пеш – инсинераторды жасауды қолға алған.

Арнайы инсинераторды шығару ауылдық жерге тиімді. Өйткені, далада тас уатылғаннан кейін шыққан шаң-тозаң шөпке жиылады. Ал, ондай жайылымға мал жоламайды. Қалдықтарды жинап апарып төге салмайсың, өйтер болсақ, қайта ауаға ұшады. Бірден-бір жолы жоғары қысымды пеште жағып, қатайту әдісі арқылы қайта кәдеге жарату.

Біздің мекеме 12 жылдың мұғдарында жұмыс істейді. Бес жыл бұрын жаңадан екі цехты тұрғызу үшін РБК банктен «Даму» бағдарламасы бойынша 100 миллион теңге несие алдық. Соның арқасында 30 жұмыс орыны құрылды. Бүгінде өндірістік және тұрмыстық қазандық жасаймыз. Сонымен бірге, өндіріс орындарында шаң-тозаңды жинайтын арнайы қондырғыларды да шығарамыз. Жаңа цехтар ашылғалы жұмыс істеу қарқынымыз төрт-бес есе артты. Негізінен, біздің өнімдерге тек елімізден ғана емес Ресейден де тапсырыс түседі. Біздің зауыттың басты байлығы – осында жұмыс істейтін мамандар. Барлығы да өз ісінің білгірлері. Білімді де әр жұмысына шығармашылықпен қадам басады. Алдағы уақытта зауыттың ішінде жеке қазандық пен жасалған қазандықтарды тексерістен өткізетін арнайы лаборатория, кеңселік ғимарат салмақпыз. Яғни, биылдан бастап кеңейту жұмыстарын бастаймыз. Ал, жаңа өнім – инсинератор туралы айтсақ, ол ауылдық жерге өте тиімді, – дейді «Қарағанды қазандық зауыты» ЖШС директоры Игорь Верещагин.

Зауытта дәнекерлеуші, слесарь, жинақтаушы, кесуші, програмист, электрик сынды мамандар еңбек етеді. Мұндай мамандарға әрқашан сұраныс бар. «Ал, қарапайым жұмысшыға зәру емеспіз. Алдағы уақытта, зауытымыз кеңейгенде 15-20 маманды жұмысқа аламыз» – дейді зауыт басшысы.

Цехтарды аралап жүріп, зауыттың өнімдерімен таныстық. Жылу қазандығының түр-түрі бар екен. Қаңылтыр кесуші Марал Жазықбековті сөзге тарттық.

Мен өзім мұнда қаңылтыр кесуші болып зауыт ашылғалы жұмыс істеймін. Біз көбінесе сұранысқа ие әртүрлі сыйымдылықтағы пеш жасаймыз. 100-200-300 шаршы метр деп кете береді. Мысалы, екі қабатты үйлерге 500 шаршы метрге дейін қазандық дайындаймыз. Пеш көмірмен жанады. 4-5 күнге дейін көмір салып қойып, алаңсыз жататын пештер бар. Қазір, бала бақшалардан, мектептерден тапсырыстар түсуде. Цехта 20 шақты адам жұмыс істейміз. Түрлі мамандық иесі бар. Әркім өзіне тиесілі жұмысты атқарады. Біреуіміз кессек, екіншіміз дәнекерлейміз. Соңында пеш толық тексерістен өтеді. Тапсырыс берушінің қолына сапалы дүние ұсынамыз. Өйткені біз үшін сапа ең маңызды. Біздің пештерге облыстан тыс Нұр-Сұлтан, Павлодар, Петропавл қалаларынан тапсырыс беретіндер көп. Сонымен қатар, біз басқа да заттар жасаймыз, – дейді Марал Жазықбеков.

Иә, мұнда үйге немесе саяжайларға қажет қаңылтыр бөшке, қоқыс жәшіктеріне де тапсырыс көп түседі екен. Дайын өнім тапсырыс берушінің үдесінен шығуда.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button