Бас тақырып

Талдының тамашасы таң қалдырды

Бұл күнде Талдының тамашасы атанған Қаражартас қорымынан тағы көне жәдігерлер мен адам сүйектері табылды. Кешегі табаны15х15 метр, биіктігі – 3-4 метрлік пирамида монолитті құрылымының маңы бұл күнде тұнған тарих, көмулі жәдігер. 

Шет ауданы Талды өзенінің бойынан 2015 жылы археолог, тарих ғылымдарының кандидаты Игорь Кукушкин бастаған топ кейінгі қола дәуіріне жататын құрылысты топырақ астынан тапты. Бұдан шамамен үш жарым мың жылдай бұрын тастан тұрғызылған құрылысты ғасырлар өте топырақ басып, шөп өсіп, бір-бір төмпешікке (қорғанға) айналған. Археологиялық топ екі маусым бойы еңбектеніп, алматылық археолог Арман Бейсеновтің «Бегазы-Тасмола» серіктестігімен бірлесіп, құрылысты топырақтан аршып, құлағанын қалап, маңын тазалап, әуелгі қалпына келтірген. Қазір пирамида маңайы қоршалып, мрамордан ескерткіштің тақтасы орнатылған. Жалпы мұнда еліміздің әр өңірінен тамашалап келушілер кейінгі кезде жиіледі. Сонау әлем қызықтарын төрткүл дүниеге паш еткен National Geographic телеарнасы да бұл қорымды түсіріп кеткен. Тіпті Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті тарих факультетінің студенттері де өз еріктерімен қазба жұмыстарына қайласы мен күрегін алып келген екен. Талдының жағасында жайлаудағыдай 28 шатырды тігіп, 64 студент «ҚарУ» деген жалауды іліп, тарихи жәдігерлердің куәгеріне айналуда. 

– Біз мұнда өндірістік практикаға яғни тәжірибе жинау мақсатында, теорияны жандандыру негізінде келдік. Осындағы ағайлардың көмегімен біршама ақпарат пен тарихи жәдігерлерді көзбен көріп зердеміз ашылып, зейініміз оянды десем артық емес. Бүгінде қола дәуіріне қарасты қыш құмыралар, қола пышақ, сырға, жүзіктер табылды. Бір қызығы біз ежелгі адамдардың сүйектеріне қарап, анағұрлым өзгешелік байқадық. Қазіргі кезде адамзат баласы күшіне қарай қоймайды. Ал, ол кезде күш пен қайрат міндетті болған секілді. Себебі, осы бертінде қорғаннан табылған әйелдің сүйегі көп дерекке қанық қылардай. Үлкен бас сүйек және қоладан құйылған қос сырғасы сол бастың екі жағынан табылды. Қол мен аяқтың жілігі ұзын әрі жуан. Бастың бір жағынан тістер табылды. Қарап отырсақ тістер мүлде қаңқұртсыз. Әрі тап-таза. Ойлана келсек, ол дәуірде тіс жуатын пасталар, щеткалар болған жоқ. Адамдар гигиена жайын қалай қылды екен деген сұрақ туындайды. Қысқасы қазіргі жұмысымыз өзімізге қатты ұнайды, – дейді ҚарУдің тарих бөлімінің студенті Бекарыс Тілегенов. 

Расында, қорымнан қазылған қазаншықтарға келгенде моланың орнына тап болып таңырқасып қалдық. Таудың жақпар тасынан қатар қаланған төрт бұрышты молалар архитектуралық дәлдікпен салынған. Тарихшы Кукушкиннің сөзінше бұл молаларға адамдар іште жатқан баладай етіп жерленген. Бір жақ қырына аяғымен қолын жинай жатқызылған. Ал, екі жағына егер ересек адам болса оның бар жиған-тергенін (алтын, күміс, қола бұйымдарын) және құмыра толы ас пен ақты қоса (айран, сүт) жерлеген. Тіпті кейбірінен мал сүйектері де табылған. 

Ал, келесі бір қорымнан тек кішкене сәбилердің сүйегі шықты. Олармен бірге жерленген құмырадан сүтке ұқсас сұйықтықтың қалдығы анықталған. Сонда сәбидің қасына арнайы сүт толы құмыра тегін қойылмаса керек?! Наным ба?

– Қола дәуіріндегі бұл қауым кешегі Есіктен табылған сақтардың арғы атасы деген дерек бар. Олардың нанымында да екі өмір бары білінеді. Себебі, мына жақпар тастарды жік қалдырмай қалауы, денені оған салып, үстін үлкен таспен бастыру бұл өлілер тірілер әлеміне араласпасын дегені. Сондай-ақ, өлген адаммен оның мінген атын, жиған барын және құмыра толы ас қоюы ана дүниеде пайдалансын деген мақсатта, – дейді Игорь Кукушкин. 

Қазына десе еске түсетін бірінші дүние алтын әрине. «Қорымнан алтын табылды ма деген сұраққа тарихшы былай жауап берді. 

– Қорым тоналған. Өйткені, мүрделерді орнынан жылжытып, бағалы бұйымдарын алған, тек қоладан жасалған заттар ғана қалған. Сонымен қатар, біз бұл жаңадан қазылған қорымдарды толық зерттеп болған соң берілген жазғы маусым аяқталар алдында қайта көмеміз топырақпен. Ал, келер жылы тағы аршып толық рестоврация жасап, тақта қойып, сыртына қоршау орнатамыз. Мұның барлығы қарапайым халық тарихты меңгерсін деген ниеттен шыққан, – деді  тарихшы Игорь тағы бір сөзінде.

Қадам бассаң болды топырақ астынан бастарын мүк басқан тастың шеті көрініп тұр. Бұл да бір тарихтың айғағы, сырдың сынық кілті-ау. Қазғаны қазына, тапқаны жәдігер болған археологтардың еңбегі бүтін бір дәуірдің айнымас айғағы іспеттес. 

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button