Жаңалықтар

Ғибратты ғұмыр

Киіз туырлықты қазақтың арғы-бергі тарихына көз жүгіртсек, сөз ұстаған, қара қылды қақ жарып, әділ билік жүргізген, ақ сөйлеген билер аз болмаған.

Заманымыздың заңғар Ғалымы, Қазақстан Ғылым академиясының тұңғыш заңгер Академигі, қазақ заңгерлерінің Атасы атанған Салық Зимановтың көп жылдық зерттеуінің арқасында жарық көрген «Қазақтың ата заңдарының» он томдық тарихи реформаторлық зерттеу ғылыми еңбегі, қазақ әдет-ғұрып құқығы, қазақ даласындағы белгілі билер туралы ғұмырнамалық мәліметтері, бізге жеткен билік шешімдер мен билер өсиеттері, қазақ халқының бай құқық саласының кемел тарихи шежіресі іспетті.

Қазақтың әділ соты дегенде, шын мәнінде әділдіктің символы болған билер көз алдымызға елестейді. Билер халықтың санасы мен ауызында әділдіктің бейнесі саналды, билер соты мәдени құндылығы мен өнегелі бағдарына айналды.

Билер әділ сотының өміршеңдігінің ғасырлар бойы сақталуының өз құпиясы бар. Біріншіден, ол өз тамырын халықтың табиғи тарихынан алды, өз иделогиясында жалпыадамзаттық арман мен қоғамның талабын көрсетті. Екіншіден, билер әділ сотының атасы болып табылатын көшпелі қазақ қоғамы, талай күйзелістерді бастан кешіргеніне қарамастан, өз негізін өркениет ғасырының басына дейін сақтап қалды. Билер соты үстем болған дәуірдің сот жүйесінің «Алтын ғасыры» деп аталуы, оның дүниеге келуі, осындай мәртебеге ие болуы, соттық биліктің, қоғамның өнегелік дәстүрлерін нығайтуға және адами қатынастарын сауықтырудың тарихи үлгісін көрсетті. Билер әділдігімен, шешендігімен халықтың арасында зор беделге ие болды. Бірнеше жүзге жуық билердің кесімді сөздері мен айтқан биліктері сақталып, бүгінге жетті, жалпы билер институтының тарихы екі мың жылға жетіп жығылатыны ғылыми түрде дәлелденген.

Қазақстанда әрбір азамат сот арқылы өзінің құқықтары мен бостандықтарын қорғай алады.

Ата заңымызда, сот билігі еліміздегі үш биліктің маңызды бір тармағы ретінде танылып, соттар мен судьялардың мәртебесі заң жүзінде белгіленді. Сот төрелегін сот қана жүзеге асырады. Сот билігі Қазақстан Республикасы атынан жүзеге асырылады және азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтарын мен заңды мүдделерін қорғауға, Конституцияның, заңдардың, нормативтік құқықтық актілерінің, халықаралық шарттарының заңға сәйкес орындалуын қамтамасыз етеді.

Ата заңды сыйлау, орындау, оны құрметтеу – еліміздің барлық азаматының қасиетті міндеті.

Соттың беделі – мемлекеттің беделі. Судья адалдықтың, әділеттіктің үлгісі.

Міне, ел тарихында тұңғыш рет, Қазақстан Республикасының Үкіметінің 2022 жылғы 31 наурыздағы №183 қаулысымен 24 маусым судьялар мен сот қызметкерлерінің күні болып белгіленді.

Аталарымыз: «Ханда қырық адамның ақылы болса, биде қырық адамның білімі мен ары болады», «Не би бол, не би түсетін үй бол», «Малым – жанымның садақасы, жаным – арымның садақасы», – деп айтып кеткен.

Ал, данышпан Сократ: «Барлық мамандықтар адамдардан, тек үшеуі ғана Құдайдан – дәрігер, мұғалім және сот!» – деген екен.

Менің бүгінгі кейіпкерім, мәртебелі мамандық биігінде болған, өмірі өнеге, тағылымы теңдессіз тәрбие мектебіне айналған Бақытбек Қапанұлы Сыздықов, 1962 жылдың 16 маусымы жұлдызында Ақтоғай ауданы, қасиет қонған Арқаның ең биік шыңы Ақсораң тауының бөктерінде жатқан, Қызыларай ауылында, үлгілі ұстаздар отбасында дүниеге келген.

