Руханият

Жақсының жағасынан алмап едім (Зақаңа жауап)

Қазіргі таңда Петропавл қаласында тұратын белгілі публицист, ғалым Зарқын Тайшыбайдың газетіміздің өткен сенбі күнгі (№115, 15.10.2022.) санында «Біз бар емеспіз бе?» атты хаты жарияланған болатын. Оған жауап та көп күттірген жоқ. Жауап беруші – Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Серік Ақсұңқарұлы.

Жалпы, хат та – публицистиканың бір жанры. Өкініштісі сол, кейінгі кезде ол сирексіп кетті. Ал, бұл хаттардың жауаптасуындағы ең басты құндылық – хат авторларының рухани сергектігі мен жоғары мәдениеті.

Айта кеткен жөн болар, алдағы уақытта да зиялы қауым өкілдерінен хат күтеміз. Кезіндегі Ұлт көсемсөзінің көшбасшылары Шерхан Мұртаза мен Камал Смайыловтың («Егемен Қазақстанда» жарияланған) хаттарындай қоғамның сан-қилы мәселесін қаузаған жазбалар болса, біз оларды кідіріссіз жариялауға дайынбыз.

Редакциядан

«Біз бар емеспіз бе?» деген хатыңызды оқып, мен де бір түрлі ыңғайсыз күй кешіп отырмын – аруақтан аттап кеткендей? «Оңайгүл Тұржанова жалған ақпарат беріп» (өз сөзіңіз), «ар ұялар іс қылғандай» (Абай) боп қалдым…
Шын мәнінде «Қара шал, тізгін тартып, бөгел бері…» деген эсседе Сіздің шамыңызға шоқ түсердей түк те жоқ еді. Сол кездегі газет редакторлары Рамазан Сағымбеков, Тілеухан Жүсіпов те, өзіңіз айтпақшы, парасатты, ішкі мәдениеті келіскен, өз ісінің білгірі дейтіндей мықты азаматтар еді. Ал, Сіздің орныңыз маған мүлде бөлек, мықты журналист едіңіз. Газетшілердің көпшілігінің поэзияны түсіну деңгейі нашар, таяздау болады. Сіздің қазақтың қара өлеңіне деген іңкәр сезіміңіз елден ерек еді. Менің шығармашылығыма деген қызығушылығыңыз бен ілтифат-құрметіңізді мен баяғыда-ақ аңғарғам. Тіпті, Сізге арнап, Пушкиннің әуенімен «Бір қазақ» деген өлең де жазғам:

«Ел надан болса, ер – қараң,

Отқа айдар ұлды боққа айдап өткен кер заман;

Еврейден туса – Ицхак Рабин,

Орыстан туса – Чаадаев, олар – боздақ-ты,

Қазақтан туып, қамықты-ау, қайран, шерлі ағам!» (1993 ж.) деген өлең де жазғам! Есіңізде жоқ па?

Бірақ, Жәкең де, мен де сол кезде-ақ «Қара тізімде» болғанбыз. Мен «ХХ ғасырдың 20 сәті» деген поэмамды «СҚ»- ға («Социалистік Қазақстан» газеті, бүгінгі «Егемен Қазақстан»), Ақселеу (Сейдімбек) ағама 1978 жылы беріп, 1984 жылы жалғанның жарығына әзер шығарғам! Сол кездегі қазақ әдебиетінің атақты бір классигінің «Бұл шығармадан Мағжанның антисоветтік желі еседі. Мұнан 3-4 өлеңді ғана таңдап беруге болады» деген «СҚ»-ға жазған хаты бар. Ахаң «Сен мұны жоғалтып аласың», – деп, маған бермей қойған. Сол хат Ахаңның архивінде жатуы керек?

Нұрағам (Нұрмахан Оразбек) «Орталыққа» бас редактор боп Желтоқсан көтерілісінен кейін келген. Ол кезде заман басқаша боп өзгере бастаған. Қайта құру деген науқан қанатын қағып, 60-жылдардағы Хрущевтің жылымығындай бір кезеңге келіп, маңдай тіреген тұс. Облыстық партия комитетіне хатшы болып Алматыдан «ауып», сол кезеңдегі мықты идеолог Қуаныш Сұлтанов келген. Сіз айтқан редакторлар (Сіз де) қанша жерден мықты болса да, Жайық Бектұровтың «Ақын мен арамзасын» (Шәкәрім мен Қарасартов туралы) шығара алмайтын еді! Мағжанның «Батыр Баянын» жариялай алмас еді! Оны Жәкеңнің архивінен алып, жалғанның жарығына осы «Орталық Қазақстан» шығарды! Бұл – тарихи факт!

