Қарағанды қыста қалтырамайды

Қарағанды тап қазір жылудан жоқшылық көріп тұрған жоқ. Бірақ, алдағы жылдары тапшылық туындауы бек мүмкін. Өйткені, кеншілер астанасындағы үдемелі сипаттағы баспана құрылысында жылу қат болуы ғажап емес. Мұны құзырлы орындар да жоққа шығармайды. Осыған байланысты 3-ші жылу электр орталығынан тұрғын үй құрылысы қаулап бара жатқан Оңтүстік-Шығысқа жылу жеткізу үшін жылу магистралі салынуда. Орталықтан тартылатын жылу трассасының ұзындығы 22 шақырым. Жобаға 22, 7 млрд.теңге бөлінген. Бүгінде аталған қаржыға шақталған жұмыс толық атқарылыпты. Алдағы уақытта тағы қаражат беру жоспарда. Былтыр магистральдің 8, биыл 6 шақырымы төселді. 4 сорғы стансасының 3 стансасы салынып бітті. Қаражат уақытылы бөлінсе, жергілікті билік өкілдері 1 жарым жыл ішінде жобаның сәтті аяқталарына сенімді.

Қарағанды облысына келген сапарында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың да назарынан Қарағанды жылу жүйесі қалыс қалмаған-тын. Президент Қарағандының қарқынды дамуын еске салып, қаланы одан әрі өркендету үшін қосымша жылу көздері керектігін атаған еді. Осы ретте Үкіметке Қарағанды қаласының үшінші жылу желісінің құрылысына қажетті қаражатты шұғыл бөлуді міндеттеген болатын.


Қарағанды қаласының бұрынғы жылу беретін желілерінің шамасы қазіргі құрылысқа төтеп бере алмасы анық. Жаңа магистраль іске қосылғанда одан жететін жылудың қуаты сағатына 523 гигакалорияны құрайды. Су жаңа жылу магистралі шаһардың Оңтүстік-Шығыс бөлігін қыста қалтыратпайды.

– Жоба 2020 жылы басталды. Қазіргі уақытта 3-ЖЭО-ынан 1-ші сорғы стансасына желі тартылды. Желі екі қатар. №1 сорғы стансасының дайындығы – 90 пайыз. №2 сорғы стансасы – 60 пайыз, №3 сорғы стансасы – 90 пайыз әзір. №4 сорғы стансасы салынып жатыр. Бүгінде Республика даңғылынан бастап, Тәттімбет көшесіне дейін желі төселді. Себебі, өздеріңізге мәлім, қаланың бұл бөлігінде құрылыс күшті, – дейді Қарағанды қаласы құрылыс бөлімінің басшысы Мұрат Камалиев.

Магистраль құрылысында бас мердігер – «НС Система» ЖШС-і. Компанияның атқарушы директоры Қанат Ботбаев атқарған жұмыстарына 5 жыл кепілдік берілетінін жеткізді. 20 жылдан бері инженерлік желі саласындағы компания көптеген жобаларға қатысқан. Бұған дейін Оңтүстік-Шығысты жылумен қамтитын М-10 трассасын кеңейтуге, М-3, М-5 жылу желісін реконструкциялауға да осы компания үлес қосыпты.

– Жобаны іске асыруда ешқандай проблема жоқ. Барлығы кестеге және қаржыландыруға сәйкес жүзеге асып келеді. Жұмыстың 70 пайызы аяқталды. Төселген құбырлар – ресейлік және отандық. Жобаның мәреге жетуі қаржыландыруға тікелей байланысты, – дейді Қанат Ботбаев. Жоба бойынша 40 шақырым құбыр төселеді. 4 сорғы стансасымен бірге 3 павильон қарастырылған. Сорғы стансасының негізгі міндеті – қажетті қысым алу үшін су жіберу.

«Қарағанды-Теплотранзит» ЖШС бас инженері Иван Выткиннің мәлімдеуінше, үшінші жылу жеткізу магистралін іске қосу – кезек күттірмейтін мәселе. Бұған себеп – жоғарыда атап өткеніміздей, қарқынды құрылыс.

– Қазіргі уақытта жылумен жабдықтауда проблема жоқ. Алайда жаңа үйлер мен ғимараттардың қолданысқа берілуі алдағы уақытта жылуға тапшылық тудырады. Жаңадан салынып жатқан жылу магистралі соның алдын алады. Сонымен қатар, жылу жүйесінің жеткізілуінде сенімді күшейтеді. Жобада магистральдің қазіргі қолданыстағы М-3, М-5, М-10 магистралімен байланысы қарастырылған. Яғни, желіде қандай да бір қиындықтар туса, бұл құбырларды жылу беруге қоса аламыз, – дейді Иван Выткин.

Қарағанды жылу жүйесінің 70 пайыздан астамы тозған. Сондықтан да, жаңа желілердің бір-бірімен байланысы жылу жүйесінде орын алуы мүмкін қиындықтарды еңсеруге ықпал етпек. Ал, жаңа жылу магистралінің қуаты дәл осындай көлемдегі бір Оңтүстік-Шығысты жылытуға жететінін де атады бас инженер.

Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