Тұлға

Сезімтал ақын, сергек журналист еді

Алпысыншы жылдардың басында, студент, аспирант кезімізде, аш-жалаңаш жүрсек те, жөні түзу жалғыз костюмімізді киіп, мойнымызға шоқпардай галстук тағып алып, театрға жиі баратынбыз. Кино мен театр еді ғой ол кезде басты мәдениет ошақтары. Талай жастар сол жерде танысып, табысып жататын…Айтайын дегенім, театрдың, өзіміздің Сәкен атындағы өнер ордасының репертуары. Жаспыз ғой, бізге оқиғалары ауыр трагедиядан гөрі жеңіл комедия, әзіл-оспақ ұнайды. Қазіргідей толып жатқан студиялар, әзіл театрлары жоқ ол кезде, телевизияның өзі жаңа ғана тәй-тәй қадам басып келе жатқан. Сәкен театрында «Шөлмек мың күн сынбайды…», «Кеме келсе, қайық судан шығады», «Семіздікті қой ғана көтереді» деген аттарының өзі ғажап спектакльдер жүріп жататын.

Жаңағы қойылымдарда сол кезде қоғамда орын алған келеңсіздіктер көркем тілмен әжуа етіледі. Кейіпкерлердің мінез-құлқына, әртістердің шеберліктеріне мәз-мейрам болатынмыз. Уақыт биігінен қарасақ, сол кезде көтеріліп отырған мәселелер әлі күнге дейін өз маңызын жоймапты.Қазір коррупция, ұйымдасқан қылмыспен күресу керек деп ұрандатып жатсақ, ол кезде Аллажар ағамыздың қойылымдарында еңбексіз табыс, жалған атақ, жеңіл абырой іздегендер сыналады. Мысалы, «Шөлмек бір күнде сынбайды…» атты шығармасында драматург құрылыстағы көзбояушылықты қосып жазуды әшкере етсе, «Семіздікті қой ғана көтереді» пьесасында шахтадағы осы секілді келеңсіздік бетке басылады. «Кеме келсе, қайық судан шығады» деген драмасында ауылдағы тоқырау тірлік сөз етіліп, атына заты сай Мес секілді колхоз төрағасының шалағай істері келеке етіледі.

Кейін білдік, осы комедиялардың авторы бір-ақ адам – журналист, кезінде қазіргі облыстық «Орталық Қазақстан» газеті редакторының орынбасары, республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің облыстағы меншікті тілшісі, соғыс жылдары және өмірінің соңғы кезеңінде Қазақстан жазушылар одағы облысаралық бөлімшесінің кеңесшісі болған Аллажар Теміржанов (1910-1962) ағамыз екен.

Аллажар ағамыздың шығармашылығы туралы сөз етсек, алдымен ол кісі көрнекті ақын, сонымен қатар газетіміздің батпандай жүгін көтерген танымал журналист болғанын мақтан етеміз. Көптеген ірі, тіпті, классик жазушылар шығармашылық қадамдарын газет-журналдардан бастаған. Өйткені, журналистер қайнаған өмір ортасында жүреді, сол өмірден өздері де өмірлік сабақ алады. Баянауыл тумасы Аллажар ағамыздың әдеби-журналистік қызметі 1937 жылы Қазақстанның ірі өнеркәсіп өлкесі – Қарағандыда жалғасын табады. Қарағандыда ол кісінің таланты бар қырынан жарқырайды. «Советтік Қарағанды» (қазіргі «Орталық Қазақстан») газетінде бөлім меңгерушісі және жоғарыда айтқанымыздай, редактордың орынбасары қызметін абыроймен атқарады.

Ол тез арада өндіріс тақырыбын игеріп алады. Мәдениет, әдебиет салаларымен айналысса да шахтаға түсіп, кен қопарған кеншілерді очерктері мен өлеңдерінің басты кейіпкері етеді, мыс қорытатын заводтың балқыма алу сәттерін тебірене суреттейді. Қарт журналист Қағазбек Сәденов өзінің «Сырлы сөз» (1991 ж.) деген естелігінде А.Теміржановтың Балқаш мыс заводын 1938 жылы шілде айында пайдалануға беру сәтінен жазған «Штейн» атты репортажы редакцияның барша журналистеріне үлгі ретінде ұсынылғанын жазады (штейн дегеніміз күкірті мол мыстың алғашқы қорытпасы).