Сіздердің кездеріңізде цензура болды, «лито» деген бір пәле болды, ұмытып қалғансыз ба? Жәкең екеуіміздің шықпағанымызға редакторлар да, Сіз де кінәлі емессіз, қатып-семіп қалған, әкені – баладан, ағаны – бауырдан айырған советтік жүйе кінәлі! Сіз менің газеттегі эссемді оқымағансыз (оқысаңыз бұлайша шымырқанбас едіңіз, оқысаңыз да астарына ой жүгіртпей, көз жүгіртіп өте шықтыңыз ба?) немесе осындағы біреулер «Ақсұңқарұлы сізді жамандап жатыр!» – деп айдап салған сыңайлы. Осыншама таусылып, хат жазғанша, маған телефон шала салсаңыз да, мән-жайды өзім-ақ түсіндіріп берер едім ғой, ағасы…

Сіздің хатыңызда «жала жапқан…» деген жаман сөз бар екен. Нұрмахан Оразбеков келгенде «Орталықта» Сіз жоқсыз. «Өтірікшінің куәсі – қасында» деуші ме еді, мынау – сол кісінің өзінің жазғаны, менікі емес:

«Жайық ағамызбен танысудың жай-жапсары былай. 1988 жылдың қазан айында КазТаг-тағы директордың орынбасарлығын зорлықпен тастап, «Орталық Қазақстанның» бас редакторлығына тағайындалдым. Онда да Алматының өзінен емес, Сарыағашта емделіп жатқан жерімнен Ташкент арқылы тікелей Қарағандыға ұшып келдім. Келген соң, әрине, жұмыс істеу керек. Редакцияның папкаларында нендей материалдардың жатқанын сұрастырдым жігіттерден. Пәлендей ештеңе жоқ екен, тек Жайық Бектұровтың біраз материалдары, Евней Букетов туралы біраз естелік, Серік Ақсұңқарұлының өлеңдері.

Алдымен С.Сексенұлының 1986 жылы Алматыда Желтоқсан оқиғасына қатысып, сотталған, Қарағанды абақтысында жатқан жігіттер туралы мақаласы 31 қазан күнгі санға кетті. Мұны неге біздің келісімімсіз жариялайсыз дегендей біраз сөз естідік, КГБ жігіттерінен. Бірақ, заман өзгеріп келе жатқан тұс қой, әріге соза қойған жоқ.

Е.Бөкетов туралы естеліктерді дайындауды, Серіктің өлеңдерін тартпада сарғайтпай, тікелей өзіме жеткізіп тұруды тапсырдым да, Жақаңның материалдарын өзім уақытша қоныстанған «Космонавт» мейманханасына ала кеттім. Таныссам, баяғыда-ақ айтылуға, іле-шала жариялануға тиіс жәйіт – жазықсыз жазаланған ата, ағалар күйініші. Сөз сайрап тұр, пікір көсіліп жатыр, деректер ұшан-теңіз, тек композициясында аздап селкеулік бар. Сөз саптасына қол тигізбей, құрылымын аздап қана жөндеп шықтым. Көп ұзамай жариялана бастады…» («Жайық жайында аз лебіз», «Енеден ерте айырылған төл секілді», Алматы, «Қазақстан» баспа үйі, 2002 ж. 3-4-бет).

«Сол жылдың күзінде Алматыға ауысатын болдым. Әріптес інілер шығарып салды. «Не тапсырмаңыз бар?» – деді. «Қарттардан – Жақаңды, жастардан – Серікті ренжітпеңдер!» – дедім» («Енеден ерте айырылған төл секілді», 7-бет).

Сөз реті келгенде айтудың жөні кеп тұр, менің әкем Ақсұңқар Сүлейменов 1928 жылдан коммунист, 1937-1938 жылдары Қарқаралы аупарткомының хатшысы (қолында «халық жауы» деген 110 адамның тізімі болған, соның бірде-біреуін ұстап бермеген!), «Ұзынбұлақ» колхозының бастығы, Ақтоғайдың Сталин колхозында парторг болған. Мен Қарқаралыға 1978 жылы сол кісінің аруағынан пана іздеп көшіп келгем, әйтпесе, Ақтоғайдан мені ешкім қуған жоқ! Ақсұңқардың көзін ашып көрген ұлы мен едім, содан ба екен, бетімнен қақпай, еркелетіп жіберді; көп ақыл айтқан, бір сөзі ғана ұмтылмастай есте қалған. Жетпістен асқанша сол сөзіне адал болдым: «Ұлым, – деп еді жарық дүниеден қайтарында. – Сен кедейді бай қылам деп ойлаушы болма, ол сен түгілі, азуын Айға білеген совет өкіметінің қолынан келмеді! Сен жаман-жәутікті жақсы қылам деп ойлама, ол да совет өкіметінің қолынан келмеді! Тек, өмір бақи жақсының жағасынан алмасаң болды!»

Менің өмірлік ұстанымым осы сөз болды, Зақа! Сол мен алдын кесіп өтпеген жақсылардың ішінде Сіз де бар едіңіз ғой?! Қиыр жайлап кеткеніңізге де аз болған жоқ, Қарағандыға қайтпайсыз ба? Сағынып, жамырасып, жарасып көріскенше аман болғайсыз!

Сәлеммен, бауырыңыз Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ

11.10. 2022 жыл

ҚАРАҒАНДЫ

Басқа материалдар

Back to top button