«Қазақстан — әлемге керек мемлекет»: онда полипропилен, әйнек, гидроген өндіріледі

Қазақстан өркениет пен техникалық прогресстен ешқашан тыс қала алмайды. Себебі, өз елімізде әлемде жоқ шикізат өндіріледі. Сондықтан да, біз әлемге керек мемлекетпіз. Белгілі журналист Айбар Олжаев Facebook парақшасында осылай деп жазды.

«Еліміз биыл ешкім күтпеген технологиялық серпіліс жасады. Жылдың аяғында Қызылордада отандық әйнек зауытының сатып алушыларға дайын өнімнің алғашқы партиясын жібергенін жазған болатынбыз.

Араға 3 күн салып, Атырауда «KPI» газохимиялық зауыты «пластмассаның королі» — полипропилен өндірді. Алғашқы партия зауытпен контрактқа отырып қойған отандық компанияларға жөнелтілді. Қазір зауыт 10 контрактқа қол қойып қойды, ол бойынша бұған дейін полипропиленді Ресей мен Әзірбайжаннан сатып алып келген біздің компаниялар енді отандық полуфабрикатты алатын болады. Олар отандық полимерден қапшықтар, бамперлер, сеткалар жасайды. Алғашқы келісім бойынша 8 мың тонна полипропилен сатылды», — деп жазды ол. 

KPI — Еуразиядағы ең мықты зауыт. Өзбекстан, Әзірбайжан, Түркіменстан зауыттары біріксе де, біздің зауыттың көлеміндей өнім шығара алмайды. Оның жылдық қуаты — 500 мың тонна полипропилен. Осымен есептесек, зауыттың жылдық кірісі кем дегенде 105 миллиард теңге болатынын болжауға болады. Ресейдегі ең алып зауыт — Сибур холдингінің құрамына кіретін «Тобыл-Полимердің» өзі жылына тек 436 мың тонна полимер өндіреді екен. 

Атырау — мәңгілік киелі мекенге айналатынын жазады журналист. Онда мұнай таусылса, ол пластмасса астанасы болып саналып, өзінің экономикалық өрлеуін жалғастыра бермек.

«KPI — полипропиленнің ең көп таралған, бағасы арзан 11 түрін шығарады. Бұл жаңалықтан шабыт алған отандық инвесторлар тез арада Шымкентте осы полимердің ең қымбат, премиум түрін шығаратын зауыт тұрғызатын болды. Яғни біз полипропиленнің арзанын да, қымбатын да жасайтын боламыз.

Қызылорда әйнек, Атырау мен Шымкент полимер өндірсе, Ақтау одан да әрі кетті. Қазақтың болашағы — логистика, транзит жағынан да, энергия жағынан да Ақтауға тікелей байланысты болады.

Ақтау — болашақтың мұнайы — «жасыл» гидроген (сутегі/водород) өндірмек. Швед технологтары мен инвесторлары осы жобаны дайындай бастады. Қазақстан үкіметі тікелей қолдау көрсетіп отыр. Жасыл дегеніміз — электролизбен алынатын, ал оған керек энергияны күн мен жел генерациясы беретін сутегінің ең экологиялық таза өндірісі. Мұндай гидрогенді 2060 жылы мұнай мен көмірден кетеміз деп отырған Батыс әлемі алақанында ұстайтыны анық.

Стратегиялық тұрғыдан қарасақ, Қазақстан кешегінің отыны — көмірді, бүгінгінің отыны — мұнай мен газды, ертеңгінің отыны — уранды қазір өндіріп отырған, және онымен қоймай суперболашақтың отыны — гидрогеннің қамына бүгіннен бастап кірісіп жатқан әлемдегі санаулы мемлекет.

Сондықтан, өркениет пен техникалық прогресстен біз ешқашан тыс қалмаймыз. Біз осы процестердің ішіндеміз және әлемге керек мемлекетпіз», — деді Айбар Олжаев. 

Ortalyq.kz