Қазіргі кезде өлең жазып, көкте шалқып жүретін ақын-журналистерімізге осы Аллажар сияқты қазақтың көрнекті ақын-жазушысынан үлгі алуды естеріне саламыз.

Аллажар ағамыз, сонымен қатар тамаша ұйымдастырушылық қабілетімен де таныла білді. Газет редакторы П.Жұманов басылымның 1941 жылғы 24 тамыз күнгі санында ТАССтың «Позорный провал кампании по вербовке «добровольцев» в Норвегии» деген мақаласын аударғанда «компания» деген сөз «компартия» болып кетіп, сол үшін орнынан алынған еді (А.Жанғожин. «Орталық Қазақстанның» 30-жылдардағы редакторлары». Қарағанды университетінің хабаршысы, филология сериясы, №2 (34) /2004). Оның үстіне қарымды жас журналистер майданға аттанғандықтан кадр тапшылығы туындаған ауыр кезеңде Орталық партия комитеті редактор етіп жіберген белгілі журналист Әбдуәли Қарағұловпен бірге осы қиыншылықтарды жеңе білді.

Ұлы Отан соғысының қиын-қыстау кезеңінде Қарағандыда ақындар айтысы ұйымдастырылғаны мәлім. Айтыстың қалай өткені баспасөзде кеңінен жарияланды. Дегенмен, елдің бәрі бұл істің басы-қасында жас ақын А.Теміржанов жүргенін біле бермейді. Осы жолдар авторы облыстық архивтен тапқан құжаттарда кейіпкеріміздің аты бірнеше жерде аталады. Обком бюросының 1943 жылғы 29 маусымдағы қаулысымен Қазақстан совет жазушылары Қарағанды облыстық бюросы құрылып, оның мүшелері болып халық ақындары Доскей Әлімбаев, Көшен Елеуов, ақындар Николай Титов, Николай Пичугин және ұйымдастыру бюросының хатшысы Аллажар Теміржанов тағайындалады. Бюроның сол жылғы 5 тамыздағы қаулысымен Қарағанды мен Балқаш қалалары халық ақындарының айтысын ұйымдастыру мақұлданып, «айтыстың көркемдік-идеялық мазмұнына жауапкершілік» Қарағанды қалалық партия комитетінің хатшысы Қанапинге, жазушы Мүсіреповке, облыстық газеттердің редакторлары Тәйкіманов пен Гапоненкоға және Теміржановқа (лауазымдары көрсетілмеген – А.Ж.) жүктеледі.

Осы мекемеден журналист ағамыздың өміріне қатысты тағы да бір құжат таптық. 1937 жылы Қарағанды облысында қазақ тілінде «Қарағанды комсомолы» атты жастар газеті ұйымдастырылғаны мәлім. Міне, журналист ағамыз аталмыш газеттің алғашқы басшылығы құрамында болыпты. Қарағанды облыстық партия комитеті бюросының 1937 жылғы 29 мамырдағы қаулысымен газет редакторы міндетін уақытша атқарушы болып Хасенов, орынбасары болып Теміржанов (бұрын Еркіншілік аудандық газеті редакторының орынбасары болып жұмыс істеген) бекітілген. Хасенов Шайзарат – белгілі комсомол, партия қызметкері. Ал, Теміржанов болса көп ұзамай облыстық «Советтік Қарағанды» газетіне ауысқан сияқты. Өйткені, бұл газеттің Алматыдағы көпшілік кітапхананың 1938 жылдан тігінділеріне көз жүгіртіп қарап шыққанда, аты кездесе қоймады (соғыс жағдайына байланысты 1941 жылдың тамыз айында газетті шығару тоқтатылады). Тек 1940 жылғы 26 мамырдағы санында Доскейдің мерейтойына арналаған айқарма бетте «Дарын» атты поэмасының Доскей мен Шөженің кездесуіне арналған үшінші бөлімі жарияланған. Аллажар ақын есімі осы газеттің 1941 жылғы 5 шілдедегі санында аталады. Ақын Қарағанды қаласында сол жылдың 23 маусымында өткен халық ақындары мен жыршыларының облысаралық слетінде «Халық ақындарының отан қорғау тематикасы жөніндегі міндеттері туралы» баяндама жасаған. Ойлап қараңыздаршы, соғыс басталған күннің ертеңінде! Бұл құжаттар мен жариялымдар кейіпкеріміздің өмір деректерін анықтау үшін қажет болар деген ойдамыз.

