“7 – 20 – 25”: Үйсіздердің үміті ақтала ма?
Баспаналы болуды армандаған ағайынға жағымды жаңалық. Екінші деңгейлі банктер “7 – 20 – 25” бағдарламасы бойынша ипотекалық несие бере бастады. Бұл бағдарлама тұрғын үй нарығындағы шиеленіскен түйінді қалай шешпек? Қоныс тойын асыға күткен ағайынның үміті ақтала ма? Бұл сұрақтардың жауабын ҚР Ұлттық банкінің Қарағанды облыстық филалы өткізген брифингте нақтылап қайттық.
Бағдарламаға кімдер қатыса алады?
Ұлттық банктің Қарағанды облыстық филиалының директоры Ғазиз Шегеновтің айтуынша, жаңа ипотекалық бағдарлама қарапайым халыққа бағытталған. Оған кәмелет жасына толған, тұрақты табыс көзі бар адам қатыса алады. Басты шарт – меншігінде баспана болмауы. Несие тарихы да таза болуы керек. Өйткені, несие беруші екінші деңгейлі банктер клиенттің қарызды қайтаруға қабілетті екеніне сенімді болуы тиіс. Некеде ортақ жылжымайтын мүлкі бар адам жеңілдетілген ипотекаға үміткер бола алмайды. Ал, егер, баспана некеге тұрғанға дейін алынса, атында жеке мүлкі жоқ азамат жеңілдетілген баспана бойынша пәтер алуға өтініш білдіруге құқылы. Мұрагерлік бойынша үлескер болып табылатын тұлғалар да аталмыш бағдарламаға қатыса алады.
Ипотекалық несие алуға ниет білдірген азаматтан табысты растайтын анықтама, жылжымайтын мүлік қарызының жоқтығын дәлелдейтін кредиттік бюроның есебі, меншігінде баспана жоқтығын растайтын анықтама, сатып алынатын үйдің құжаттары, сатып алынатын үйдің құнын анықтайтын тәуелсіз бағалаушының есебі, серіктес банктің талабы бойынша қосымша құжаттар сұралады.
Жасырын комиссия болмайды
“7 – 20 – 25” бағдарламасы алғашқы күннен бастап қызу талқыға салынды. Елді алаңдатқан басты сауал – 7%-дық мөлшерлеме сақтала ма, әлде оған банк комиссиясы қосыла ма? Ұлттық банк өкілдерінің айтуынша, Мемлекет басшысы белгілеген мөлшерлеме түпкілікті және өзгертілмейді. Тұрғындар 20% бастапқы жарнаны төлеп, қосымша ақысыз, комиссиясыз 25 жылға дейін ипотекалық несие рәсімдей алады.
Ұлттық банктің Қарағанды облыстық филиалы директорының орынбасары Бектұрған Бозтериевтің айтуынша, бағдарламаны іске асыру аясында 7 банкпен келісімшартқа қол қойылды. Олар – «Центркредит», «Евразия банкі», «АТФ банк», «RBK», «Халық банк», «Цесна банк» және «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі». Жыл соңына дейін серіктес банктер сапына Сбербанк пен Форте банк қосылады.
Баспана бағасы шарықтап кетпей ме?
«Бағдарламаның қолжетімді болуы баспанаға деген сұраныстың еселеп артуына ықпал етпек. Ал, мұның соңы алыпсатарлықтың көбеюіне де соқтыруы мүмкін. Әрі, бұл бағдарлама пәтер бағасының шарықтауына ықпал ете ме?» деп алаңдайтын азаматтар көп. Сондықтан, әуелгіде аталмыш бағдарлама бойынша, тек, жаңа үйлердегі пәтерлер ғана сатылады. Ал, екінші деңгейлі пәтерлерді сатып алу бағыты кейін қарастырылуы мүмкін.
Айта кету керек, құрылысы толық аяқталмаған және құжаты дайын емес үйлердегі пәтерлер үшін ипотека берілмейді.
Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,
«Орталық Қазақстан»