Ақпарат саласының ақтаңгері
Рамазан Сағымбекұлы – қазақ журналистикасы тарихының жазылуына, зерттелуіне, дамуына сүбелі үлес қосқан соқталы тұлға. 1974-1982 жылдары «Орталық Қазақстан» газетінің Бас редакторы болып, басылымды жаңа деңгейге көтеріп, «Редакторлардың редакторы» атанған өз ісінің шебері. Оның қаламынан туған зерттеу еңбектер бұқаралық ақпарат саласының мамандарына мол мағлұмат беретінімен құнды. Терең ойлы мақалалары әлі күнге мәнін жойған жоқ. Туғанына 90 жыл толуына орай, журналистің көзін көріп, тәлімін алған экономист Марат Жүкібайдың «Ақпарат саласының ақтаңгері» мақаласын назарыңызға ұсынып отырмыз. Қарқаралыдан шығып қазағына қаламымен қызмет еткен тұлғаның ісі кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болады деп сенеміз.
Редакциядан
Рамазан Сағымбекұлы – 1932 жылы 9 қарашада Қарқаралы ауданы, Қайнарбұлақ селолық округінде туған. Бұл қазіргі Жамбыл селолық округіндегі мекен. Ағасы Армия екеуі ата-анадан жастай жетім қалып, әкесінің апасы Мәрия деген кісінің қолында тәрбиеленген. Ашаршылық, жоқшылық және соғыстан кейінгі тұрмыс ауыртпашылығын бастан өткереді. Алыс қыстақтан жаяулап-жалпылап жүріп мектепке барып, оқудан қол үзбеген. Өмірге құштарлығының арқасында қатарынан қалмай, ат жалын тартып мінді. Қарқаралы педучилищесінен білім алып, ауыл мұғалімі болды. Міндетті әскер қатарында азаматтық борышын адал атқарып елге оралды.
Содан кейін, Рахаң Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне түсіп, оны ойдағыдай бітіріп, сол жылы үйленді. Бұл мағлұматтар Рауза әпкеммен әңгімелескеннен кейінгі ой түйінділерім.
Мен Рахаңмен, 1960 жылдың шілде айында Алматыға жоғары оқу орнына түсуге барғанда таныстым. Рауза апай екеуінің сол мезгілде үйлену тойына қатысып, осыдан кейін ағалы-інідей қарым-қатынаста, тату-тәтті 40 жылға жуық өмір кештік. Рахаң маған «ҚазМУ-дің филология факультетіне құжаттарыңды тапсыр, өзім оқуға түсуіңе қамқорлық жасаймын» деді. Мен Қарқаралыда үш жыл материалдық салада экономист болып қызмет етуіме байланысты сол мамандықты жоғары дәрежеде жалғастыру үшін ҚазМУ-дің экономика факультетіне түскім келетінін айттым.
Рахаң Шығыс Қазақстан «Коммунизм туы» облыстық газетінің Бас редакторы Бейсенғали Тәйкімановтың шақыруымен қызметке орналасып, отбасымен Өскемен қаласына көшті. Онда газет тілшісі, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы қызметтерін атқарды. ЖОО-ның бітіруге тақағанымда олар Алматыға қайтып оралды. Қазақ радиосына Бас редактор болды.
Мен студенттік кезде нағашы апам Әнуар мен Хамит жездемнің үйінде жатып оқыдым да, Рахаңдар келген соң үйленгенге дейін олардың жалдамалы пәтерінде тұрдым.
Рахаңның өмір тәжірибесі мол болғандықтан, әрқашан өкшесін басып келе жатқан жастарға деген қамқорлығы мен ілтипат, назары ерекше болатын. Бірде, «Академияның экономика институтында қызмет етіп жүргенде маған институт басшылары Алматының 7 шағын ауданындағы Жас ғалымдар жатақханасынан бір «бөлме» берді. Бірақ, мен «пәтер» аламын деп кезекте тұрғандықтан жаңағы бөлмеден бас тарттым» – деп Рахаңа айттым. «Оның дұрыс болмаған, «үйдің» қашан дайын болатыны белгісіз, ал сен осылай жүре бересің бе, ертең үйленесің, сонда «пәтер» жалдап тұрасың ба? Тәңертең барып бөлмеңді алғаның дұрыс» деді. Айта кету керек, сол кезде Рахаң жанұясымен «кірпіш заводтарының» жанынан 3 бөлмелі «пәтер» жалдап тұратын. Жатақханаға жатпасаң, автобуспен жүру көп уақыт алады десең, құлып салып қой да, үйде тұра бер, – деді.
