Тұлға

«Орталықтың оғыланы»

Масғұт ХАЛИОЛЛИН ағамен алғашқы жүздесуім 1967 жылдың 9 қарашасы еді. Ол кезде Ақтоғай аудандық партия комитетінің үгіт және насихат бөлімінде қызмет істеймін. Махаң таяу арада келетінін хабарлаған. Жолсапарының мақсаты – атақты шопан Зікірия КӨПБАЕВТЫҢ еңбек көрсеткіштерін облыс, республикаға таратып, теледидар, журнал арқылы насихаттау екен. Аудан басшыларының келісімін алған. Соған орай, Зекеңнің қысқы мекені – қыстағына жөндеу жұмыстары қауырт басталып, Махаңдар келгенше толық аяқталған. Қонақтарды Ақтоғай аэропортынан «Ақтоғай» совхозының партия комитетінің хатшысы Әшімбек ӘБДІҒҰЛОВ екеуіміз қарсы алдық.

Махаңның жанында бір режиссер және оператор бар екен. Біздің үйден жеңіл-желпі ас ішіп, жолға шықтық. Махаң мен Әшкеңнің қалжыңдары жолды едәуір қысқартты. Күлдіргі әңгімелеріндегі деректі кейіпкерлерін сатиралық образдарға бейімдеп баяндап, күлкіге батырды. Махаң қалжың сөздерін өлең жолдарымен көмкеріп отырады екен. Әне-міне дегенше Зекеңнің ауылына да жеттік. Зекең, бәйбішесі Закария және ферма басшылары жарқылдап қарсы алды. Төрге озып, дәмге отырдық. Зекең мен Масғұт ағаның аталас туыстығын бұрын естімеген екенмін. Сөйтсем, екеуі батыр атамыз Жалаңтөс Жансарыұлының тікелей ұрпақтары екен. Дәмге қол соза бастағаннан-ақ бабалар жайлы біздер естімеген небір ерлікке толы, тағылымы мол тарихқа еніп кеттік. Келген қонағымыз атасының ерлік істерін ғана емес, ұлағатты өсиеттерін, елді бірлікке шақырған, ұранға айналған жырларынан да үзінділер келтіре отырып, тұздықтай, дәмдеп әңгімелеп, мейірімізді қандырды.

Дәмнен кейін қора-жайды араладық. Қыстан қысылмай шығудың қамы, қам-қарекеті мұқият ойластырылғаны көзге ұрып тұр. Тіпті, шағын электр станциясын да Ақшатау кентінен алдырып, дүрілдетіп қойыпты. Қой отары қыстақтан жеті-сегіз шақырымдағы күзеуде. Оны ертеңінде аңдадық. Зекең мен інісі Мұғиын екеуі отарды кезек бағады екен.

Барған сапарымыз сәтті аяқталып, журналистер қауымы Қарағандыға қайтты. Онон бес күн мұғдарында Зекеңнің отбасы, үй тұрмысы, еңбек көрсеткіштері озық тәжірибе ретінде Махаңның төгілдірген сценарийі бойынша көгілдір экран арқылы республикаға тарады.

Махаңмен екінші рет сырттай тілдесіп, хат алысуым, ұмытпасам, 2001-2003 жылдары болса керек. Сол жылдары мен Ақтоғай ауданы ақындарының антологиясын шығару ниетімен біраз ізденіс жасадым. Көзі жоқ әкелеріміздің ұрпақтарымен хабарласып, өмірбаяндары мен суреттерін, қолдарында бар өлеңдерін жинақтадым. Қолға түспеген өлеңдерін аудандық, облыстық газеттерден тердім. Жас ақындардың шығармаларын өздерінен алдым. Өкініштісі сол, жинақталған мол дүниені жарыққа шығару мүмкін болмады. Сол жылдары ауданды басқарған Рысқали Әбдікеров жанашырлық ниетте болғанымен, компьютерге тергізу қиямет-қайымға айналып, жақсы басталған іс аяқсыз қалды. Осы кезеңде хатпен қоса Махаңның өзінің және әкесі Жабекеңнің біраз туындаларын алдырғанмын.

2007 жылы Әсет Найманбайұлының 140 жылдығын атап өту жөніндегі салтанатқа Махаң құрметті қонақ ретінде шақырылды. Мәдениет үйіндегі жиында аға Әсет жайлы мол мағлұматтардан хабардар етіп, ақындық, әншілік, сазгерлік, айтыскерлік, аудармашылық шеберліктерін саралап көрсетіп, талдап берді. Жиналған жұртшылықтың ықыласына бөленді. Жиын тараған соң аға екеуміз жас кезінен сырлас досы болған Асқар Сейдімақовтың үйіне бас сұқтық. Алматыдағы студент кездерінен бастау алған достықтары өздері көз жұмғанша үзілген жоқ. Аскең Азамат деген кенже ұлынан туған немересінің есімін Масғұт деп қойды.