Атасы – Смағұлы Әбдірахым, қиын-қыстау заманда Қызыларайда бірінші мектеп ашқан. Қажырлы еңбегі еленіп, Қарағанды өңірінде, сол кездегі ең жоғары марапат – Ленин орденімен ұлықталған тұңғыш ұстаз ғана емес, елімізге ақындығымен аты шыққан белгілі тұлға. Әкесі Қапан ақсақал да халқына қалаулы, еліне елеулі ұлағатты ұстаз болған.

Сондықтан, ұрпақтары олардың рухани аруақтарына бас иіп, мақтаныш етеді.

Анасы – Макен Ахатаева да еліне сыйлы, қажырлы, немере-шөбере сүйіп отырған бақытты ана, ақылшы әже. Қызыларай мектебінде тапжылмай 36 жыл бойы, тек қана бастауыш класстарға сабақ беріп, 1978 жылы Ақтоғайдағы «ҚазССР-нің еңбек сіңірген ұстазы» деген жоғары атағын алған алғашқы мұғалім. Оқушылары елімізге белгілі, ақиық ақын Серік Ақсұңқарұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор Алмагүл Әділова, судья Бағдат Әдепбеков, тіпті, бір шәкірті – генерал Таңат Жүнісов, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Академиясының ректоры.

Бақытбектің ата-аналары, ешкімнің ала жібін аттамай, өздерінің әулеті арасында ғана емес, тұрмыс құрып, қызмет еткен мекендерінде, барша халыққа үлгі-өнеге болған асыл жандар. Туған-туысқа, құда-жекжаттарға сыйлы, қоғамға да қажырлы еңбектерімен, абыройлы болған зиялы отбасы. Өздерінің парасатты мінез-құлықтары мен күнделікті іс-әрекеттерімен күллі Ақтоғай-Балқаш өңіріне үлгілі-өнегелі отбасы бола білді.

Ауыл мектебін үздік бітіріп, Бақытбек бауырымыз 1979 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің заң факультетіне түсіп, 1984 жылы қызыл дипломмен үздік бітірген.

Еңбек жолын Жезқазған облыстық адвокаттар кеңсесінде бастап, үш жылдан кейін, сол кездегі Жезқазған Әділет Басқармасының басшылары, білімді, зерек жас маманның атқарған жұмыстарын байқап-бағалап, алдағы болатын судьялар ашық сайлауына қатысу керектігі туралы ұсыныс жасаған. Қызметті мансап емес, мақсат деп қарайтын жас маман Бақытбек жауапкершілігі жоғары судья болуға, көп ойланбастан келісім беріп, 1987 жылы Ақадыр ауданында халық судьясы болып сайланған. Бұл ерекше атап өтетін жағдай, өйткені ол Кеңестер Одағында ең жас судья болып сайланған болатын (25 жастан 5 күн асқанда).

1991-2002 жылдары Ақтоғай және Шет аудандарының сот төрағасы болып, 2002-2013 жылдары Сәтбаев және Жезқазған қалаларының сот төрағасы қызметін атқарған. 2013-2014 аяғына дейін Астана қаласы Алматы аудандық қылмыстық істер сотын басқарған. Қазіргі уақытта құрметті отставкаға шыққан сот жүйесінің ардагері. Заң ғылымдарының кандидаты. Бақытбек Қапанұлы сот саласында қызмет атқарған 28 жылда, өз саласының білгір маманы ғана болған жоқ, сонымен бірге, Сарыарқадағы аузы дуалы, әр сөзі уәжді, ел арасындағы ардақты жігіт ағаларының біріне айналды. Өзінің мінезімен халықтың құрмет-қошеметіне бөленді. Қызмет атқару барысында: «Әр сот шешімінің артында адам тағдыры тұр. Сондықтан, әр іске адамгершілікпен қарау қажет. Ең әуелі судьяда иман болу керек. Судья алдына келген әр адамға құрмет танытқан жөн. Адамды адам деп сыйлай білу керек. Судьяның ары таза болуы маңызды!» – деген ұстанымынан таймады. Іскер басшы, көрнекті тұлға басқарған, соттар ұжымдары, еліміздің үздік ұжымдары ғана емес, бірегейі болды.