Біз Рахилаш екеуіміз отау құрғанда Рахаң Мәскеуде Орталық Комитеттің жанындағы қоғамдық ғылымдар академиясында оқып жүрген болатын. Үйлену тойымызға келе алмайтынын білдіріп, бірден екі телеграмма (түрлі-түсті) жіберіпті. Бірі – әке-шешемізді жастардың үйлену тойымен құттықтап, екіншісі – бізді отбасы құруымызбен құттықтаған. (соңғысы қоса тіркеліп отыр). Бұл жездеміздің алыс жерде жүрсе де, бізге деген зор сүйіспеншілігі, шын ықыласы еді.
Ал, мен 3 бөлмелі пәтерді институт бітірген соң 6 жылдан кейін алдым. Айта кететін жайт, Рахаң осы үйде өзінің кандидаттық диссертациясын қорғағаннан кейін дос-жолдастарының бастарын қосып, той жасады.
Р.Сағымбеков Алматыға көшіп келгеннен кейінгі ғұмырын өмір айнасы – баспасөзге, жаңалық жаршысы – радиоға арнады. Осы саланы зерттей келе университеттің журналистика, радио хабарларын тарату және телевизия кафедрасында жемісті еңбегінен қол үзбей атқарып, ғылыми жұмыспен айналысып, «Қазақ радиосының тарихы» туралы Республика көлемінде тұңғыш ғылыми еңбек жазып шықты.
«Отызында орда бұзған,
Қырқында қамал алар» демекші, ол 1973 жылы 29 маусымда Алматы қаласы, Қазақ ССР Ғылым Академиясы Қоғамдық ғылым бөлімінің тарих ғылымдары ғылыми кеңесі отырысында «Қазақ радиосының құрылуы және дамуы» туралы тақырыпта диссертация қорғап, тарих ғылымдарының кандидаты болды. Диссертацияның тақырыбын Мәскеуде СОКП ОК жанындағы қоғамдық ғылымдар академиясында оқып жүрген кезінде бекіттіріп алған.
Бұл ғылыми еңбектен Қазақ радиосының өткені мен бүгінгі өмірлік фактілерін салыстыру арқылы бұлжымас тұжырым жасағанын әрі қазақ радиожурналистикасы тарихын зерттеуде игі іс атқарғанын көреміз. Ғылыми жетекшісі – тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Александр Воробьев. Бірінші ресми оппоненті тарих ғылымдарының докторы, профессор Сәкен Кенжебаев, екінші ресми оппоненті тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Жауынбай Амантаев. Кандидаттық диссертацияны қорғауға қабылданғандағы жетекші ұйым – Алматы мемлекеттік Шет тілдер институты СОКП кафедрасы.
Рахаң дарынды ғалым-ұстаз, журналист, публицист-жазушы, белгілі қоғам қайраткері, өте еңбекқор арқалы азамат еді. Ол кісі кешкісін жұмыстан келген соң жазу машинкасында еңбек ету үстінде болатын. Бірде маған «сен қазақ тілінде мақала жазып, радио-телидидарда сөйлеп жүрсің, енді жеке ғылыми кітапшалар шығарудан бастау керек» деді.
– Оны жазар едім, бірақ қазақша бастыру қиынға түседі, – дедім.
– Сен сөзді қой, жазып әкел өзім машинкадан басып беремін, – деді.
Сонымен, алғашқы қазақ тілінде жазған ғылыми кітапшамды көлемі 3 баспа табақ жұмысты Рахаң өзі басып, дайындап берді. Бұл «Еңбек өнімділігі» жөніндегі кітапшаны ғылыми жетекшім, академик С.Бәйішев «Қазақстан» баспасының жоспарына енгізіп, 1974 жылы Алматыда шықты. Бұған дейін орыс тілінде 5-6 баспа табақ ғылыми еңбегім жарық көрген.
Рахаң ғылыми жұмысымен қатар, педагогтік қызметін де ойдағыдай жалғастырып, ҚазМУ-дің журналистика факультетінде дәріс беріп, ұлағатты ұстаздық қызмет атқарып жүрген кезінде бірнеше кітабы жарық көрді. Атап айтсақ, «Қазақстан» баспасынан 1979 жылы қаңтарда шыққан 9 баспа табақ «Алматыдан сөйлеп тұрмыз» монографиясы қазақ радиосының кешегісі мен бүгінгісі жайында көп мағлұмат беретін еңбек. Әрі бұл автордың көп жылдар тынбай ізденіп, сарыла істеген еңбегінің жемісі. Кітап журналистика факультетінің студенттері мен радиожурналистерге арналып қазақ тілінде жазылған алғашқы еңбек екендігін ескерсек, оның студенттер мен магистранттардың қолынан тастамайтын оқулыққа айналғандығының сыры ашылады.
Оның көркем әдебиеттегі аудармалары бір төбе. Белгілі ғалым В.Обручевтің «Плутония» романын тәржімалағанын айта кеткен жөн. Өйткені, бұл кітап қазақ тілінде оқитын әрі түсінетін жастар үшін ғылыми-фантастикалық, танымдық тұрғыдан аса бағалы еңбек. Аударма жұмысына сонау Қарқаралы газетінде жұмыс істеп жүрген кезінде-ақ, араласа бастаған Рамазан Сағымбекұлы көзі тірісінде республикаға танымал тәжірибелі тәржімашы деп танылғанын ғалым-жазушылар мойындайды.
1974 жылдың жазында Рамазан Сағымбеков «Орталық Қазақстан» газетінің редакторы болып тағайындалып, редакция ұжымының шығармашылық ізденісіне тың өзгерістер енгізді. Рахаңның ұйымдастырушылық, қайраткерлік қабілетінің молдығы, адамдармен тіл табыса білетіндігі «Орталық Қазақстан» газетін 10 жылға жуық басқарған кезінде ерекше көзге түсті. Соның нәтижесінде, облыстық газет бірнеше рет республикалық конкурстың жеңімпазы атанды. Осы орайда талапшыл, жаңашыл редактор редакция басшылығының төңірегіне ізденгіш публицист-журналистерді топтастыра білді. Көптеген жас журналиске қамқор болды. Мұның ішінде, Алматы жоғары партия мектебінде менен экономика пәнінен дәріс алған журналистика бөлімінің тыңдаушылары Самат Жүнісов, Аман Жанғозин, Тілеуқабыл Байтұрсын, Мейрам Сағымбеков және тағы басқаларының бар екенін айта кеткен жөн.
Рахаңмен арадағы туыстық жақындық әрқашанда творчество- жылдардан бастап, 2006 жылға дейін экономиканың күрделі тақырыптарымен қатар, революционер – жерлесіміз Н.Нұрмақовтың өмірі мен қызметі жөніндегі очеркім де (14.01.1990) осы «Орталық Қазақстан» газеті бетінде жарияланды.
Р.Сағымбековтің 1980 жылдардың аяғында «Қарқаралы» деп аталатын әдеби-көркем, тарихи-публицистикалық журналдың алғашқы редакторы әрі шығарушысы болғаны республика көлемінде белгілі. Журналдың тұңғыш саны 1991 жылғы наурыздан бастап шықты.
Зейнеткерлікке шыққан соң Қарқаралы қаласына жанұясымен көшіп барған болатын. Сырқаттанып жүрсе де, өмірінің соңына дейін, өзі құрған «Қарқаралы» тарихи-өлкетану және мәдени рухани журналын шығарып тұрды. Онда Республикаға белгілі үлкен тұлғалардың бейнесі мен өмір жолдары, халыққа жасаған зор қызметтері анық көрсетілді.
Арқалы азамат, дарынды ғалым, ұлағатты ұстаз, белгілі публицист, қоғам қайраткері Рамазан Сағымбеков жездеміз бар ғұмырын баспасөзге арнаған қарымды қаламгер. Бір сөзбен айтқан «Тұлға» деуге тұрарлық арда азамат. Ол өмірден озғаннан кейін, туған жері Қайнарбұлақ ауылындағы Аппаз орта мектебіне Рамазан Сағымбековтің есімі берілуіне байланысты 2000 жылдың 11 қарашасында салтанатты рәсімге облыс, аудан басшыларымен қатар, Алматыдан келген жазушылар Ғ.Қабышұлы мен У.Қыдырханұлы және осы жолдардың авторы да қатысқан еді.
Апа-жездеміз – отбасына өте жауапты қарайтын жандар. Гүлнар мен Жанар атты екі бала өсірді: Гүлнар әке жолының бір саласын таңдап, тарих мамандығы бойынша медициналық колледжде сабақ береді, ұжымына сыйлы әрі біліктілігі жоғары педагог. Рауза апамыз Рахаңның жоқтығын білдірмей, шаңырағын биікке көтеріп, ұстап отыр. Әрқашан барлық ағайын туыстарына, бауырларына зор адамгершілік танытып, қамқорлық көрсетіп, жақсылық жағдай жасауда.
Биыл қараша айында ерте есейіп, ерте өскен, өз халқына аянбай еңбек еткен аяулы жездеміз тірі болса 90 жасқа толар еді. Дарынды ғалым-ұстаз, журналист, қарымды қаламгер, білікті басшы – Рамазан Сағымбекұлының ерен еңбегі туралы нақты деректерді қағаз бетіне түсіріп, жұртшылыққа жеткізуді парызым деп санадым.
Марат ЖҮКІБАЙ, зейнеткер
АСТАНА