Журналист А.Теміржанов біздің деректеріміз бойынша 1944-1958 жылдар аралығында, жоғарыда келтіргеніміздей, республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің Қарағанды облысы бойынша меншікті тілшісі міндетін атқарған. Бұл жылдарғы жемісті еңбегі арнайы зерттеуді қажет етеді.

Аллажар Теміржановтың жан-жақты қаламгер болғаны мәлім. Әсіресе, ол дарынды ақын ретінде танымал еді. Оның алғашқы өлеңдер жинағы сонау 1935 жылы «Екі сый» деген атпен жарық көрген. Сонан кейін Қарағандыда жүргенде, яғни, 1939 жылы «Жаз» деп аталатын жинағы басылып шығады. Қайтыс болып кеткеннен кейін 1966 жылы ақындар Сырбай Мәуленов пен Қабыкен Мұқышевтің алғысөзімен «Ақын мұрасы» атты кітабы жарияланады. Дегенмен, қаламгердің барлық мұралары баспа бетін көрді деп айта алмаймыз. Әсіресе, драмалық шығармалары қолжазба күйінде қызы Нэлли Теміржанованың қолында сақталып қалған екен.

Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында жанашырлары Мүкәрім Шүленбаев пен Қалдыбай Баяхметовтың ынтасымен 2013 жылы Павлодар қаласында екі томдығы жарыққа шықты. «Айналып қайта келдім араңызға» деген қос кітаптың алғашқысы жазушы Сайлау Бекбосынның кіріспе сөзімен ашылып, оған қаламгердің драмалық шығармалары енгізілген. Жоғарыда аталған пьесаларымен қатар «Ту-у, осы кісілердің мінезі-ай!», «Мына кісілерді танитын боларсыздар?» атты комедиялары мен татар драматургы Мирхайдар Файзиден аударылған «Ғалиябану» драмасы орын алған. Екінші томда ақынның әр жылдары жазылған өлеңдері мен Дж. Байроннан, Г.Гейнеден, Ю.Лермонтовтан, Ғ.Тоқай мен М.Жәлелден, тағы басқа аудармалары және «Дарын» (Доскей ақынға арналған), «Сармақтың «Сарыөзені» (аңыз) және «Туған жерде» дастандары топтастырылған. Құрастырушылар, сондай-ақ кезінде (1967-68 жж. болуы мүмкін) «Ақын мұрасы» жинағына жазушы Әуезхан Көшімов жазған «Сезімтал ақын еді» деген рецензиясын да кіргізіпті. Онда ақынның шығармашылық қырлары жанжақты талданатындықтан бұл мәселеге біз тоқталмай-ақ қояйық.

Қарағандылықтар кезінде облысаралық жазушылар одағында жемісті қызмет атқарған сезімтал ақын, қарымды қаламгерді ұмытқан емес. Шежіреші қарт Жайық Бектұров ағамыздың ұсынысымен оның есімі осы жолдар авторы құрастырған «Қарағанды. Қарағанды облысы» (1986, 2008 орыс тілінде; 1990, 2006 қазақ тілінде) энциклопедиясына, облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің анықтамалық кітаптарына енді. Облыс кітапханаларында ақынның шығармашылығына арналған көрмелер, тақырыптық кештер ұйымдастырылып тұрады. Дегенмен, ана жылдары 100 томдық «Сарыарқа кітапханасы» шығарылғанда, Қарағандыда жазушылар одағын өз қолымен құрған жазушының шығармалары жеке томға да, топтама томдарға да енбей қалғаны, өкінішті. Айтарымыз, Аллажардың кезінде Қарағанды театрының сахнасынан түспеген, өз заманында жоғары баға алған комедияларын жаңғыртып, бүгінгі көрерменге ұсынса артық болмас еді. Өйткені, сергек талант иесі, журналист ағамыз көтерген келеңсіз құбылыстардан, адам психологиясындағы жағымсыз жайттардан әлі де болса арылып болған жоқпыз…

Аман ЖАНҒОЖИН,

ардагер журналист,

Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты.

Суретте: ақынның бұрын жарияланбаған, жинағына басылған жарқын бейнесі.

Басқа материалдар

Back to top button