Жақаңның мәшеңкесі
Әйгілі «Қаракөз» вокалды-аспаптар ансамблінің негізін қалаушы әрі көркемдік жетекшісі, сыршыл сазгер, сезімтал әнші, тума талант Жақсыкелді Сейіловті білмейтін қазақ кемде-кем шығар?! Жақаңның Жезқазғандағы тарихи-археологиялық музей қорындағы көзі тірісінде қолданған мүлкі баға жетпес жәдігерге айналған. Соның бірі – зағиптарға арналған баспа мәшеңкесі.
Жастай жанарынан айрылған Жақсыкелді Қарағандыдағы зағиптарға арналған мектеп-интернатта оқыды. Түрлі үйірмеге белсене қатысты, баянда шебер ойнады. Өнерге құштар болды. Өте зерек еді.
Қарындасы Гүлбануға Брайль жазуын үйретті. Ондағы негізгі мақсаты – ауылдағы ата-анасымен хат алысып тұру еді. Сәтін салғанда, қарындасы ағасының айтқанын сол сәтте қағып алып, хатты оқып, жауап жазатын жағдайға жетті.
Брайль жазуы – зағип жанға арналған, алты белгіден тұратын, тактильді оқу жүйесі. Оның екі тәсілі бар: қорғасын және Брайль баспа мәшеңкесінің көмегі арқылы жазу. Жақсыкелді әнін, өмірбаянын Брайль жазуымен арнайы зағиптарға арналған баспа мәшеңкесінде жазған. Ел аузында жүрген әндері ең алғаш осы мәшеңке арқылы хатқа түскен.
Мәшеңкені мектепте ұстаздық еткенде де қолданған. Өйткені, ол он жыл №8 қазақ орта мектебінде ән-күй пәнінің мұғалімі болды. Бүгінде бұл жәдігер музейге келушілердің зор қызығушылығына ие.
Әлібек ӘБДІРАШ