Туризм мәдениетін қалай қалыптастырамыз?
Туризм кез келген мемлекеттің жарнамасы деп айтуға толық негіз бар. Қазіргі таңда дүниежүзілік мәнге ие болып отырған бұл сала тек көркем табиғатпен ғана шектелмей, тарих пен археологиялық қазбаның, мәдениет пен өркениеттің, ел мен жердің, сәулет пен ескерткіштің тартымдылығымен де ерекшеленіп отырғандығы сөзсіз. Осы тұста еліміздің туристік шаңыраққа айналуы әбден мүмкін деген болжаммен келісуге болады.
Бірақ, ақсап тұрған тұсымыз да жоқ емес. Себебі, әр аймақтың өзіне тән тарихы, археологиялық қазбасы, табиғаты, елі және салт-дәстүрі бар. Дәл осы тәрізді көркем, әсем жеріміздің түкпір-түкпірінде өзіне ғана тән гауһарларын табуға болады. Мәселен, Приозерск қаласы көкше көлге жақын орналасқанымен, көпшілігіміз көл тарихына келгенде тосырқайтынымыз анық. Ал, негізі Балқаш көліне байланысты бірнеше дерекке тоқталып, аңызға айналған жерлерді айтуымызға болады. Өкінішке орай, туристердің көпшілігі әуелі танысып өтетін интернет беттерінде Қазақстанның барлық туристік жерлері туралы біліп, танысуларына мүмкіндік жоқтың қасы. Қызығушылық тудыратындай айтылмаса, жазылмаса, көрсетілмесе шетелдік емес, отандастардың да әсем жерлерге баруы қиын-ақ және еліміздің ішкі туризмі өкінішке орай әзірге мақтанып айтарлықтай дәрежеде емес. Сол себепті, қазіргі таңда көтеріліп жатқан өзекті мәселелердің бірі – туризм болғандықтан, біз дәл осы Қазақстанның ішкі туризмінің бүгінгі жетістігі мен кемшілігін қарастырып, сараптау керек сияқты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев туризмнің дамуына экономиканың маңызды саласы ретінде ерекше көңіл бөлуді тапсырды. Расымен де, Президент атап өткендей, әлем Қазақстанда демалу мүмкіндігі жайлы енді біліп жатыр. Еліміз бағыт ретінде бұрыннан бәріне белгілі, бірақ бұл жерде туризмнің алуан түрі бойынша қандай мүмкіндіктің бар екенін дәлелдеу керек. Бізде динамика жақсы. Орта есеппен 10% деңгейіндегі келушілер туризмі бойынша жыл сайын өсіп келеміз. Соңғы 5-6 жылда ішкі туризмде де оң динамика 1015% деңгейінде. Қазақстандықтар барынша елдегі демалыс орындарын таңдауда. Десек те, баспана жағы барлық жерде бірдей талапқа сай жасақталмаған, өңірлерде даму енді басталды.
Туризм – еліміз үшін дамып жатқан жаңа сала. Мысалы, Қазақстан – алманың, қызғалдақтың отаны, Жібек жолы, жылқы малы алғаш рет қолға үйретілген мекен екендігін дәріптейтін кез жетті. Тарихи жерлерді аңызға айналдыру – басты міндет. Сонымен қатар, Қазақстанның аса танымал жерлеріне жетудің көлік шығынын жеңілдету, визалық алым, қонақ үй тарифін реттеу сияқты мәселенің түйінін шешу қажет. Бір айта кетерлігі, қыс болмайтын елдердің халқы көбірек қызығушылық танытады.
Біріншіден, шетелдік туристермен жұмыс істеу дағдысын қалыптастыру керек. Сата білу, аңыз құрастыру, туристік өнім туралы ақпаратты дұрыс ұсына алу қажет. Көпшілікке айтатын жақсы кеңес – онлайн шығу қажет. Біз өз талдауымызды жасадық, нәтиже бойынша анықтағанымыз, өздерінің турларын сатуға болатын онлайн-алаңы, жыл бойына істейтін жүйелі турлары бар туроператорлар жоқтың қасы. Бәрінде сататын агрегаторды құру талпынысы бар. Өкінішке қарай, туроператорлардың барлығы аталған онлайн-алаңмен жұмыс істей алмайды. Осы жағын бір жүйеге келтірсек, еліміз туризм алаңына айналатыны анық. Сіз не дейсіз?
Жанерке ДӘУЛЕТБАҚҚЫЗЫ,
Приозерск қаласының ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы.