Тұлға

Азамат еді, арлы еді

Қазақ журналистикасында Қарағанды – әрқайсысы бір-бір төбе журналистерімен әйгілі. Бір жылдың төлдері – құрдастар қызмет етті. Олар шығармашылықта да, өмірде де қатар жүрді. Бір-бірінің қуанышына жүректері жарыла қуанды. Әрқайсының қайғысына өз қайғыларындай қабырғасы сөгілген олар «қас үлектен туған кәтепті, қара нар» еді ғой, шіркін! Сол лек – биыл тірі болғанда жетпіске келмек екен. Оның басында Тілеш аға (Тілеуқабыл Байтұрсын) тұр. Одан кейін ол ағаның жан досы Самат көкеміз… бар. Бүгінде ортамызда жүрсе, Тілеш аға жетпістің желкенін кергендей екен…

Сондықтан, «Орталығының» туған күнінде Тілеш ағаның осыдан көп жыл бұрын жарияланған материалын қайта басып отырмыз. Кездейсоқ емес. Онда Тілеш аға досы, бауыры Самат туралы жазыпты. Тіршіліктегі дәм-тұздары таусылмағанда олар қазір мерейтойдың мерейіне шомылар еді. Тілеш ағаның материалы Саматты, Самат туралы материал Тілеш ағаны жоқтайды бұл күні…

РЕДАКЦИЯДАН.

Өмір – өзен. Өзеннің бір тұстағы ағысына екінші рет түсу мүмкін емес деген философиялық тұжырым да бар. Яғни, сынаптай сырғыған уақыт жекелеген пенделердің бастарынан өткен қызық-қуанышты да, реніш-қайғыны да бірте-бірте ұмыттырады. Әрине, аяулы жанның асыл бейнесі ет жақындарының жүрегінде мәңгі сақталары даусыз. Ал басқалар үшін уақыт жылжыған сайын көмескілене түсері де шындық.

Он бесінші қараша күні облыс журналистикасы саласында өзіндік із қалдырған, тірлігінде Гүлшарасына адал жар, балаларына абзал әке, әріптестеріне тамаша жолдас, ағайындарына қамқор бауыр бола білген Самат Төлегенұлы Жүнісовтің фәни дүниеден бақиға аттанғанына он жыл толғалы отыр.

1969 жыл. Қарқаралы ауданындағы Нұркен атындағы №10 орта мектепте аға пионер вожатыйы болып істеймін.

 Аспанда жұлдыздар қаптаған,
Жалғыз мен ұйқыға жатпаған.
Бір сен деп соғады бұлқынып,
Жас жүрек еш тыным таппаған,
деп басталатын лириканы,
Көсем жүрді қыруар істі аралап,
Революция жеңістерін саралап,
Желдей ескен суық хабар ұзамай,
Ел ішіне кетті ілезде тарап-ақ, – деген тұрғыдағы «қызыл өлеңдерді» бұрқырата жазып жүрген албырт шағым. Осыншалық таланты бар «сұмдық ақын» қайда оқуы керек? Әрине, Алматыда. Міндетті түрде журналистика факультетінде. Сол тұста бізге журналистика факультеті ақын-жазушыларды даярлап шығаратын оқу орны сияқты болып көрінетін.

Құжаттарымды жинастырып, Алматыға жүрердің алдында жанашыр ағайындарымның бірі «Екі-үш жылдан бері аудандық газетте жазған-сызғандарың бар. Редакцияға соғып, жолдама ала кет. Конкурстың кезінде көмегі тиеді» дегенді айтты. Ағайымның осы ақылы бойынша Қарқаралы аудандық «Коммунизм таңы» газетінің сол тұстағы редакторы Шәймерден Сатыбалдин ағамызға бардым. Тырнақалды туындыларымның газет бетінде жариялануына қамқорлық жасаған Сапарғали Ләмбеков ағамыз ол кісімен бұрынырақ таныстырған болатын. «Дұрыс, деді Шәкең, менің Алматыға арман қуып бара жатқанымды құптап, – Журналистика – барлық қаракетің қалың жұртшылықтың көз алдында болатын қасиетті мамандық. Сондықтан, екінің бірі бұл мамандыққа тәуекел ете бермейді. Әрине, қабілет-қарым да керек. Ертең біздің ісімізді өздерің жалғастырмағанда, кім жалғастырады?»

Шәкең осылайша ақылын айта отырып, «мына жігіт ауданымыздағы белсенді тілшілердің бірі» деген тұрғыдағы жолдаманы жазып, мөрін басып берді. Мен жолдаманы алып, шығуға жиналғанда:

– Айтпақшы, Алматыға, сол журналистика факультетіне осыдан екіүш күн бұрын өзіңнің замандасың Самат Жүнісов те үлкен үмітпен аттанды. Фрунзе атындағы совхоздың жігіті. Барған соң бір-біріңді тауып аласындар ғой, – деді, сәт сапар тілеп тұрып.

Саматпен екінші емтихан тапсырар алдында жүздесіп, таныстым. Әңгімеміз жарасты. Тез түсіністік. 1969 жылдың тамыз айынан 1994 жылғы қыркүйектің 30 жұлдызына дейін өмірдің ащы-тұщысын бірге көрдік. Студенттік күндерді бірге қызықтадық. Басымызға ренішті жағдай туа қалса, бір-бірімізді жалғыз қалдырмадық. 1972 жылы ақпан айында мен үйленгенде ол маған күйеу жолдас болды. 1974 жылы тамыздың 30 жұлдызында Самат пен Гүлшара отау құрғанда мен тойларын басқардым. Сөйткен асыл азаматтың мәйітін 1994 жылы 16 қарашада Алматыдан алып қайтуды тағдыр маған жазыпты. «Алматыға барып, денсаулығымды бір тексертіп қайтайын. Жігіттерге айт, отпускімді қайтып келген соң жуамын ғой. Үн-түнсіз кетті деп ренжімесін. Амандықпен жүздесейік». Мен Алматыға шығарып салғанда Саматтың айтқан соңғы сөзі осы болды.

Самат марқұммен бес жыл бірге оқыдық. Екі топта елуден астам студент болды. Адам аласы – ішінде. Республикамыздың әр түкпірінен келген алуан мінезді қыз-жігіттер. Самат солардың бәрімен тіл табыса білді. Біреумен ренжіскенін көргенім жоқ. Көпшіл, елгезек, кешірімді еді. Кімге де болсын жақсылық жасауға әзір тұратын.

Студенттік кез. Түрлі басқосуларға сылтау аяқ астынан табылып жатады. Кештің соңына қарай кейбір қызба мінезді жігіттердің жұдырық сілтесіп қалатын сәттері де болатын. Әлгі жігіттерді арашалаушылардың да, ертеңінде бітістірушілердің де арасында Самат жүретін.

Самат денсаулығына байланысты 1979 жылдан бастап ішімдік атаулыны аузына алған жоқ. Бірақ, той-томалақта шаршаңқырап қалған жігіттерді таксимен үйлеріне жеткізіп салу тағы да Саматтың мойнында болатын. Отағасының түннің бір уақытында келгенін қай әйел жақсы кореді. Кейде Гүлшара «Осы уақытқа дейін қайда жүрсің? Оларды үйлеріне апарып салу сенің міндетің бе?» деп ренжісе, «Түнде бірдеңеге ұрынып қалады ғой» дейді екен Самат марқұм. Бесаспап еді. Ашқұрсақ студенттер стипендия алған күндері кезеккезек дүкенге жүгіріп, Саматқа палау басқызатынбыз. Басқосуларда ән де салатын. Ауыр жұмысқа бірінші болып иығын тосатын да Самат еді.

Өзі қалап алған журналистика саласында да өшпес із қалдырды. Қарқаралы, Талды аудандық газеттерінде, осы «Орталық Қазақстанда» еңбек еткен жылдары ел өміріне қатысты талай проблема көтерді. Жекелеген еңбек озаттары жайында ондаған очерк, суреттеме жазды. Талды аудандық «Шұғыла-Восход» газетінде редактор болған тұста іскер ұйымдастырушы, қол астындағыларға қамқорлық жасай білетін білікті басшы ретінде танылды.

Жоғарыдағы елу студенттің көпшілігі ІІ-ІІІ курстарда отау құрып үлгерді. Жігіттер оңашада «V курс аяқталуға жақындады. Ертең тұстастарыңның бәрі тұрмысқа шығып кетеді. Одан кейінгі қыздар «аға» деп сызылады. Сөйтіп өмірден бойдақ болып өтесің ғой» деп қолға алатын Саматты. Ол мұндайда «Әй, жігіттер, бұйырған кетпейді. Алланың маған да бір бұйыртқаны бар шығар» деп құтылатын.

Алланың бұйрығымен Гүлшара екеуі шаңырақ көтерді. Алтындайалтындай төрт бала тәрбиелеп өсірді. Өкініштісі – осы ұрпақтарының қызығын көрер шақта Саматтың бақи дүниеге көшкені. «Орнында бар, оңалар» дейді халқымыз. Бүгінде асыл азаматты еске ала отырып, жасамаған жасын, көрмеген қызығын, жетпеген биігін соңында қалған ұрпақтарына берсін деген тілекті тағы қайталап айтамыз.

Тілеуқабыл БАЙТҰРСЫН.

«Орталық Қазақстан» 13 қараша, 2004 жыл.

Басқа материалдар

Back to top button