РуханиятШет

Сырнайынан сыр тамған…

Шет аудандық мәдениет үйінде сазгер, күйші, сырнайшы, актер, сегіз қырлы бір сырлы талант иесі Ыбыжан Төлегеновтің рухына арналған «Өнермен өрілген ғұмыр» атты еске алу кеші өтті. Салтанатты кеште «Ақсу-Аюлы» ән-би халық ансамбліне дарынды азаматтың есімі берілді.

Нұраның бойы жыр мекен…

Ыбыжан Төлегенұлы 1939 жылы Шет ауданы Ақсу-Аюлы ауылында дүние есігін ашқан. Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп қабырғасында оқып жүріп-ақ баян тартып, күй шертіп облыстық байқаулардың жүлдегері атанды. Бала өнерінің өркен жаюына әкесі, ІІ дүниежүзілік соғыс ардагері Төлеген Жұмағұлов ықпал еткен. Өнерге құштар Ыбыжан мектепті аяқтай салысымен Алматыдағы музыкалық училищенің арнайы курсына қабылданады. Кәсіптік оқуын сәтті тәмамдаған кәнігі сырнайшы туған жерінің мәдениетін өркендетуге ниет қылады. Ғұмыр бойы жанына серік еткен сол баяны аудандық мұражайда сақтаулы.

Алғаш еңбек жолын 1958 жылы сол кездегі ескі клубта патефонмен қоса баян тартып, көптеген тартымды кеш ұйымдастырған. 1973 жылдан өмірінің соңына дейін «Ақсу-Аюлы» ән-би халық ансамблінің көркемдік жетекшісі болып қызмет етті.

Ы.Төлегенұлының актерлік шеберлігі де ерек болыпты. Ол жұртшылыққа театр заман айнасы екенін ұғындырып, қазақ халқының классикалық мұрасына айналған «Еңлік-Кебек», С.Жүнісовтің «Ажар мен ажал», «Мәди», «Қанжар мен домбыра», «Қысылғаннан қыз болдым», «Құдалар» сынды түрлі драмалық, комедиялық қойылымдарда басты рөлдерді нанымды етіп сомдаған. Оның ішінде Ғ.Мүсіреповтің «Қозы көрпеш-Баян сұлуындағы» Жантық образын сенімді ойнағаны сонша, бір көрермен ақсақал сахнаға шығып таяғымен «сені ме» деп нұқыған екен деген әңгіме ел аузында әлі де айтылып жүр. 1978 жыл. Аудан театры Жезқазған сахнасында аталған қойылыммен халықтық атағын қорғау кезінде қазылар алқасының мүшелері даңқты өнер иелері А.Әшімов пен А.Пашков «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» қойылымын талай көрдік, бірақ Жантықты дәл мынадай ойнаған жанды алғаш көруіміз», – деп табиғи талантына сүйсінгенін жасырмаған екен.

Ол кездің бет-бедері көз алдыңызда болар. Қазіргідей телегей мүмкіндік жоқтың қасы. Барлығын бірнеше адам ғана атқарған. Ыбыжан Төлегенұлы сол бір жылдары ансамбль жанынан құрылған «Сарыарқа» үгіт бригадасына да жетекшілік етіп, Шет өңірінің ауыл еңбеккерлеріне саф өнерін паш етіп, сахнаны безендіру жұмысын қоса атқарды. Мәдениет саласында 42 жыл еткен еңбегінің арқасында облыстық, республикалық деңгейлердегі түрлі марапаттарға ие болды. 1976 жылы І Бүкілодақтық фестивальде облыстық көркемөнерпазда шығармашылығын дамытуға сіңірген еңбегі үшін лауреат атанды. Сазгерлігімен де ерекшеленген дарын иесінің ақын Т.Амандықұлының «Сағыныш» және З.Сүйіндікұлының сөзіне жазылған «Ақсу-Аюлы жыр мекен» атты әндері аудан әнұранына айналғалы қашан.