Қарағандыға көшіп келген соң екі ағаммен менің де байланысым нығая түсті. Махаңмен көрші тұрдық. Күн сайын болмағанмен, аптасына екі рет кездесіп жүрдім. Нұрфатима жеңгемнің қолынан сан мәрте дәм таттым.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбайдың «Сүйесің, жүрек, күйесің» атты кітабына жазған «Осы біз Абайды толық таныдық па?» деген ғылыми талдау мақаласы «Орталық Қазақстан» газетінің 2011 жылғы 11 қарашасындағы номерінде жарық көрді. Осы мақаланың электрондық нұсқасымен танысқан Тұрсын Астанаға барған сапарымның бірінде жолығып: «Мына ағаларың нағыз абайтанушы болып шықты. Абаймен жастай «ауырған» болуы тиіс. Оның әлеміне тереңдей енуі мені таңырқатты. Менің жазғандарымның баюына да үлес қосты. Менің атымнан міндетті түрде қолынан ұстап, рахмет айт» деген еді. Осы келтірген аз ғана деректен абайтану мен алаштанудың жоқшысы болған азаматтардың рухтарынан көзге іліге бермейтін іштей бірлікті аңғарғандай боламыз.

Жақсы мен жайсаңдармен қаншалықты байланыста болғанын төмендегідей деректер дәлелдей түскендей. «Қазақ әдебиетінің» 2020 жылғы 19 маусымындағы номерінде жарияланған Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы Болат Бодаубаевтың «Мен кетемін сен білмейтін жерлерге» атты мақаласы атақты ғалым, академик Рымғали Нұрғалиевтің 80 жылдығына арналған. Осы мақалада Махаң жайлы жылы лебіздер бар. Ол – Махаңның кісілігі мен кішілігін анықтайтын кішкентай ғана деталь. Содан үзінді келтіре кетейік. «Рымғали көтеріліп, күлімсіреп тұрып: «Бас мақала – майлы жілік» деп отырғандарға әзіл тастады. Сол жілікті қалай пісіріп, дайындау керектігі жөнінде осында айтылған ойларға, пікірлерге мен де қосыламын. Сонымен бірге айтпағым, практика кезінде біздер газеттің барлық жанрларында материал жазуға тиіспіз. Сондықтан, Болат екеумізге де бас мақала жазуға мүмкіндік берілсе. «Майлы жіліктің» дәмін біз де татайық» деп сөзін тағы да әзілмен аяқтады. Жауапты хатшы Масғұт Халиоллин әрдайым бізге іш тартып, жазғандарымызды номерге тездетіп салып, қамқорлық жасап жүретін еді. Ұсынысты бірден қолдады. Сөйтіп, осындай мүмкіндіктер бізге де туған. Бізді жақын інісіндей жақсы көріп кеткен Масғұт Халиоллин: «Ертең кешке біздің отбасымызда болып, жеңгелеріңнің қолынан дәм татып аттаныңдар» деп ыстық ықыласымен үйіне шақырды. Сөйтіп, практикамыз сәтті аяқталып, Қарағандыдан Алматыға қанаттанып оралғанбыз».

Махаңның сөз өнеріне бейімделуіне, рухани жағынан ерте жетілуіне атасы Халиолла берген тәрбие бағдарламалық сипат атқарған деуге болар. Өйткені, өзінің айтуынша, атасы Абай өлеңдерінің мән-мағынасын немересінің құлағына жастай сіңіріп, жаттатқан екен. Екінші жағынан әкесі Жабас ақынның ақындық, тектілік қасиеті бойына дарыған шығар деп топшылаймын.

Бір жолы мен Алматыдағы Ұлттық кітапхана мен М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтындағы, кітап палатасындағы қолжазбалар мен деректерден, аудандық, облыстық газеттердің тігінділерінен алған Жабекеңнің өлеңдері мен айтыстарынан көшірме берейін деп ұсыныс айттым. Махаң: «Әкейдің бар шығармасы қолымда. Өзіңде бола берсін. Бірде болмаса бірде қажетіңе жаратып, әкейді еске аларсың. Ендігі менің арманым әкейдің сол мұраларын жарыққа шығарып, халқының қолына табыстау», – деп еді. Өлшеулі уақыт бітіп, дегені болмады. 2020 жылы жеңгей де көз жұмды. Атадан қалған сол алтын қазынаның жайы бүгін белгісіз. Махаңның «әкейді де еске аларсың» деген сөзі аманаттай болып, қолымда жинақталған деректердің баршасын Соқыр Жалаңтөс батырдың ұрпақтары, байырғы журналистер – күйеу балам Қанат Зекенұлы мен оның ағасы Қуандық Сәденовке мен де аманаттап тапсырып отырмын. «Осы екі азамат Жабекеңнің мұраларының халқының қолына тиюіне ұйытқы болар» деген ойдамын. «Ағайын тумалары мен ұрпақтары ата сөзін өлтірмес» деген үміт пен сенімнің жетегіндемін.

