Руханият

Қанатпен Нұраға сапар

Зақаң өзінің қалжыңымен де танымал. Кейде бірдеңені айтып, түк болмағандай тып-тыныш отыратыны бар. Білмейтін адам ол кісінің байыпты бет әлпетіне, сөзіне қарап, шын екен деп нанып қалады. Зақаңның «Орталықта» істеген кезінде редакция ұжымы арасындағы қалжыңдары өте көп. Соның ішінде, кейін көптеген кітап жазып, жазушы болған, журналист Қанат Жойқынбековпен қалжыңдары өте қызық. Сондай әңгімелерін Зақаңнын өзінің айтып бергенін жөн көрдім.

Өткен ғасырдың сонау жетпісінші жылдары болатын. «Орталық Қазақстанның» құрылыс бөлімінің меңгерушісі Амангелді Ахметәлімов партия мектебіне оқуға кетіпті де, бөлімде ешкім қалмапты. Бұл өте қиын бөлім ғой. Өйткені, қаладағы құрылыс ұйымдарында, қала шаруашылығында орыстар істейді. Бөлімде жұмыс істегенде тек қана аудармашы болу керек. Орысша жақсы білу керек. Соған адам таба алмай отырыпты да, редактордың орынбасары Есімбек Бәйтенов Егіндібұлақта аудандық газетте жүрген мені ұсыныпты. Редактор келісімін берген соң маған өзі телефон шалды.

– «Осындай бір шаруа бар, келіп кетші және келгенде біз сені аппаратқа аламыз ба деп отырмыз. Мен редактормен келістім. Келіп, жолығып кет», – деді.

Содан редакцияға келсем, бөлім меңгерушісі болып келіп тұрмын ғой – Қанат Жойқынбеков отыр, менің қарамағымдағы қызметкерім. Редакция ол кезде Чкалов көшесінде. Ауыл шаруашылығы бөлімінің үлкен кабинеті бар. Соның бір бұрышында отырамыз.

Қанат маған:

– «Сен қайдан келдің?» – дейді. Қанатпен бұрын араласпағанмын. Өзі маған «сен» дейді. Ол кезде де жыным бар ептеген.

– «Мен бастығыңыз боламын, менімен «сіз» деп сөйлесіңіз» деп қоямын жынына тиіп. Мен негізі «Орталық Қазақстанға» 1960-61 жылдардан бастап жазып тұрамын. Мақалаларым басылады. Өйткені, мен келгеннен кейін Қағазекең бір күні 1964 жылы тың көтерудің 10 жылдығына арналған «Жылдар, адамдар» деген мақаламды көрсетті.

Қанат менімен сөйлескенде өзінше сыр тартып:

– «Мұнда қалай келдің? Кімнің туысқанысың?» – деп сұрайды. Ол кезде облыстық атқару комитетінің төрағасы Досмағанбетов болатын. Оған айтып қоямын:

– «Ана Сұлтекең ағайын болады», – деп.

– «Ол қалай ағайын болады?»

– «Білмеймін, әкем жағынан ба, шешем жағынан ба… Әйтеуір туысқан», – деймін түк білмегенсіп.

Оны айтатын жөнім бар. Қол қойып, бұйрық берілгеннен кейін Ескең маған:

– «Досмағамбетовке барып, пәтердің кезегіне тіркел», – деген болтын. Оны жаңағы Қанатқа айтып қоямын:

– «Бүгін кіріп шықтым. Үй беретін болды. 1-2 айда алып қалатын шығармын», – деп.

Содан біраз тыңдап отырды да:

– «Малдарың бар ма?» – деп сұрады.

– «Қай малды айтасың?»

– «Қой-ешкіні».

– «Біздің жақта қой-ешкіні мал деп санамайды. Жүздеп, екіжүздеп шопан-шопандарда жүре береді. Қажет кезде әкеліп, соя береміз».

– «Сиырың қанша?»

– «Бір оншақты сиыр бар. Жиырмашақты өгіз бар», – деп қойдым.

Мен айтып отырмын, анау соның бәріне нанып отыр.

– «Жылқы көп емес, екі-ақ үйір. Менің атымда бір-екі айғыр ғана. Басқасы басқа жақта».

Сөйтсем, соның барлығын машбюроға, әйелдерге барып айтыпты.

– «Мен білдім, Тайшыбаевтың қалай келгенін», – десе, Айшекең:

– «Е, онда шаруаң қанша, оның қалай келгенінде?» – деп бетін қайтарып тастапты.

Міне, біздің бірінші әңгімеміз осылай болды. Солай-солай әңгімеміз көбейе берді.