Еліміздің, тұғыры биік саяси-қоғамдық өміріне сіңірген орасан зор еңбегі елеусіз, ескерусіз қалмады. Сөзімізге дәлел, өнегелі өмір иесі, білікті де, білімді іскер басшы ретінде қажырлы еңбегі бағаланып, Президенттің Жарлықтарымен: «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 және 20 жыл», «Қазақстан Республикасының Конституциясына 20 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған. Одан басқа, Қазақстан Республикасының сот саласындағы ең жоғары марапат, ең биік дәреже саналатын «Үш би» құрмет белгісімен, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты Төрағасының Құрмет грамоталарымен бірнеше рет ұлықталған.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын!» – демекші, осы азаматтың сот саласына сіңірген ерен еңбегі бір төбе болса, азаматтығы, адамгершілік қасиеті өз алдына бөлек бір роман.

«Тау баласы тауға қарап өседі!» – дегендей, қасиет қонған Арқаның ең биік шыңы Ақсораңда туған бауырымыздың мінезі де туған жеріндей дархан.

Судьялықпен өткен 28 жылда талай істі таразыға салды. Әр істегі дәлелдемелерді, қаралған дәлелдемелердің жиынтығына негізделген өзінің ішкі сенімі бойынша бағалап, алдымен ол заң мен өзінің ар-ожданын басшылыққа алып, ақыл таразынан өткізіп, қара қылды қақ жарып қана, тек әділ шешім шығаруға бар күшін салды.

Содан да болар, Бақытбек Қапанұлын тек әріптестері ғана емес, өңір жұртшылығы да ерекше құрметтейді.

Судьялардың арасынан алғаш болып Президенттің Жарлығымен орден-медаль алуы да осыған дәлел болса керек.

Одан басқа, елімізге белгілі ақын, аталасы Әсет Найманбаевтың мол мұрасын жаңғыртуға көп тер төкті, тіпті, Әсет ақынды Түрік еліне танытты.

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға», – деп ұлы Абай айтпақшы, өмірден көрген-түйгені мол, өзі де, қазіргі кезде Жоғарғы Соттың судьясы Ақылтай Ахмеджанұлы Қасымов сынды көпті-көрген айтулы ағаларынан тәлім-тәрбие алған ел ағасы, жастарға ақыл-кеңесін айтудан, білгенін үйретуден бір жалыққан емес.

Сот саласында қызмет атқарған жылдарында, қаншама шәкірт тәрбиелеп шығарды. Саналы шәкірттері, бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде абыройлы еңбек етіп жүр. Сот саласындағы салған сара жолын шәкірттері жалғастырып келеді.

Өзім де Бақытбек Қапанұлымен заң факультетінде 5 жыл бірге оқып, қара нанды бөліп жесіп, студенттік өмірдің қызық-шыжығын бірге өткізгенбіз. Тіпті, қызметтес болып, тәрбиесін көріп, тәлімін алған жанның бірімін. Сот саласындағы ұстазым.

Бақытбек бауырымыз, осы күндері, отбасындағы 2 ұл мен 2 қызы және 3 жиен немересін тәрбиелеп отырған қамқоршы әке, бақытты ата.

Ер жігіттің бағы мен бақыты, өсіп-өнуі асыл жарына көп байланысты. Cондай асыл жар, өнегелі, инабатты ана – Ақжолтай Ағыбай батырдың ұрпағы, қонақжай Алмагүл қарындасым. Кең пейіл де арайлы Алмагүлдің дастарханы қашан барсаң да, халқымыздың ұлан-асыр жеріндей кең, мол, берекелі. Иә, жайылған дастархан – біріншіден, отанасының қандай екенін білдірсе, екіншіден, қонаққа көрсетілетін құрмет пен ілтипат.

Міне, сот саласының барлық баспалдағынан өткен Бақытбек Қапанұлы бүгінде 60 жастың биігіне жетіп отыр.

Арқаның ең биік шыңы Ақсораңнан түлеп ұшқан Ақсұңқар, Ақжол биді, мерейлі жасымен облыс судьяларынан атынан құттықтай отырып, зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасына амандық тілеймін!

Ж.Н. ШӨЖЕНОВ,

Ұлытау аудандық соты төрағасының міндетін атқарушы.

Басқа материалдар

Back to top button