Жаңалықтар

Ахмет Байтұрсынұлы – пассионар тұлға

Биыл – Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл. Ұлт ұстазының мерейтойы тек республикада ғана емес, халықаралық деңгейде, ЮНЕСКО көлемінде атап өтілуде. Бұл жолы Е.Бөкетов атындағы ҚарУ-да «Ахмет Байтұрсынұлы және лингвистикалық түркітану» атты республикалық дөңгелек үстел өтті.

Ахмет Байтұрсынұлы – пассионар тұлға

Аталған шараға республикаға белгілі ғалымдар, лингвистер, әдебиеттанушылар және Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқарма өкілдері, сондай-ақ университеттің филология және тарих факультеттерінің профессорлық-оқытушылар құрамы мен студенттері, өңірдегі А.Байтұрсынұлы атындағы мектептің ұстаздары онлайн және оффлайн режимде қатысты.

Дөңгелек үстелге қатысушылар А.Байтұрсынұлына қатысты тың деректерді, бүгінге дейін құндылығын жоймаған мұраларын таныстырды. Сонымен қоса, Қостанай облысы, Ә.Жангелдин ауданы, Торғай кентіндегі «Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатовтың әдеби мұражайына» онлайн режимде экскурсия жасалды. Алаш ардақтыларына арналған мұражайда қос тұлғаның өмір жолы, білім алған кезеңдері, еңбек жолы, шығармашылығына қатысты мәліметтер мен олардың тұтынған заттарын, түпнұсқа күйінде сақталған кітаптарын көрсетті.

Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының директоры, ф.ғ.к. Ербол Тілешов «Ахмет Байтұрсынұлының әдіснамалық сабақтары» тақырыбында баяндама оқыды. Сондай-ақ, Ербол Ердембекұлы университеттің кітапхана қорына Ахмет Байтұрсынұлының төрт тілде тәржімаланған «Ахмет Байтұрсынұлы. Таңдамалы шығармалары» жинағын сыйға тартты.

Ал, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ қоғамдық пәндер кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Досалы Салқынбек А.Байтұрсынұлының өмірі мен қызметі туралы мұрағат мәліметтерін жеткізді. Л.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Сағымбай Жұмағұлов ұлт ұстазы айтқан нақыл сөздерді талдап, түсіндірді. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Анар Фазылжанова:

Биыл – қазақ тіл танушылары үшін ең бір жемісті жыл болып отыр. Ұлтымыздың маңдайына біткен ұлы тұлға Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы халықаралық деңгейде тойлануда. Ең алдымен Түркияда басталды. Қазан айының басында Францияда орналасқан ЮНЕСКО-ның штаб пәтерінде ұлт ұстазының мерейтойы аталып өтті. Адамзаттың ғылымын, әдебиетін, мәдениетін дамытқан тұлғалар ЮНЕСКО деңгейінде қорғалады. Ахаңның мерейтойы биылмен тоқталмауы керек. Әрқашан мұрасына зер салсақ, өз қажетімізді сол кісінің мұрасынан таба алатынымызға сенімім мол. Қай ұрпақ болса да, Ахаң мұраларынан өзіне қажетті азық ала алады,деді.

Сондай-ақ, тілші ғалым Ахмет Байтұрсынұлына «Ұлт ұстазы» деген атауды халықтың берген бағасы екенін айта келіп, оның ғылымдағы тұлғасын «пассионар тұлға» деп атауды ұсынды. «Бұл сөздің авторы Лев Гумилев. Оның теориясы бойынша, басқа ұлттармен салыстырғанда кейбір этностардың ұзағырақ өмір сүруі сол этностарда пассионарилердің көп болуымен байланысты. Олардың дүниеге келуіне биосферадағы күнмен байланысты құбылыстар себепші болады екен. Пассионарилер дүниеге келген заманның емес, өзінен кейін келетін заманының проблемаларын болжай алады, сол заманда еңбек етіп жүріп, болашақтың мұқтажын өтейді. Өзінің миссиясы үшін жақындарының басын бәйгеге тігеді. Осындай тұлғаларды пассионар тұлға дейді. Менің зерттеуімше, бұл ғылыми термин – Ахмет Байтұрсынұлына берілген лайықты атау», – деді Анар Мұратқызы.

Өз кезегінде Е.Бөкетов атындағы ҚарУ-дың археология, этнология және Отан тарихы кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Ләззат Шотбақова «Қазақстан Республикасының Орталық архивіндегі Ахмет Байтұрсынұлына қатысты деректер» тақырыбында баяндама жасап, жас ұрпаққа Ұлт ұстазының жаңа бір қырын танытты. «Ахмет Байтұрсынұлы – құқықтанушы. Бұл қасиеті оның «Тағы да народный сот хақында», «Қазақ һәм төртінші дума», «Қазақ жерін алу турасындағы жаңа низам», «Земство», «Жер жалдау жайынан», «Көшпелі һәм отырықшы норма» мақалаларынан анық байқалады», – дейді ғалым.

Бір ғасыр бұрын жазылған А.Байтұрсынұлының қазақ өмірінің әлеуметтік-саяси деңгейінен туындаған «Тағы да народный сот хақында» мақаласы күні бүгінге дейін өзектілігін жоймады. Бұл – бүгінгі сайлау қарсаңында өте өзекті тақырып. Қазақтардың сайлауға деген көзқарасын егжей-тегжейлі баяндайды. Сайлаудың маңыздылығы мен қажеттілігін түсінбейтініне өкініш білдіреді. А.Байтұрсынұлы: «Сайлау өзіне берген ықтияр, жұртқа жағымды пайдалы болар, зарар емес деген адамдарды өздер сайласын. Хүкімет қазаққа сайлау берді. Сайлау көп үшін берілген нәрсе. Көп пайдасын көздеп сайласа, яғни мынау халыққа тыныш, пайдалы, зарарсыз адам, анау бұзық, зарарлы, қиянатшыл адам деп тексеріп, таңдап сайланса, сайлау өз мағынасында болғаны» деп жазған. Бұл бүгін де өзекті мәселе. Біз қазір сайлаудың алдында тұрмыз. ХХ ғасырдың басында А.Байтұрсынұлы қазақтарға пассивті болмау қажет екенін, сайлауға белсене қатысып, өз құқықтарын қорғау керектігін түсіндірген, – деді Ләззат Шотбақова.

Дөңгелек үстел соңында ҚарУ-дың қазақ тіл білімі кафедрасының профессоры Шапағат Жалмаханов «Татар тілі грамматикалық теориясының зерттелуі» тақырыбында баяндама жасап, қатысушыларды мол мағлұматпен хабардар етті.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Back to top button