Руханият

Наурыз нышандары

Әз Наурыз мерекесін түбі бір түркі жұрты бастабында табиғаттың тылсым нышандары арқылы ажыратып, ат қойған, айдар таққан. Бұл – жалпылай алғанда күллі шығыс халықтарына ортақ мереке. Жалқылай алғанда қазақ дүниетанымындағы ерек мейрам. Бұл шақ – жер аяғы кеңіп, қырат белдер қабаратын, табиғат жаңаратын мезгіл. Онда осы мерекедегі санамызға ой-тамызық болсын деген рәуішпен таңғажайып табиғаттың тосын құбылыстарына тоқталып кетелік.

Мәриям шөп

Жаз – жайлау, күз – күзеу, қыс қыстау жайлаған қарға тамырлы қазақ – туған жердің қыртысындағы талай көріністерге көзі қаныққан дана ел. Жаңа ғасырдың табалдырығын ақпараттық технологиямен ашқан бүгінгі web-ұрпақ үшін қарапайым тасбақаның тірлігі тосын көрінері рас-ау. Әйтеуір, ауыл-аймағында көзін ашып, қыста жабағы үйреткен жан жазғытұры қараған сайдан бәйгеторысымен шауып өткенінде тырбаң еткен жердегі тасбақаны көзі шалып қалып жүреді. Бұл тас астындағы мақұлықтың ат тұяғының дүбірінен шошып қашқан түрі енді. Торының тізгінін тартып, әлгі немеге үңілген болсаңыз, мойнын тас астына жасырған жәндік үн шығармай жайбарақат тынады. Үзеңгіден аяқ босатып, шылбыр ұстаған күйі бүк түсіп, «тірі тасқа» тағы мән бересіз. Етбетінен жатқан бейуаз жәндікті шалқалатып аударасыз да бажайлап көресіз. Езуінен шөп қылаңытқан болса, жартылай бақытты жансыз. Енді сол шөпті еппен алу ләзім. Тас жамылған бақаның езуіндегі екі тал өсімдікті қазақ «Мәриям шөп» деп ныспылады. Қолға түсірген болсаңыз, бай Жақыптай бақытты, арманы жоқ адамға айналғаныңыз. Сәулет те, дәулет те біткен қуатты, миллет те қадірлеген шуақты жанға айналасыз деген сенім бар әзелден…

 

Балпақ басын көрсетер

Қазақияның шалқар даласын түгел барлап, зерттеу ешкімнің маңдайына жазылмаған. Жазылған болса, Лұқпанға берген жан да шыдамас па, жетпес пе еді, қайтер еді. Шыдаған болса, сұңғыла болар ма еді. Сұңғыла болса, онда Қызыр атаға айналған болуы керек. Әбілхаяттың суын ішіп, бағзыдан қалған байырғылар «балпақ басын көрсетер уақ» деп қауқылдасатын күн қайда, шіркін. Ол мұғдар – наурыздың 10-ы мен 14-і шамасы. Жә, балпақ деген не дейсіз ғой? Кәдімгі сарышұнақ. Сол жарықтық наурызда інінен қылаң етеді. Ай суық болса, інінен ұзамас. Жылы болса, ен дүниені еркін кезеді…

 

Наурызтөл

Ақпанның аяқ кезінде қой төлдей бастайды. Қыр қазағы ондай қозыны төлбасы деп ерек қадірлейді. Күтеді. Бағады. Сақтайды. Кей жерлерде төлбасы деп те атайды. Төлдің басы ешкімге сатылмайды. Ешкімге сыйға берілмейді. Көшпелі ортада ертеде ерте көктемде алғашқы туған ұрғашы қозылардың арасынан түсі келіскен, енесі өсімтал деп саналатын біреуі көгенбасы деп таңдалған. Мұндай малды көбінесе өз қызығына, тойына, құрбан айт күндерінде сойып, ырым етеді.

 

Наурызек

Құстың аты. Ұлпадай жеп-жеңіл, ұшқыр торғай кәдімгі. Құйрығы ұзын, түсі көк. Бауыры сарғыш. Халық ішінде «Сарыбауыр нәурізек» деп айтады. Наным бойынша, наурызек келгеннен кейін күн жылынып, айтарлықтай боран, суық болмайды. Әлемде бұл құстың 60 түрі бар көрінеді. Ол ұясын көбіне шөп арасына салады. Қыр баласының асығын қалтасына толтырып, осы бақыт шақырып жүретін құсты торуылдап жүргенін көзіміз көрмеді. Құлағымыз естіді үлкендерден. «Балам, жылқышы құсты көрген адамның жолы болады. Оны алғаш көргенде жем шаш», – деп үйден шығарда айтқан аналардың сөзі дәйім есімізде болатын. Алақанымызға аз-маз бидай салып жүретін ек. Көре қалсақ ол құстың жолына тары-бидай шашатынбыз.

Қарлығаш – адамды ажалдан құтқарушы, наурызек – жыл басы, береке хабаршысы, көгершін – тыныштық құсы, бозторғай – дала бұлбұлы деп тәпсірлейтін әжелердің қатары сиреді.

Құсты бірінші көрген адам оны жақсылыққа балап, қолда барын алдына жаяды. Бұл құсты көргендер «Наурызкөгім келдің бе?» немесе «Наурызек, қайтып келдің бе, анаңның көзі жазылды ма?» деп сұрайды екен. Аңыз бойынша, мұндағы Наурызектің анасы – Жер-Ана. Яғни, Жер-Анаға көктем келді ме, табиғат жаңарды ма деген мағына береді.

Әр қазақтың шаңырағының қасынан наурызек құстың шиқылы шықсын!

 

Наурызшешек

Емдік қасиеті бар тау бөктерлерінде бүршік жаратын дәрілік гүл.

Балқаш-Алакөл, Жетісу, Күнгей, Іле, Қырғыз Алатауларында, Алтайда, Батыс Тянь-Шаньда, Сарыарқада өседі. Биік тау басындағы мұздықтардың маңайында, жартастарда, шалғынды тау беткейлерінде, ормандарда бұта арасында, өзен, көл жағалауларында өсетін 12-ге тарта түрі бар. Өсімдік биіктігі 15-30 сантиметрдей, сабағы тік, жапырақтары сабақ түбінде шоқтанып өседі. Тостағанша жапырақшалары түтікшелі қоңырау тәрізді, күлтелері ұзын, желбір қалақшалары бүтін не екіге бөлінген. Аталығы – бесеу, өте қысқа жіпшелермен күлтенің түтікшесіне бекіген. Қызыл, күлгін, сары, тағы басқа түсті гүлдері шатырша гүлшоғырына топталған. Ерте көктемде гүлдейді, аралар және көбелектер арқылы тозаңданады. Қазақстанда 12 түрі бар, оның Минквиц Примуласы деген түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген.

 

Наурызша

Қазақ тілінің сөздік қорында «наурызша» деген сөздің барын біріміз білсек, біріміз білмейміз. Білсек те бұл күнде көп ести бермейміз. Наурызша – наурыздағы қар атауы.

«Наурызша» – жыл басындағы жылы¬лықтың белгісі. Наурыз айында ашық күндері қолдан жасаған ою-өрнек секілді жұп-жұқа қиыршық қар түседі. Қырбақ, қарайған жерді жасыра алмай, қылаулап жауған жұқа қар күн көзіне шашырап, жылтылдап құбылады. Анықтап қарағанда, басқа қар қиыршықтарындай емес, жеңіл де үлпілдек болады. Осы қарды наурызша деп атайды.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button