Руханият

Шығармаларының өзегі – адамдық

Мұхтар ӘУЕЗОВ қазақ әдебиетінің шыңында тұрған классиктердің бірі әрі бірегейі. Қалдырған мұраларының тәрбиелік мәні зор. Ол өз шығармаларында өз заманының тыныс-тіршілігін, халқының аңсаған армандарын, бүгіні мен ертеңін шебер суреттеді.

Осындай қажырлы еңбегінің арқасында дүниеге қазақ халқын әлемге танытқан «Абай жолы» роман-эпопеясы келді. Бұл шығарма арқылы әлемнің жүзден астам халқы қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін таныды десек те болады.

Жазушы 20 жасында жазған «Еңлік-Кебек» трагедиясы да қазақ әдебиетіндегі үлкен жаңалық болды. Ол онымен тоқтап қалмай, бірнеше әңгіме жазды. Солардың ішінде «Қорғансыздың күні», «Барымта», «Көксерек», «Жетім», «Қараш-қараш оқиғасы» шығармаларын атап кетуге болады. Осы шығармалардағы көтерілген мәселелер қазіргі таңда да өзектілігін жоғалтқан жоқ. Шағын ғана әңгімелер арқылы адамның іс-әрекетін сол кездегі әлеуметтік жағдайлармен байланыстыра келіп, халықтың ұлттық мінез-құлқын, тұрмыс-тіршілігін, халықтың мұң-мұқтажын шебер жеткізді.

Осы аталған шығармалардың ішіндегі «Қорғансыздың күні» шығармасына тоқталсам деймін. Әңгіменің бастауындағы табиғаттың қаһарлы мінезі Ғазизаның жан-дүниесіндегі алай-дүлей боранмен байланысып жатыр. Автор бұл шығармада пәктік пен сұлулықты әділетсіздікке қарсы қояды, яғни адамдардың бір-біріне деген жанашырлық қасиеттің жоғалып, әркім өзінің тек бас пайдасын ғана ойлайтынын сөзге тиек етті. Үш қорғансыз әйелдердің тағдыры ешкімді алаңдатпайды.

Ғазизаның жан қайғысы суреттелген бұл әңгімені атамыздың «Қорғансыздың күні» деп атауының өзінде де үлкен мән бар. Себебі, бұл шығарма арқылы ол күллі қазақ қоғамындағы сол кездегі орын алып жатқан үлкен қасіретті көрсетті. Ол қолында билігі мен байлығы бар жандардың кедей-кепшік пен қарапайым халыққа тістерін батырып отырғандары жайлы көрсетпек болды.

Бұл шығарманы оқи отырып, денең шымырлап, түршігіп кетеді. Жас қыздың тас-талқан болған өмірі көз алдыңнан көпке дейін кетпейді.

Бұл шығарманың көтерген мәселесі де қазіргі кездегі өзекті мәселелердің бірі десек те болады. Қолында билігі мен байлығы барлар әлімжеттік көрсететіні жасырын емес.

Автордың сол кезде жазған шығармасының идеясы ғасыр өтсе де өзекті болып қалғандығы қатты таң қалдырды әрі қынжылтты. Әрине қазіргі әлімжеттік бұрынғыдай емес екені белгілі, алайда түбімен жоқ болып кетпегені де белгілі.

Мұхтар Әуезов Ғазиза мен аналарының тағдырын сипаттау арқылы адамдардың бір-біріне жанашырлық сезімдерінің жоғалмай, қашан да «АДАМ» болып қалуды үндейтін сияқты. Халқымыз қашан да адамгершілікті биік қойған. Осы қасиетті бойымызда сақтап қалу – әр адамның адамдық борышы.

Насихат ҚУАТБЕК,

М.Әуезов атындағы қалалық кітапхананың қызметкері.

Басқа материалдар

Back to top button