Бір сөзбен айтқанда мен Махаңнан жас үлкендігінен ғана емес, рухани ұстаздығынан да тәрбие алдым деп сеніммен айта аламын. Өмірінің отыз жылын бұрынғы «Советтік Қарағанды» – қазіргі «Орталық Қазақстан» газеті мен облыстық телевидениеге арнады. Үлкенге іні, кішіге қамқорлық көрсетіп, көптеген шәкірт тәрбиеледі. Қарағанды мемлекеттік университетінде дәріс оқыды. «Егемен Қазақстаннан» кейінгі қазақ руханиятының қарашаңырағы «Орталығындағы» азаматтардың тілек-ұсыныстары іске асып, көптеген марапаттарға ие болды. Қазақстанның Құрметті журналисі атанып, «Алтын сұңқар» сыйлығын иеленді. «Орталық Қазақстанның» бұрынғы Бас редакторы, марқұм Мағауия Сембай мен байырғы журналист Аман Жанғожиннің қамқорлығымен «Ой сүзгісі» жарық көрді. Аға дүниеден өткенде өзінің «Орталығы» газеттің бір бетіне өмірбаяны мен еңбектерін саралап, жоқтау хабарын жариялады. Соңғы сапарға да құрметпен шығарып салды. Бұл – газеттегі шығармашылық топтың ағаны қадірлей білгенінің айғағы.

Дегенмен, энциклопедиялық білімді, жалынды публицист, ақын, елжанды, «Жүрегім Ақтоғай деп соғады» деп өткен ағаны туған топырағындағы азаматтар жете түсінді, еңбегін бағалай білді деп айту қиындау сияқты. Өйткені, ауданымыздың ең жоғарғы марапаты – «Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы» деген атақты иелене алмады. Осы атаққа Махаңды ұсыну туралы мәдени мұра комиссиясының кезекті отырысы алдына өздеріне құда болып келетін, комиссиядағы бір азаматпен келіскендей болған едім. Жеме-жемге келгенде ол сөзінен тайып, жалт ете түсіп, өзімізді аунатып кетті. Осы ұсынысымды 2012 жылы «Орталық Қазақтан» газетіне де жарияладым. Бірақ, селт еткен азаматтарды көре алмадым. Орны толмас өкінішті сезімде отырып артында қалған рухани мұраларына, «Парыз» (2009), «Ой сүзгі» (2014) атты әдеби, тарихи, өткір публицистикалық ғылыми тақырыптарға жазылған сыршыл да көркем туындыларының қалғанына тәуба келтіреміз.

Қысқасы, осы естелікте ағаның кең ұғымдағы адами кейіпін, шығармашылық жолын толық қамти алдым деп айта алмаймын. Менің баса көңіл бөлгенім – «ол аға, мен іні бола алдым-ау» деген мақтаныш. Оны басқа емес, өзінің «Ой сүзгісі» жарыққа шыққанда қолтаңба ретінде берген жазбасынан аңғаруға болар. «Аман деген қазақ көп, амандасуға жарамайды. Қайда бара жатқанын да білмейді. Өтірік айтпаса, ішкен асы бойына тарамайды. Аман бол, бауырым. Еңбегің жансын. Өзіңді де ұмытпа. Масғұт ағаң. 31 қазан 2014 жыл» делінген жазбада.

«Өзіңді ұмытпа» деген жұмбақта мән бар. Мен сырқаттанып жүріп, тәуекелмен сапарлап 2013 жылы Семейдің Абай ауданына, 2014 жылы Шымкенттің Шардарасына барып келгенмін. Сонда екі ағам Аскең мен Махаң тәуекелімді тоқтатуды талап етіп, мен үшін алаңдайтындықтарын білдірген еді. Тіпті, дүниеден қайтардан үш-ақ күн бұрын «өзіңді сақта, денсаулығыңа бейқам болма» дегенін үнемі еске аламын. «Біздің ағалықінілік қарым-қатынасымыз туыстық жақтан да асып кеткен бе?» деген сұрақ көкейіме жиі оралады. Соншалықты қадірімді асырып, қамқоршы болған ағаларыма ендігі тілек – рухтары асқақтап, Алла иман байлықтарымен жарылқасын деу ғана.

Амангелді ТУҒАНБАЙ,

нарманбеттанушы.

Басқа материалдар

Back to top button