Қанат жазушы Сафуан Шәймерденовтің балдызы ғой. Сол Жазушылар одағында бір басшы болып жүрді. Бір қордың бастығы болды ғой деймін. Қанатты шақыртып, бір баспаға орналастырып, кітаптарын шығарттырды. Содан бір-екі жылдай астанада болып келді. Ол әкесі қайтыс болған соң кетті. Шешесі ертеректе қайтыс болған. Келесі жылы жазда әкесінің жылына қарай келді. Редакторымыз Тілеухан Жүсіповке кіріпті.

– «Әкемнің басына барып, құран оқытып қайтайын деп едім», – деп машина сұраған ғой. Тілеухан жай машина бере алмайды да, мені шақырды.

«Шамалы бір жоспар жасап алыңыз да, іссапарға шығып, сол жақтан бір-екі мақала жазыңыз, мына Қанат құрдасыңызды еліне апарып келіңіз», – деп тапсырма берді. Содан, Қанат екеуміз Балықтыкөлге жолға шықтық, Нұра ауданына. Тақай бере ауыл былай қалды, біз бейітке қарай тура тарттық. Жүргізушіміз бір жас жігіт. Бейіттің басына келдік. Қанат көзіне жас алып, жыламсырады. Мен оны жұбатқан болдым.

– «Құран оқисың ба?» – деді.

– «Оқимын», – дедім.

– «Ал, оқи ғой», – деді.

Жаздың күні ғой, көгалға тізерлеп отыра қалдық. Жүргізуші мына жағымда. Мен оң қолымның бас бармағы мен сұқ саусағымның басын үйкелеп, Қанатқа «ақша төле» деген ишара жасадым.

– «Береміз ғой», – деді.

– «Болмайды, әкеп қой».

– «Ей, береміз ғой», – дейді, кәдімгідей саудаластық.

– «Қанша бересің?»

– «5 сом».

– «Жоқ, 5 сомға оқымаймын», – деп тұрып кеттім.

– «Оқымасаң қой», – деді ашуланып.

Жүргізушіміз жас жігіт етпетінен түсіп, күлкіден өліп жатыр. Екеуміз де машинаға қарай аяңдадық. Әбден ашуланды. Бір уақытта мені боқтады.

– «Сен сөйтесің…»

«– Сен ғой енді, әкең былтыр ғана өлді. Аяғы әлі жасырылған жоқ. Сен 10 сомыңды қимайсың. Естіген елден ұят емес пе? Бес сом деген не нәрсе?», – деймін мен әдейі.

Содан ауылға келдік. Әкесінің інісі бар екен. Сол үйге кіріп келдік. Қанаттың түсі суық. Ашуланып тұр ғой. Жеңгесі қарсы шыға келіп еді, оны қаға-соға өтіп кетті.

– «Ей, мына қояншық қайтеді-ей! Қайдан жүрсің?» – деп жеңгесі шыр-пыр болып жатыр. Пештің түбінде ағасы отыр екен.

– «Тұр-тұр, – дейді ағасына. – Жүр, құран оқимыз».

– «Әкең бір жаққа кетіп қалар деймісің. Немене, от алып келдіңдер ме?» – деп ағасы шамданып қалды.

– «Мынау 5 сом берді. «Мен 10 сом бермесең оқымаймын» деп оқығамын жоқ», – деп түсіндірдім.

– «Бес сомға мен де оқымаймын», – деді ағасы.

– «Оқымасаң қой! Менің әкем болса – сенің ағаң» – деп енді ағасымен байланысып жүр.

Біраздан соң барып, құран оқып келдік. Сонымен, сол ауылда қондық. Ертеңіне совхоздың кеңсесіне келсек – партком хатшысы, директоры, бәрі Қанат келгенін естіген ғой, жиналып отыр екен. Қанаттың кітаптарын қойыпты. Әңгімеден әңгіме өрбіді.

– «Мынау талантты жігіт. Өздеріңнің бауырларың. Әттең, шешесіз өсіп, шалдың дұрыс тәрбие бермегені болмаса», – дедім ғой.

Боқтап шыға келді.

– «Әне, көрдіңіздер ғой. Ол осындай», – деймін күліп.

Директор үлкендеу кісі екен:

– «Қой, боқтағаны несі!», – деп ұрсып тастады.

– «Қайдан білейін!» – деп мені тағы боқтайды.

– «Міне, көрген күнім – осы. Егер осы мінезі болмаса, баяғыда редактор, баяғыда обком хатшысы болып кетер еді», – деймін.

Ол онан сайын ашуланады. Сонымен қайттық. Қанатпен қалжыңдарым толып жатыр. Оның барлығын айта беруге болмайды.

Жазып алған Сүйіндік ЖАНЫСБАЙ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Басқа материалдар

Back to top button