Сағынған шығар…

Мәдениет үйінің кіреберісіне ұйымдастырушылар өнер иесі қолданған құнды жәдігерлер мен заттар жинақталған көрме қойды. Айтулы кешке Ыбыжан Төлегенұлының туған-туыс, аға-бауырлары, замандас жора-жолдастары, мәдениет майталмандары мен бұқаралық ақпарат қызметкерлері қатысты. Сахна шымылдығын халық ансамблінің сүйемелдеуімен жеке дауыста Е.Тілеубердин А.Қоразбаевтың «Елге сәлем» әнімен ашты. Шет ауданы әкімінің орынбасары Мақсат Жумкин ансамбльге салтанатты түрде Ыбыжан Төлегеновтің атын беру туралы Шет ауданының әкімі М.Мұхтаровтың өкімін растайтын құжатты табыстай отырып, шығармашылық ұжымға шалқар шабыт пен толағай табыс тіледі. Одан соң сөз алған Қарағанды қаласы Кеншілер мәдениет сарайының директоры Ж.Акишев, өнер жолындағы әріптесі А.Рашидов, ҚР мәдениет қайраткері Г.Ахметова, туысы Біләл ақсақал, баласы Ә.Жұмағұлов жылы естеліктер айтты. Осы кезде ендігіде Ыбыжан Төлегенов атындағы ән-би халық ансамблі Құрманғазының «Балбырауын» күйін орындады.

Ыбыжан Төлегенұлының өмірлік жары Татьяна Төлегенова – 37 жыл аудандағы орталық кітапхананы басқарған ардақты жан. Қазір тарихи отаны Беларуссияға кеткенімен, байланысын үзбеген екен. Кермиық кеш барысында Минск шаһарынан бейнесәлем жолдаған ол ыстық ықыласы мен жан тебіренісін жасырмады. Автордың әндерін нақышына келтіріп орындаған А.Артықбаева, мәдениет саласының ардагері М.Медеуова сынды әншілер шараның әрін кіргізді.

1978 жылы аудандық мәдениет үйінің жанынан Қайрат Боранбаевтың жетекшілігімен «Арай» ансамблі құрылған болатын. Ансамбльдің алғашқы құрамында Ы.Төлегенұлының өнер сапарындағы үзеңгілестері Б.Қайырбеков, Ж.Қалиев, Е.Мусин, М.Амандықов, С.Төкенов, С.Аманбековтер болды. Кешке қатысқан кейінгі құрамдағы Қ.Боранбаев, С.Ахметов, А.Омарбековтер Д.Сүлеевтің «Алматы түні» мен «Әнім сен едің» әндерін тамылжыта орындады.

Халқының сүйікті ұлы Ыбыжан өнерінің жұрнағы бүгінде Қарағанды қаласы «Шолпан» би ансамблінің мүшесі, облыстық, республикалық байқаулардың лауреаты Айзере Телмановаға да дарыған екен. «Балауса», «Тәжік» билерін орындаған жас талант елдің сүйіспеншілігіне бөленді.

Ыбыжан Төлегенұлы өнерде бірге жүрген інісі, досы Қайрат Мұстафинмен талай сахналарда баян мен домбыраны үйлестіріп попурри шырқаған еді. Сол шақтардың бірі таспаға түсіп қалған болса керек. Заман тынысын бейнелейтін деректі бейнені тамашалаған көрермендер өткен күндерін көз алдына келтіріп, таңдай қағысты. Сондай-ақ, Қайрат Мұстафин жадынан шыққан «Әкені аңсау» күйін халыққа кәде қылды.

Мұнан соң дәстүрлі әнші, түрлі деңгейдегі байқаулар лауреаты Е.Ахметов «Баянауыл» әнін шырқады. Күміс көмей әнші Д.Исабаев Қ.Әбіловтің «Бала махаббатын» әуелетті. Е.Хасанғалиевтің «Атамекен» әнімен тәмамдалған мерекелік кеш айбоз ұлын сағынған қараша жұртының сартап сағынышын бір уақ басқандай болды…

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ

Шет ауданы

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button